• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 00:55:43
+35°

20 Сәуір, 2015 Әдебиет

Қазақстан жазушылар одағы тәрізді үлкен ұйымды Америка мен Еуропадан таппайсыз

Бізде соңғы екі-үш ғасырдағы жауһар сөз зергерлерінің шығармашылығын танып-білуде өзге елдермен салыстырғанда жетістіктер бар. Мысалы, Еуропа мен Америка...

Бізде соңғы екі-үш ғасырдағы жауһар сөз зергерлерінің шығармашылығын танып-білуде өзге елдермен салыстырғанда жетістіктер бар. Мысалы, Еуропа мен Америка елдерінің әдебиеті туралы сол ел ғалымдарының еңбектері мен замандас қазақ әдебиеті жайлы қазақ ғалымдарының зерттеулерін салыстырсақ ара-салмақ бірден аңғарылады. Франсуа Вольтер, Оноре де Бальзак, Вольтер Скотт, Теодор Драйзер, Роберт Бэрнс сияқты классиктер шығармаларының өз еліндегі ғылыми зерттеулерге арқау болмағандығы белгілі.

Батыс ақындары мен жазушыларының шығармашылық тұғыры Ресей ғалымдарының арқасында айқындалды. Сондай-ақ, Азия халықтарына тән абзал азаматтың асыл мұрасын ардақтау дәстүрі батыс түсінігіне жат. Мәселен, құрамында жүздеген мүшесі бар Жазушылар Одағы тәрізді үлкен ұйымды Америка мен Еуропаның бірде бір елінен бүгінде таппайсыз.

Мәдениеті аса дамыған саналатын Ұлыбритания мемлекетінде күллі қаламгерге арналған жалғыз мұражай бар. Арыстарын ардақтап, әрқайсысына бір-бір мұражай ашып, елді мекендердің атын беріп, өлең-жырын жас ұрпақтарына жаттатқан біздің қауым жат жұртпен салыстырғанда руханият биігінде екендігін біле бермейді. Сондықтан ғылымда да, мәдениетте де, әдебиетте де өзгені артық екен деп ойлайды. Әлі де солай. Ағартушылықтан бастап, романтизм, реализмді қоса барлық бағыттағы қаламгерлердің шетелдегі әріптесімен шығармашылық жағынан артық болатындығын да ескермей келдік.

Қазақ әдебиетіндегі дарабоздың бірі Сәкен Сейфуллинің «Тар жол, тайғақ кешу» романымен көркемдік жағынан да, тарихи маңызы тұрғысынан да теңестіруге болатын туындыны шетел әдебиетінен табу қиын. Поэма, өлең-жыр жазумен қатар әдемі әндер тудыра білген ақынды Еуропа әдебиетінен таппайсыз. Ал қайраткерлігін айтсақ, бұндай тұлғалардың дүниежүзінде санаулы екендігі шындық. «Қазақтардың бойынан біз поэзия мен музыканың бұлағын көреміз» деп, кезінде А.И.Левшин сияқты оқымыстылардың құрмет сезімін білдіруі тегін емес.

Талантты танытудың бірден-бір жолы — оның шығармаларын Шығыс және Батыс халықтарының басты-басты тілдеріне аудару. Ол үшін әрине, сол тіл иесінің поэтикалық талғамын танып-білу қажет. Поэзия баршаға ортақ, бірақ ұлттық өлең жүйесі дара-дара. Ілияс ақын поэзиясындағы:

Екі желі, үш қазық,

Тоғыз ноқта домбыра,

Ойнатайын он саусақ

Құлындайын құлдыра.

Бозда-бозда бота күй,

Қашағанды қудыра,

Құлшына тарт домбыра

Немесе

Бес бұрап, төрт түкіріп, толғап қобыз

Қозғалар құлақ күйден жосып қобыз

Көтерген көк түндігін күй өргегі

Құлатып асқарда ағын, мәңгіде мұз, —

Деген өлең жолдарын өзге тілде түсіну мүмкін емес. Тау көрінісін «қатықтың жаланбаған тегешіндей» деген қарапайым теңеумен суреттеуі ақынның ұлттық қолтаңбасы деп білген жөн.

Өзге ақындармен салыстырғанда Ілияс Жансүгіровтың шығармаларынан халық өнерінің кемелдігі көрініс тапқан. Көшпенділердің тұрмыс – салты, өмір дағдысы, таным – түсінігі мен сезім күйін даланың өз ұлы шынайы сезініп, өлең түрінде өре білген. Тұтас дүние болмысын өнердің табиғи туындысы арқылы асқақ жырмен, жан тебірентер ырғақты өлең сөзбен бейнелеген.

Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына,

Бұлт тыңдап мінбей тұрды тау басына.

Мақұлық жерде, көкте маужырады,

Қараған бір жан болмай шаруасына

Көшпенді елдің кез-келген аспабында орындалған күй ырғағынан жазиралы леп еседі. Ал дала сазында бүкіл ғаламның сазы бар. Ақынның «Күй, «Күйші», «Көбік шашқан» поэмаларындағы құпия идеялық өрнек осыны танытады.

Халықтың ықылым заманнан сақталған өнерінде табиғаттың әр бөлшегінің жаны, әрқайсысының жүрек үні бар. Інгеннің зары, қасқырдың ұлығаны, бұлбұлдың сайрағаны, бозтоғайдың шырылы да бір-бір күйге арқау болған. Ілияс ақын поэзия мен музыканы бай палитралы бояумен астастыра білген дүиежүзіндегі бірегей дарын иесі. Ақын ұлттың тіл байлығындағы жауһар сөздерді өлең өрнегіне өре білген.

Кейде күй, талмаураған, талықсыған.

Кейде өжет, кейде долы, албытсынған.

Кейде паң, кейде дархан, кейде сергек,

Шаршы өрге кейде шапшып, шауып тынған.

Әр күйдің сарынын күйші кейіпкердің алуан мақаммен шертуін ақын поэмада ерекшелеп көрсетеді. «Күй» поэмасында Молықбай қобызшы «Көк Көбекті» күрілдетіп, Ер Әлінің «Дүлдүлін» дүрілдетіп, «Ақ Көбекті» аңыратып, бозінгенді боздатып, ыңырантып тартады. «Күйші» поэмасында домбырашы «Асанқайғыны» күңірентіп, толғантып шертеді. Домбырадағы күй сазын ақын ұлттық нақыштағы градациялық серпінмен сипаттайды.

Қаққанда деген күйді Терісқақпай,

Жым-жырт боп тына қалды жел де соқпай,

Домбыра айналаға дүбір салды,

Адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай.

Немесе

Күй алды Бақанастың қара өзегін,

Дауылдай бұрқыратып ебелегін

Қара жер қалқып барып қата қалды,

Саймақтың суырғанда «Сары өзенін»

Күй — қазақтың тағдыры. Поэмаларда «Нар идірген», «Ноғайлының зары», «Ақсақ құлан» күйлерінен бастап, кейінгі заманда туған күйлердің саз иірімдері ұлттық өрнекпен бейнеленген. Ақын шығарманы күйшінің қалай орындап отырғанын суреттейді. Күйші — поэмада тарих баянын музыка тілімен жеткізуші дәнекер тұлға.

Көшпенділердің өмірінде жыраулардың, жыршы-күйшілердің ұлттық педагогтық функциясы зор болған. Мысалы, күйші туындыны тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, жан сезіміне ләззат сыйлау үшін ғана орындамайды. «Күй» поэмасында автор күйшінің тәлімгерлік қызметін айқын көрсеткен. Молықбай қобызшы ауыл балаларына алуан-алуан күй аңыздарын әңгіме түрінде баяндай отырып, оның музыкасын қобызда ойнағанда үш жақты тағылым берді. Олар — фольклорлық білім, тарих ұлағаты және этнографиялық сауат.

Көркем өнердің ұлттық келбетін поэтикалық астарда жырмен бейнелеген қазақ ақынының шығармашылық тәлімі шынайы бағалануы керек. Ілияс Жансүгіров сияқты заманында ұлттық рухты отты, адуынды жырларымен асқақтатқан ақындардың шығармашылық, қайраткерлік еңбегін қазіргі заманғы әдебиеттану деңгейінде, ұлттық сана тұрғысынан саралау қолға алынбайынша, әлемдегі қазақ руханиятының орнын айқындау оңай тимейді. Кешегі ғылымда Мағжан Жұмабаев сияқты жалынды жыр иелерінің ақындық қабілетін ұлттық таныммен байланыстыру емес, өзге елдің сол замандағы қаламгерлерінің парасат-пайымына телу басым боп келді. Мағжан Жұмабаевтың отты жырларының идеялық астарын аңдасақ, әсіресе «Пайғамбар» өлеңін, оның Мережковский, Блоктардан әлдеқайда биік екендігін аңғаруға болады. Бүгінге дейін қалыптасып қалған «Еліктеу теориясына» сынмен қарау қажет. Жаһандану заманында біреуге жасанды түрде жалтақтамай, талай жұртты тамсандырар қазақтың рухани қазынаны талғампаздықпен танытайық.

Шарафат Жылқыбаева

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір