• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
26 Тамыз, 11:03:13
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

21 Ақпан, 2018 Әдебиет

Әділет Ахметұлы. Ауылға бардым...

Жабағы шашты, жалқаулық басқан, О, құрбыларым, сендерді көрдім.

Әділет Ахметұлы 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.

2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап,  Шинжяңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы атажұртқа оралған.

Бала кезінен әдебиетке аса бір әуеспен келген Әділеттің  «Қарғалдақ махаббат» атты өлеңі 2008 жылы Шинжяңдағы «Құмыл алқабы» журналынан жарық көргеннен бері, «Шинжяң газеті», «Алтай газеті», «Іле жастары», «Шұғыла», «Мұра» сынды ел  іші-сыртындағы түрлі басылымдарда 80-ге жуық өлеңі,мақалалары және аудармалары жарияланған. Арғы бетте жүрген студент кезінде еліміздегі «Сыр дидәрі», «Қала мен дала» газеттерінде жас ақынның өлеңдеріне орын берлілген. «Сан ғасырлық сағыныш», «Күрең бел» қатарлы жинақтарда және «Таңшолпан» журналында өлеңдері жарық көрген. «Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасы Астананың 15 жылдығына орай «Қазконтент» акционерлiк қоғамы ұйымдастырған жыр мүшайрасының 2 дәрежелі жүлдесін, “Қаз –айтыс” сайты ұйыстырған “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” жобаысының ай жеңімпазы жүлдесін, 2016 жылы қазанда “Алматы — тәуелсіздіктің алтын бесігі” атты халықаралық жыр мұшәйрасының бас жүлдесін еншілеген.

Әділет АХМЕТҰЛЫ қазір А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында қызметкер.

 

Ауылға бардым

 

Тамызда. 

Туған жерімді көрдім,

Пыйғылы өзгерген елімді көрдім. 

Бұлақ боп қалған өзендер менен

Көлшікке айналған көлімді көрдім. 

 

Еңсесі түскен ерлерді көрдім,

Бетегесі жоқ белдерді көрдім. 

Жабағы шашты, жалқаулық басқан,

О, құрбыларым, сендерді көрдім. 

 

Күрең қабақтау көршімді көрдім, 

Өсек лаулаған өртіңді көрдім. 

Алыстан аңсап барған шағымда,

Көңіл ауыртар көркіңді көрдім. 

 

Қураған терек, талдарды көрдім, 

Иманы орта шалдарды көрдім. 

Сайтан көліктер қиранды болған, 

Қан қатқан қара жолдарды көрдім. 

 

Құстары сирек орманды көрдім, 

Құрсауда қалған мал-жанды көрдім. 

Қасапханаға үдіре қарап,

Байлаулы тұрған жорғамды көрдім. 

 

Қанаты сынық кептерді көрдім, 

Тізеге жетпес өткелді көрдім. 

Автоколіктер айқасып жатқан,

Ақ шаңдақ болған бөктерді көрдім. 

 

Бір ғана емес, мың сырды көрдім,

Қарызға батқан жұртымды көрдім. 

Айдаладағы алаяқтарға,

Жайлауын сатқан ұлтымды көрдім. 

Мен сонда рас бір түрлі болдым. 

 

«Қазақтар сонша еріншектер» деп,

 «Пейілі дарқан көңілшектер» деп. 

Алаштан қалған алтын алқаптар,

Толыпты өзге келімсектерге. 

 

Туысым жалғыз атанын сатқан,

Астындағы атын, шапанын сатқан. 

Күзеуліктегі күрең белдерге,

Заводтар кепті зәһарын шашқан. 

 

Зәһары сосын даланы басып,

Байтақ адырлар барады жасып. 

Қара қошқылдап арсалаңдайды,

Аждаһа тектес аранын ашып. 

 

Айбары қайтқан асқарды көрдім,

Тасымал болған тастарды көрдім. 

Сұңқар мен қыран қақалып өлген,

Түтінге толы аспанды көрдім. 

 

Құмаршыл, тойшыл достарды көрдім. 

Жалыны сөнген оттарды көрдім. 

Ақсақал көрсе беті қызармай,

Сәлем бермейтін жастарды көрдім. 

 

Таң атса шырқар құстары да жоқ. 

Ұл менен қыз жүр, ұстамы да жоқ. 

Аңдар мекені ــ ақдала анау,

 Қарсақ пен қоян. . . тышқаны да жоқ. 

 

Бұлақтар қалған қайнары құрғап,

Жағасын жаттың дайрағы бұлғап. 

«Ер ғана түсер»  ертісте күй жоқ,

Кеткендей біреу айбарын ұрлап. 

 

Үн шығар емес үліңгірден де,

 Арнасы құрғар күнін білген бе?!

Бетімді жуар су таба алмай,

Күрсіндім, жылап, түңілдім мен де. . . 

 

Қаһарлы қыс та сырғыды еппен,

Құм бөрәнменен жылжыды көктем. 

Теңгені аңсап, телмірген бойда,

Көбейді халық ындыны кеткен. 

 

Мені шақырған тойларға бардым,

Ішімдік, жемек, шайларға қандым. 

Ақ тілек емес, ақша мен атақ

Екенін көріп ойларға қалдым. 

 

Ақ неке тойы ــ алтыны қандай?

Айқай-шу болған алты күн болмай. 

Арызын айтып сотқа жетет те,

Ажырап жатыр жарты жыл болмай. 

 

Көйлек, жаулықсыз, еріншек мінез,

Айырмай қыз бен келіншекті көз. 

Ата-ененің бетінен алып,

 Жеңгейлерім жүр жеңілтек мінез. 

 

Тапқанмен бағып тамақты ғана,

Көшеге көз сап қарап тұр аға. 

Атадан қалған мыңқырған малдан,

Бүгінгі тұяқ шанақты ғана. 

 

Мейлі көп, мейлі аз ақша жиды. 

Жақсылық жайын жолатса игі. 

Қазақша білмес қазақ сәбиді

Көргенде жаным азапқа күйді. 

 

Кемсеңдеп алдым кезген өйменен,

Таңдандым сенбей сөзге кейде мен. 

Келеді ұрпақ өзге тілменен,

Өзге өйменен, өзге бейнемен. . . 

 

Көзімнің алды күнде бұлт, мұнар. 

Мұндайын көрсем мұң қонып тұрар. 

Қазақша мінез жұқпаған бала,

Япыр-ай, ертең кім болып шығар. 

«Қарағай басын шортан шалар»  деп,

Асан айтқан сөз шын болып шығар. 

 

«Шортан шалды рас, қарағай басын» ,

Шақшадай болды шарадай басың. 

Тақияң басқа тар келмес еді,

Асырды заман арам айласын. 

 

Жаспен жуылған жүзімді сүртіп, 

Онсақтап ойым, бұзылды шырқым.

Аштылау айттым, өкпелейсің-ау,

Осылай екен бүгінгі сұрқың!  

  ***

Ей, менің құтты, дарқан ауылым,

Сағынып жеттім ортаңа бүгін. 

Жүгіңді арқалар бір ұлың едім,

Көтермей жатып арқам ауырды. 

 

Өзгелер басса өрсіңді бай,

Атты ма  «Дала бөрісін»  құдай?!

Аз ғана жылда кетеуің кетті,

Айтшы сен дала, не үшін бұлай?

              2012 жыл 18 тамыз

Ата жұрт

 

Әке, мен аттанайын, рұхсат бер,

Арғы бет ауасынан тыныстап көр. 

Ардақты ауылдағы ақсақалдар,

Батаңды бер. 

Ал, аға жүрісті ат бер. 

 

Ол жақтың да тау, адыр, кезеңі бар,

Шөл дала өзек жалғар өзені бар. 

Кең аспанға тамсанып ондағы жұрт,

Асқақ өмір кешуде _ өз елі бар. 

 

Жатыр онда жалпақ жол сыршыл далам,

Орманы ойран, қыраты қырқылмаған. 

Бұлақ құрып, өзендер бөгелмеген,

Жер-кілем жалбыр-жұлбыр жыртылмаған. 

 

Ет-бауыр бұзылмаған үлгісіндей, 

Мың қала көркеймеген біздікіндей. 

Еркегі езілмеген біздікіндей,

Еңсесі еңкеймеген біздікіндей. 

 

Қызы гүл, ал ұлдары отты келед,

Мекенсіз мұң жүзінде жоқ бір ерек. 

«Менің елім, жерім!» деп ән шырқайды,

Томпаңдаған сәби де өткір, өжет. 

 

Себебі, оларда жоқ құлдық сана,  

Жетеді барлығына бұл құт дала. 

Татқаны тәтті ғұмыр тірлік қана,   

Мақтаны бал береке-бірлік қана. 

 

Арылған рухани кедейліктен,

Алладан Нұр, адамнан мерей күткен. 

Әке, сенің немерең сонда туса,

Аулақ болып өсер-ау, өгейліктен. 

 

Тәуекел, жүрмін саған мен кеткелі, 

Егемен егей бесік, тербет мені. 

«Отансыз ұл _ ормансыз бұлбұл»  екен,

Атажұрт _ ең асылсың жер-көктегі! 

 

Алтай, алтай, алтай. . . 

 (поэмма)

 

Алтай, алтай, айтпайын тарихыңды,

Онсыз да есі бар жұрт танитын-ды. 

Неше мың жыл жайлаған мекенім бұл,

Адамзат алғаш қонған нән үй сынды. 

Қойныңнан тас құралды қолына алып,

Ең алғаш адам деген сәби тұрды. 

 

Қарт Алтай,

Қабағыңнан байқаттың қатал ажар,

Бүкіл пенде ержеткен босаға бар. 

Оған куә жартастың шимай жүзі. 

Оған куә, мың балбал, тас обалар. . . 

 

Содан бері өтті екен қанша ғасыр,

Сай-салаңда көмілді қаншама асыл?

Бөрі етектен алғанда Болынды ме,

Жау жағадан алғанда жанталасып. . . 

 

Қанша ғасыр?

Мен оны қайдан білем?

Қарт Алтай, бауырың сенің майдан кілең. 

Жасыл манат, жаннат жер сыйға тартып,

Жаратқан жер бетіне жайған кілем. 

 

Мен ـ ақын, жатқа білем тек бергісін,

Текті жұрт тепершікті көп көрді шын. 

Төріңнен тұлпарлардың дүбірі өшіп,  

Төбеңе қайта қонды кептер құсың. 

 

Алтайым, айбатымсың, құтты асылым, 

Жұтаң ел жұмыр жердің жұтты асылын. 

Отыз түмен қазағым отын жағып,

Тек беріде-ақ өтіпті-ау, үш ғасырым. 

 

Өшпейтін шаң қалдырды сол үш ғасыр. 

Арыс батыр қызыл қан төгісті ақыр. 

Соғысты ақыр, сойқансыз тоғысты ақыл, 

Төсіңде сол айғай із тегіс жатыр. 

 

Өткіздің-ау, сансыз жаз, неше күзді, 

Ешкімге де кетірмей есемізді. 

Оқ аттаған үш ғасыр асқарыңнан,

Жолатпаған үш ғасыр бөтен ізді. 

 

Беу, менің қайсар өлкем, құтты аймағым,

Қарт қыран қалғып қалдың ұшпай нағып. 

Жұмыр жер жұқардың ба, жұтқа айналып,

Алтыным, азандадың мысқа айналып. 

* * *

Жон- жота кидің бүгін қоңыр бөрік,

Төсіңде өтті-ау, сенің небір жорық. 

Көкіректен көп шаншу қадалады,  

Көзсіздіктің шимайын көзім көріп. 

Зулайды астымызда темір көлік. 

 

Маған қымбат қап-қара тасыңдағы,

Аласұрды онсыз да ақын жаны. 

Жолаушының біреуі қасымдағы: 

«Иен дала үн-түнсіз жатыр нағып?! »

Деп жолдан жалыққанын жасырмады. 

 

«Е, құрбым, деме мұны иен дала,   

Мен үшін алтын Алтай киең дара. 

Жаратқанды, ата-анам, туған жерді

Жане сені көзімдей сүйем дала. 

Жолаушым, саған керек нән қала ма? 

Нә қала паң далаға сүйел ғана. 

 

Деме сен, мынау қандай тақыр дала,

Бұл дала ــ ақын дала, батыр дала. 

Ерліктің жыры қалған әр адырда,  

Ендеше, мені тыңдап отыр бала. 

 

Тарихына тасы айғақ, Тәңір айғақ, 

Анау бел бабаң шыққан А, Құдайлап. 

Бұл жазық батыр шапқан Абылайлап!

Жүйрігі жүзден озып, салып ойнақ. 

 

Анау сай қонған мекен ауыл-аймақ,

Жау әкеткен ұлыстың малын айдап. 

Ана кезең дұшпанның күні батып,

‹жау өлген› атаныпты жауы Жайрап. 

 

Ана тау, тұрған қардан салы байлап,

Түлкі алған аңшы бабаң тазы қайрап. 

Бұл жазықта батырлар басы қалған,

Өктемдікке кектеніп, қаны қайнап. 

 

Мынау дөңде төрт түлік өрістеді,

Бөлінбеген еншісін тең ішті елі. 

Боздайды сексеуілі, теріскені,

Ауған ел ـ анам айтқан көріс пе еді?

  

Секемшіл, сері дала сенбей қарап, 

Тар заман жерді тастап, елді айдаған. 

‹қаранардың бұйдасын жау кескенде,

Ағажай, Алтайымдай жер қайдалап› . . . 

Көшіпті тегеурінге көнбей қазақ. 

Жат елден мейір күтпей күрескен жұрт,

Ақ таңын азат күннің көрді аймалап. 

 

Бұл жерді тақыр дала деме қарғам,

Кесірлерге жолыққан кенен арман. 

Арғы атаң атағашын мұнда орнатып,

Өз әкең бұл даладан өнеге алған. . . »

 

Деген едім, жолдасым, армандасым, 

Байқады алғандығын аңғал басып. 

Қан төгілген қарт мекен төскейінде, 

Ұялған боп изеді арзан басын. 

* * * 

Айтайын, ал бүгінгі Алтайымды,

Ашкөз темір тінтіп жүр сай-сайыңды. 

Кеудесіне таулардың сызат түскен,

Әжіміңнен тіксіндім ай сайынғы. 

 

Жазбақ едім мұңыңды дастан қылып,

Алмақ болды жат біреу аттан жұлып. 

Алтын-күміс, ақ жақұт, тастар құрып,  

Ақ түтінді моржалар аспанға ұлып. . . 

 

Ар-намыстан алтынды артық көрді ел,  

Шыңдарыңда түнеп жүр шартық-кемдер. 

Байғұз жырын пайымдап оқып берді,

Айғыз-айғыз із қалған барқыт белдер. 

 

Айбар қайда, әй, Алтай, шіркін-шіркін!

Текті жұрттан іс көрдім қылтың-сылтың. 

Тұншыққан суретіңді сызбайыншы,

Бұл жүрегім онсыз да тілкім-тілкім. 

* * * 

Есіңді жи, жеңілтек, жетесіздер,

«Текесіз де туылмас некесіздер» . 

Ей, халқым, сені мінеп отырғам жоқ,

Мың қарын май шірісе не етесіздер?

 

Тауы _ алтын, тасы да _ алтын. 

Тасымақшы. 

Ертеңгісін ойламас ақымақ бұл. 

Ұрлығыңды иеннен ешкім білмес,  

Аспанның аржағында бақылап тұр. 

 

Ыс-түтек сіңіп ұшқан ар құсына,  

Жасағанның жазасы, жарғысы ма?

Елдің де ерлік ізі солғындады,

Қалғандай нар табиғат қарғысна. 

 

Жарты тұғыр қалыпты түйе тастан,

Жауһар шың бауырына күйе шапқан. 

Судың да сұрауы бар емес пе еді,

Иесі бар алтынның киесі атқан. 

 

Қымбатына құт жердің қармай дәл, 

Шаршатыпты қарт тауды шалағайлар. 

Арықтап арса-арса қарағайлар,

Көзін қысып қарайды ажал_ айбар. 

 

Темір қолдар тінтіп жүр тіміскілеп,

Ақ қайыңдар құлады күміс білек. 

Уыт зәрін төгіпті бал бұлаққа,

Құлағынан құрақтың у ішкізед. 

 

Даналарым қайдасың құрыш жүрек,

Бабаларым қайдасың құрыш жүрек. 

Аңсаумен келгенімде құшағыңа, 

Сүймеді маңдайымнан тынысты леп. . . 

****  

Қош-есен бол, алтын тау ақ шапанды,

Қош-есен бол, нар терек ақ сақалды. 

Қош, есен бол, арда тау бөбегіңнен

Аямайсың білемін ақ батаңды. 

 

Мен келгенше есен тұр, ырысты өлке,

Әлі-ақ қайта киерсің күміс көрпе. 

Ақ бұлақтан сусындар сат те туар,

Жасаған жалпақ жұртқа тыныс берсе. 

 

Араны ашық пенденің аш құлқыны, 

Бұлағыңнан мөлдір жас ақты іркіліп. 

Ей, ақ бұлақ, сен менің тірлігімсің, 

Айбатыңнан жасымай ақ бұлқынып. 

Асау Ертіс, даламның жанарысың,  

Самырсын, қарағайлар- қас кірпігің. 

Қайсар Алтай, еңсеңді қайта көтер,

Жазылар қыр арқаңның дақ-тыртығы. 

**** 

Мен қайттым. 

Жол бойында келем налып,   

Сырымды тауға тастап, денемді алып. 

Асқақ тау бөктерінде жылындым мен,

Ақпанның аязында өлең жағып. 

 

Тау аппақ, жолдар аппақ, дала да аппақ,

Бөктер тау бөкен мінез, жамалы асқақ. 

Қонышынан етігімнің қар құйылып,

Қырқада қиял қуып барам аттап. 

 

Ақ ниетпен келдің бе ақпан, ақпан,

Ақша қарды аймалап ақ тамақ таң. 

Жер бетімен өбісіп асқақ аспан, 

Секілді кең далаға мақта жапқан. 

 

Есті еркек келіп қалды, егей далам,  

Кең болдың көп кешіктің демей маған. 

Әр адырға жүгіртіп жанарымды,

Өткеніңе беу, Алтай, көп ойланам. . . 

 

Есен бол, егей Алтай, мен келгенше, 

Бекем бол, жойдақсызға ел жол бергенше. 

Тауыңды дастан етем мен де өлгенше,

Тасыңды мақтап өтем жерге енгенше. . . ! 

2014 жыл 9 ақпан

 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір