• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
18 Шілде, 21:12:06
Путин Зеленскийге барлық тұтқынды алмастыруды ұсынды

26 Сәуір, 2018

Қазақстандық қылмыс «серкелері» қалай жойылды?

Елбасының тапсырмасын мұқият орындау мақсатында мұндайларға қарсы күрес жүргізу

Негізінде қылмыс әлемін арнайы сайланған әккі басбұзарлар басқарады. Ондай құрылымдар кеңестік кезеңде, яғни 30-жылдары өріс алып кеткен. Ұжымдастыру, аштық, қуғын-сүргін сияқты зауалды заманда миллиондаған адам темір тордың арғы жағына аттандырылды. Сыймай қалғандарына қосымша абақтылар бірінен кейін бірі ашылып жатты. Сөйтіп, қаптаған қапас тірлікте мықтымсынған міскіндер мен жергілікті жендеттер әрекеті өмір таразысына тартылған еді. Қақтығыс алаңын реттеп отыру мақсатында неше түрлі «серкелер» пайда болды. Ал «жазылмаған заң» бойынша, топ бастаушылар міндетті түрде сотталған және қылмыскерлер арасында аса беделді болуы шарт. Ондайлар өзіндік «заңдар» шығарып, қарамағындағылардан сол қатаң ұстанымға мойынсұнуды талап ете білді. Отбасын құрып, мемлекеттік қызмет салаларына талпынуына тыйым салды.

Тіпті, «ішкі тәртіпте» өздеріне ғана тән жаргон сөздер бар. Мысалы, өзара ортақ тақырыпты талқылауы – «сход», хат-хабар алмасуы «малявы», «ксивы» деп аталады. Көсемдіктің көрігі қыза түскені соншалық, түрме түнегіндегі «тұлғалар» кейін сыртқа да ықпал жүргізе бастады. Әрқайсысынан «ақша сауып» отыру үшін көптеген аймақты, сауда және ойын-сауық орындарын, автотұрақтарды, шекарадағы контрабандалық тауарлар мен спирттік өнімдерді, автокөліктерді жеткізу мен алып-сатуды бөліске салып, «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстады. Бұл ретте, басқаның «бақшасына түскендер» арасында қанды қырғындардың орын алғаны аян. Одақтас еместі оп-оңай оққа байлау, әсіресе, орыс мафиясының міндетіндей болып алды. Олардан біздің қазақстандық қылмыс құрылымдары да қалысқан жоқ. «Берсе – қолынан, бермесе – жолынан» деп жұлқынып, жұтынып отырған біреулер еді өңкей. Себебі, 90-жылдардың басында Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін, бұрынғы одақтас мемлекеттердің шекараны шегендеп, заңды шегелеп үлгермей жатқан өлара шағын пайдаланып, жаппай дағдарыстан жеке-жеке шықпақ болған мықтылардың дәрежесі өсе бастағаны белгілі...

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға ат басын бұрған бір сәтте құзырлы органдарға мегаполисті қылмыстық топтардан тазарту туралы тапсырма берген болатын. Алатау етегінде банк жүйесінің дамуы, шағын және орта кәсіпкерлік, жеке капиталдың шоғырлануы, шетелдік азаматтар мен кәсіпкерлердің, мыңдаған мигранттардың (әсіресе, қытайлық азаматтардың) ағылып келуі, жастар арасындағы жұмыссыздық, көлеңкелі бизнес, контрабандалық тауарлар, есірткі айналымы торабының болуы және басқа да маңызды транзиттік жолдар ұйымдасқан қылмысқа қайтадан кең өріс ашып жіберген еді. Сол тұрғыда, «Сары Алмас», «Қара Алмас», «Баха фестиваль», «Сабр», «Қанеке», «Четыре брата», «Атаба», «Айшуақ-Жантүгел», «Адай», «Киса», «Махара-Чиванин», «Депутатский корпус», «Абрам», «Адамбаев-Нұралин», «Махновшылар», «Рыбачинские», «Леха Маймыш», «Бабахан» дегендей ірі қылмыстық топтар, кейін соларға еліктеген ұсақ сарқыншақтар бой көрсетті.

мафия

мафия

Ал Елбасының тапсырмасын мұқият орындау мақсатында мұндайларға қарсы күрес жүргізу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды. Содан кейін «серкелер серуенін» сейілтуге алапат күш пен қаржы жұмсалып, жалғанды жалпағынан басып дағдыланып қалғандар тұтқындала түсті. Сол сәтте қылмыстық жазаға қару-жарақ саудасы, үй тонау, адам саудалау, тапсырыспен кісі өлтіру істерін кәсіпке айналдырған қарақшылық топтардың 51 басшысы мен белсенді мүшелері тартылды. Оның сыртында, ҰҚК Шекара қызметінің «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы Ресейдің арнайы органдарында есепте тұрған 349 қылмыс «серкелерінің» Қазақстан аймағына аттап басуына қатаң тыйым салынды.

Жалпы, елімізде ұйымдасқан қылмыс топтарының әрекетіне қатысты 29 қылмыстық іс қозғалса, оның 8-і қарақшылыққа қатысты болып отыр. Ресми іздеу жарияланған қылмыстық топтың 25 мүшесі де көп ұзамай қолға түсті.

мафия

Бір айта кетерлігі, бүгінде біздің бұқара арасында «олар – қарапайым халықты қанап, тонаушы емес, нағыз ұлт батырлары болған», «қазақ мафиясы болмағанда, өзге ұлттан шыққан басбұзарлар бізді әбден басынып алар еді» дегендей жоғары бағалаулар басым. Белгілі кикбоксшы, «Жекпе-жек» федерациясының президенті Сабыржан Махметов те 90-жылдары беделді рэкетир болған. Ол да барлық сұхбатында өздерінің қылмыс әлемінде тек қазақ жерін келімсектерден қорғау үшін әрекеттенгендерін айтады. Мысал келтіре кетсек:

– Біз ол кезде қазіргі қазақтарша руға, жерге бөлінген жоқпыз. Ұлттық мүдде үшін жұмылып, бір жұдырық болдық. Өйткені, 90-жылдары жарқ етіп шыққан сол қазақ жігіттерінің барлығы бір-бір арлан еді. Ал қазіргі жастар сондай арлан деңгейіне жетпесе де, шибөрі болмаса екен. Бәрібір арлан бола алмайды ғой... – дейді спортшы.

Әйтеуір, бұл жердегі бір анық: «қылмыс» деген атаудың мемлекеттік мүдде тұрғысындағы заңмен ымыраласа алмасы айқын ғой. Сондықтан 90-жылдардың аяғы, 2000-жылдардың басында «серкелер серуенін» сейілткен алғашқы қадам да қоғамға қара бұлттың көлеңкесін ыдыратқан күн нұрындай әсер еткені рас.

 

Әлемге әйгілі екеу

қытай

Қытай мафиясы – триада әлеміндегі (триада – Гегельдің идеалистік философиясында "диалектикалық дамудың үш сатылылығы" деген мағына береді және бұл көзқарас табиғат пен қоғамның шын даму жолына қайшы) ең үлкен криминалдық топ болып саналады. Өз қатарын лауазымды шенеуніктермен толықтырып алған триаданың лас жолмен келетін жылдық табысы – 200 миллиард юань немесе 25 миллиард доллар шамасында. Әсіресе, Гонконгта шоғырланған криминалдық топтың саны 20-ға дейін жеткен. Әрқайсысының мүшелері 30 мың адамға дейін барады.

 орыс

Орыс мафиясы – көп елді сескендіретін қауіпті құрылым. Ресейдегі криминалдық, бандалық құрылымдар мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты. Питерлік, свердловтық, мәскеулік, шешенстандық, тольяттилік сынды атышулы топтар бар. Дерекке сүйенсек, Ресейде 3 мың қылмыстық топ, 70 мың этникалық және 365 аймақаралық криминалдық топ әрекет етеді. Сонда, қылмыс әлеміндегі сабаздардың жалпы саны 610 мың адамды құрайды. Бұл – екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі 10 жалпы армия немесе үш майданның әскер санымен бірдей көрсеткіш.

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

2 пікір

Ұлтшыл 26 Сәуір, 2018

Сары Алмас тірі болғанда ғой

تاس 26 Сәуір, 2018

japondar eng mikti kazir