• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 06:33:11
Алматы
+35°

31 Қазан, 2018 Әлеумет

"Пошымы бөлек полицияны" қалай реформалай аламыз?

Ашықтық жоқ. Халық полициядан қашып жүреді. Жергілікті ішкі істер органдарына кіріп-шығу қиынның қиыны.

Қазақстанның Ішкі істер саласын реформалау тәуелсіздік алғалы бері айтылып келе жатыр. «Тіпті, өзгерді» деп өзімізді алдаған күннің өзінде, көзге ұрып, көрініп тұрған дүние көре алмайсыз. Халық сақшылары болуы керек билік өкілдерінен олардың жұмыс істеу тәсілі, халықпен қарым-қатынасы және де өзіне сенімділік ұялататын қасиеттерді көре алмай жүргеніміз рас.

Тіпті олардың киген киім формасы да кеңестік кезеңнен қатты өзгеріп кете қоймаған. Қарапайым ғана мысал, қазақстандық полицейдің үстіне киген киімінен кеңестік формының қатты бір айырмашылығын байқадыңыз ба? Ал,  мен байқамадым. Көгілдір түсті көйлек пен көк костюм түсі сол баяғы сол кеңестік қалпында қалған. Ең болмағанда, фуражкадағы қызыл түсті неге алып тастай алмаймыз?

Танымал спортшы Денис Тен қайтыс болғаннан кейін ауызға алынған ішкі істер органдарының реформасы арагідік айтылып қалса да, ол туралы әлі нақты шешім де, іс-әрекет те жоқ. Қазақстанның Ішкі істер министрі Қ.Қасымов мырза биылғы қыркүйек айында Үкімет отырысында Премьер-министр Б.Сағынтаевқа реформалау қалай жүріп жатқандығын баяндаған болатын. Бірақ осы реформалаудың нақты халыққа қандай пайдасы болып жатқандығын министр мырза айта алмай, жалпылама сырғытпа жауаппен құтылды.

Осы айдың басында өткен Президент Жолдауында орнынан ең көп тұрған басшылардың бірі осы Ішкі істер министрі болды. Елбасы осы саланы реформалауды жақсылап тапсырғанымен, әлі де жоспарланған жұмыстар туралы ешкім  айта қойған жоқ. Ішкі істер министрлігінің сайтынан ешқандай да реформа туралы ақпарат алу да мүмкін емес. Соған қарағанда, бұл үрдіс халыққа жария етілмей, жабық түрде жүргізілетін сияқты.

Ішкі істер департаменттері мен басқармалары енді «полиция департаменттері мен басқармалары» деп аталады. Аты өзгергенмен заты өзгермесе, одан халыққа не пайда бар? Егер атауын ғана өзгертіп, соны реформа деп айқайлайтын болсақ, онда сырты бүтін, іші түтін болып қала береді емес пе?

Қатардағы полиция қызметкерінің айлығын өсіру керектігі айтылды. Бірақ ол қанша пайызға өсіріледі немесе қарапайым сақшы қандай мөлшерде жалақы алу керек? Ол туралы еш жерде ашық айтылмаған. Бұл туралы министр мырза мен оның командасының қандай ойы бар екен?

Әрине, полиция қызметкерлерінің ішінде өз ісіне берілген мықты кәсіпқой мамандар бар. Бірақ олар өте-мөте аз! Көпке топырақ шашпаймыз, дегенмен де қазақстандық полицияға айтылатын сын өте көп. Сондықтан да өз тарапымыздан полицияны реформалауға төмендегідей ұсыныстар айтсақ дейміз.

Жол-патрульдік полиция пайда болғанымен, жол полициясы көбейіп, патрульдік полиция жоғалды. Оған дәлел, бұрындары үйлердің, көшенің қуыстарын аралап, патрульдетіп жүретін полиция автомобильдерін көретінбіз. Қазір патрульдік полиция жол полициясына қосылғалы бері олардың барлығы көше жағалап кетті. Көше аңдып, автомобиль тоқтатқан тиімдірек болып тұр ғой. Көпшілік жағдайда сізді жолда тоқтатып жатса, дөрекі сөйлесетін полиция қызметкері жиі кездеседі. Жол-патрульдік полиция қайтадан екіге бөлінуі керек. Қалай дегенмен де, бұрындары бұл қызметтер жеке дара жұмыс істегенде тиімдірек еді.

Қылмыстың санын жасыру мен оның ашылуы туралы ақпарат өте аз. Әсіресе, ұрлық ашылмайды. Бүгін қамалған ұры ертең шығып кете береді. «Сол ұрылар полициямен ауыз жаласқан» деп те халық айтып жүр. Осындай алыпқашпа ақпараттарға жол бермеу үшін және қылмыспен күресте тиімді жұмыстар атқарылуы үшін онлайн режимінде қылмыс тіркеліп, оның ашылу барысын тексере алатын интернет-қызмет ашылуы халық тарапынан полицияға сенімді күшейтер еді.

Ашықтық жоқ. Халық полициядан қашып жүреді. Жергілікті ішкі істер органдарына кіріп-шығу қиынның қиыны. Қоршалған, құрсауланған және қарулы күзет қойылған ғимараттардың өзі қарапайым адамға психологиялық жағынан жақсы әсер ете қоймасы анық. Сондықтан халықпен қарым-қатынасты дұрыс жолға қойып, жергілікті полиция жанынан оның жұмысын қатаң бақылап отыратын қоғам белсенділері мен халықтан арнайы кеңестер құрылуы абзал. Ол кеңестер құрамы белгілі бір мерзімде жаңартылып, басқа адамдармен алмастырылуы керек.

Грузия еліндегідей 100 пайыз түгелімен босатылмаса да, 80-90 пайыз мөлшерінде жаңа адамдар жұмысқа алынуы қажет. Әйтпесе, «сол бұрынғы қызметкерлермен жаңаша жұмыс істейміз» деген ақылға аса қонымды бола қоймайды.

Жалақы мәселесі дұрыс шешіліп, қарапайым полиция қызметкері әлеуметтік жағынан дұрыс қорғалуы тиіс. Қазір министр мырза айтып жүргендей, полиция қызметіндегі адамды жатақхана емес, нақты пәтермен қамтамасыз ету керек. Әйтпесе жұмыс істеуде стимул болмайды және жемқорлық ары қарай белең ала береді.

Төтенше жағдайлар жөніндегі органды Ішкі ісер министрлігінен шығарып, жеке министрлік ретінде қайта құрған дұрыс. 2014 жылғы «ұлы оңтайландыру» кезінде талай министрлік қысқарғанымен, қазір солардың көпшілігі қайта ашылды.

Министрдің бес бірдей орынбасары бар екен. Оған сол деңгейдегі лауазым - аппарат басшысын қосыңыз. Ол аз десеңіз, 4 комитет, Ұлттық ұлан мен 17 департамент басшылары мен олардың қаншама орынбасарларын көз алдыңызға елестетсеңіз, тікелей министрлікте қаншама бастық адам шоғырланғанын білесіз. Ішкі істер министрлігінің басшылығын жоқ дегенде 50 пайызға қысқартып, оған кететін шығындарды жергілікті полицияға бөлген дұрыс.

Аталған жағдайлар мен ұсыныстарды біздің редакция ресми түрде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жолдап, арнайы бақылауда ұстайтынын мәлімдейміз және болашақта Қазақстан полициясы халық сенімін ұялатқан ең мықты билік органына айналады деп сенеміз.

Серікқазы Көкенай

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір