• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Мамыр, 12:18:25
Алматы
+35°

20 Наурыз, 2015 NEWS

Қарашадан ханға хат: Халқыңызды қолыңызға шара толы қымыз алып құттықтаңыз!

Жер жаралып, су аққалы Тұран топырағында мынадай бір дәстүр сақталған. Қар астынан мизамшуақ тебіндеп, кер даланы боз жусан аңқытып Әз наурыз туғанда күн мен...

Жер жаралып, су аққалы Тұран топырағында мынадай бір дәстүр сақталған. Қар астынан мизамшуақ тебіндеп, кер даланы боз жусан аңқытып Әз наурыз туғанда күн мен түн теңеліп, хан мен қара теңеліп бір мәз мейрам болысады екен. Хан жаршысы жер жаһанға жар салып, кіл саңылақтарды хан ордасына алдырады. Қараша ішінен сурылып шығып, қайманадан өнер оздырған шын дарындыға хан бір күнгі тағынан түсіп, ел билетіпті. («Хан мен қара теңеліпті» деген сөз осыдан қалса керек.) Әз наурызда айтылған қарашаның қалауы –  хан тарабынан кері қайтарылмаған екен. (Бұл мотив көне аңыздарды зерттеген ғалымдардың еңбектерінде де айтылады.)

Міне, қысытың тоңы жібіп, қар көбесін сөгіп, қазақ даласына Әз наурыз да жетті. Ебі желдей жүйткіп өткен жылқы жылға салауат айтып, момақан қой жылын қарсы алмақпыз. Күллі шығыс халықтарының жаңа жылы табылдырықтан аттағалы тұр. Осы орайда жоғарыда айтып өткендей «хан мен қараша теңелер» тұста бізде ел тізгінін ұстаған Елбасына дат айтпақпыз. (Дат та емес, хат дегеніміз дұрыс шығар). Тек бір ауыз тілегіміз бар. Сөзге қонақ берген, сөз құнын өз құным деп түсінетін халықпыз ғой. Сондықтан мұның ешбір әбестігі жоқ деген үміттеміз.

Құрметті, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мырза!

Сізді, алдағы Ұлыстың ұлы күні Әз наурыз мейрамымен құттықтай келе, сәуірде болатын сайлаудағы үміткерлігіңізге сәттілік тілейміз!

Біздің сізге айтпақ ақжолтай тілегіміз, ұлыстың ұлы күнін жаңа жылды қарсы алғандай, (наурыздың жиырма біріннен жиырма екісіне қарағын түні) қолыңызға шара толы қымыз алып, қараша халқыңызды құттықтасаңыз. Осыны  жыл сайынғы бұлжымас дәстүрге айналдырсаңыз екен деп сұраймыз.

Бұл ел бірлігі үшін, әрі Әз наурыз мейрамына тамаша әр беретін еді.

Аталған бастама – ел ішіндегі түрлі ұлттар мен ешқандай еларалық саясатқа  көлеңкесін түсіретін қадам емес деген ойдамыз.

Ел үшін маңызды хатты ханға жетізу үшін, хан уәзірлері шыбын жанын пида еткендігі тарихтан мәлім. Сондықтан біздің бұл өтінішіміз жерде қалмас деген үміттеміз.

Ұлыстың ұлы күні Әз наурыз құт береке әкелсін!

Қой жылы еліміз қомақты табыстарға жетсін!

Құрметпен: Бақытбек Қадырұлы,  Ықылас Ожайұлы,  Қамшы.кз ақпараттық порталының ұжымы

Сурет: http://www.profi-forex.org/

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір