• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
15 Қазан, 23:29:40
Сайлау қарсаңында "жоғалып кеткен" актер Шри-Ланкадан сәлем жолдады (видео)

17 Сәуір, 2018 Сегіз өрім

Біздің мешкей жемқорлар не жемейді?!

Ешқашан ұсталмайтын айдаһар бейнелі алыптар да бар.

Астанада Инвестиция және даму министрлігінің бұрынғы лауазымды қызметкеріне қатысты сот жүріп жатыр. Ресми деректерге қарағанда, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің экс-басшысы Базарбай Нұрабаев буда-буда ақшадан бөлек, пара ретінде семіз малдың етін де «асап» тұрғанға ұқсайды. Алайда етті жақсы көретін қазақ үшін параға соғым алу қазір жаңалық емес. «Қамшы» ақпараттық порталы жемқорлардың кеңірдегіне кептелген пара түрлерін еске түсіріп көрді.
2016 жылдың маусым айында Алматы облыстық соты жол-патруль полициясы взводының командирі, полиция майоры В. Ивановқа қатысты үкім шығарған еді. Буы бұрқырап, жолға төселіп жатқан ыстық асфальтқа аңсары ауған Алматы облыстық ІІД қызметкерінің «тәбеті» ашылып кетсе керек. Ол бірден үш мәшине асфальтты түсіріп алған. Ақысына жол жөндейтін компанияның жүк көліктерін Алматы-Қапшағай тас жолында тоқтатпауға уәде берген. Бірақ оның «көмейі күйіп» қалды. Сот 5 миллион теңге айып салып, мал-мүлкін тәркіледі. Сондай-ақ, лауазымынан айырып, мемлекеттік қызметтен қуды.

2015 жылы Семейдегі әскери-техникалық мектептің директоры В.Александров бұқтырылған ет «жеймін» деп тұтылды. Ол курсанттарды үш мезгіл тамақтандыруды өз мойнына алған кәсіпкерден 90 банкі бұқтырылған ет сұраған. Және «айдамасы» ретінде 200 мың теңге ақша қосып беруді талап еткен. Сөйткен директор 2 жыл бойы түрменің ботқасын талғажу етуге мәжбір болды.  

Жемқорлар арасында ыңғайы келсе, «бензин ішіп» жіберетіндер де бар. Мәселен Атырау облысының Құрманғазы аудандық ТЖ бөлімінің басшысы 2014 жылы дәл осындай жағдайда құрықталған еді. Тез арада пісірілетін тағамдарды сататын дүңгіршек иелері оған 150 литр жанармайдың талонын беруге мәжбүр болған. Өйткені өрт қауіпсіздігі бойынша қажетті шешімді шығарту үшін бұдан өзге жол жоқ еді. Өкінішке қарай, «сусын орнына» тек Ай-92-ні пайдаланатын жемқордың аты-жөні көрсетілмепті.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбеде Жол-патрульдік полициясының рота командирі А.Сұлтанов қамауға алынған еді. Оның алған парасы - «Айфон 5». Қол астындағы қызметкеріне «сені өзім қорғап жүремін» деп уәде еткен командир бұл еңбегінің ақысына ұялы телефон сұраған екен. Дегенмен бастығына «Айфон» әперіп, көктемде көңілін демеген қызметкер күзде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаментіне арыз түсіреді. А.Сұлтанов өз айыбын мойындаған. Әйтсе де, өзі беріп, өзі шағымданған полиция қызметкерінің «тірлігі» жемқорлар түсінігімен түйсінсеңіз – сатқындықпен пара-пар.

2017 жылы Атырау облысында ауылдық округті басқарған Досқалиев деген әкім «қи жеймін» деп күлкіге қалды. Ол «өз атымдағы жер теліміне үй салайын деп едім, соған қол қойып берсеңіз» деп келген кәсіпкерден 300 қап қи сұраған. Кейіннен қосымша құжаттарды реттеу мәселесі туындағанда, әкім бұл «еңбегін» 50 қап қиға бағалаған. Қиқұмар әкімді сот мемлекеттік қызметтен қуып, 6,2 миллон теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.

Әрине, бұл еліміздегі парақорлық оқиғаларының жұртқа жария болған санаулы деректері ғана. «Жылқыны түгімен, түйені жүгімен» жұтқан талай жемқордың шетел асып кеткенін білеміз. Түрмеге тоғытылғандары да аз емес. Ешқашан ұсталмайтын айдаһар бейнелі алыптар да бар. Міне, соларға жоғарыда біз айтқан оқиағалар «баланың ойыны» секілді көрінетін шығар деп шамалаймыз.

Сансызбай Нұрбаба

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір