• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

19 Желтоқсан, 2018 Тарих

3353 зиялының өлімі: ажал сепкен ақ конверт

Жұмбақ ажал шеңберіне Ленин де іліккен.

Химиялық құрамы белгісіз ақ ұнтақтар кей-кейде конвертке салынып, пошта арқылы Қазақстанға да жетіп жатады. АҚШ елшілігінің Алматыдағы өкілдігіне де, жекелеген белгілі кісілерге де кезінде конвертпен ақ ұнтақ келіп түскен. Ондай кезде конверт тұрған бөлмеге кіруге тыйым салынып, хатпен байланыста болған адамдар дереу бақылауға алынады. Ал әлгі ұнтақтар Қазақтың Айқынбаев атындағы  карантиндік және зооноздық жұқпалар ғылыми орталығында жан-жақты тексеруден өткізіледі.

Кезінде осындай ақ конверттен бас аяғы бес жылда Еуропа зиялыларының тең жартысы қырылған. 1919-1924  жылдары  ішінде атақты ақындар мен  ғалымдар және артистер мен музыканттар бар, жалпы саны  3353 (үш мың үш жүз елу үш) зиялының басын жұтқан жұмбақ ажал  шеңбері  жайлы айтып отырмыз  

Басында белгілі ақындар мен ғалымдардың, бишілер мен музыканттардың басын жұтқан  бұл жұмбақ ажал шеңберінің арнаулы түрде жүйеге қойылғанын ешкім білген жоқ. Тек қана 1923 жылы француз журналисі Француа Энгельбрект сол жылдары  түсініксіз әрі қорқынышты аурудан қайтыс болған белгілі адамдардың бәрінің Париж қаласымен қандай да бір байланысы барына алғашқылардың бірі болып  назар аударды. Олардың  қайсыбіреулері  Парижде тұрақты тұрған, енді біреулері Парижге келіп кеткен немесе Париж арқылы басқа елге өткен дегендей.  Осылайша сол кездегі газеттердің бірінші бетінен түспеген жұмбақ ажал шеңбері  осы жайды тынбай  қозғап отырған  Энгельбрехттың  өзінің басын жұтып барып , 1924 жылы біржола тоқтады. Журналистің өзі кәдімгі суық тиюден деген кеселден сол жылы сеспей қатқан.

Ал әлгі 3353 зиялының бәрін атап шығу мүмкін де, міндет те емес. Тек бірнешеуін ғана атасақ, ішінде Ленин, иә, пролетариаттың ұлы көсемін айтып отырмыз (оған әлі тоқталамыз), Нобель сыйлығының иегері, жазушы Анатоль Франс, атақты итальян әншісі Карузо, атақты итальян суретшісі Модельяни,  орыстың футурист ақыны Хлебников, атақты актер әрі режиссер Вахтангов,  неміс философы Дюринг, Париждегі атақты мұнараның конструкторы Эйфель,  әнші Жанна Шнейдер,  отбасылық зергерлік династияның  негізін қалаушы Фаберже, атақты дәрігер ғалым Шарль Лаверан, музыкант Луи Жозеф  Дьемер, жазушы  Блест Ган, актриса Сара Бернар,  оқымысты ғалым Леже Луи,  атақты революционер Инесса Арманд,  Клермон секілді көптеген атақтылар бар.

Ең білгір дәрігерлер де бұлардың  кенеттен сал болып қалған ауруының емін таба алмаған, ірітіп-шіріте бастаған микробтың қайдан жұққанын түсіне алмаған.

Бұл жұмбақ ажал шеңбері орысша «Париждік зиялылар қырғыны» (Парижский  Мор Элиты) деген атпен белгілі. «Мор» деген нені білдіреді?

Мор – Ежелгі Римдегі ажал құдайының аты. Қазіргі уақытта бұл термин адамдар мен жануарлардың белгілі бір мекенде қысқа уақытта баудай түсіп қырылып қалуымен байланысты қолданылады. Көркем әдебиетте ажал оғын себетін жағымсыз кейіпкерге қатысты айтылады.  

Сонымен, үш жарым мыңға жуық  белгілі тұлғалар  неден, қалай қырылған дейсіз ғой? 

Маймылдардың СПИД-ке ұқсайтын ауыр кеселмен ауыратыны бар. СПИД-тің  адам баласына осы маймылдан жұққаны (арнайы жұқтырылған)  ғылыми түрде дәлелденген.  Оқымыстылар тек ол дерттің  қай жерде және қашан жұққанын ғана білмейді. Сол үшін дауласып келеді. Ағылшын зерттеушісі Эдвард Хупер  болса, ВИЧ 1950 жылдары вакцина жасау кезінде орын алған қателіктен тарап кетті деген пікірде (Ол дәрінің өндірісі  үшін  SIV вирусы бар маймылдың  бауыры пайдаланылған). Академик Вадим Покровский «бұрын  маймылдың  жұмыртқасын  ауыстырып  салу арқылы  ерлерді  белсіздіктен емдеу жүзеге асырылғандықтан,  ВИЧ адамға донорлық операция арқылы жұққан» деп есептейді.  Ал базбір ғалымдар ВИЧ  африкалық маймылдан тарағанын, вирустың жұғуын  еуропалық  отарлаушылар жүзеге асырған дегенді айтады. Кейбір мәліметтер бойынша, қорқынышты вирус өлген  маймылдардан әдейі алынған. Не десек те, әлгі бәлекет  конвертке салынып, мұқият желімделіп, 1919 жылдан бастап  Париждің  зиялыларына  поштамен  жіберіле бастаған. Оның соңы  3353 белгілі тұлғалардың ажалына  әкеп  соққан.   

Жұмбақ ажал шеңберіне Ленин де іліккен

1922 жылдан бастап Ленин жиі-жиі есін жоғалта бастаған, денесінің оң жағы салдана бастаған. 1923 жылдан бастап оң жақ денесі түгелдей жансыздана бастап, тілі күрмелген. Кейін таяқ ұстап, аздап бөлме ішінде жүре бастаған. Оң қолы істен шықан соң, сол қолымен жазуды үйрене бастаған. Бірақ дәрігерлер түсініксіз аурудың алдында дәрменсіз еді. Крупская өлерінен екі күн бұрын Ленинді жігерлендіріп, Джек Лондонның «Өмірге деген құштарлық» атты шығармасын дауыстап оқып берген.  Қалың қар басқан айдалада аштан бұратылған адам әрең ілбіп келеді. Оның артынан аштан бұратылған қасқыр ілесіп келе жатыр. Адам мен жыртқыштың арасындағы күрес. Жартылай өлікке айналған адам жеңіске жетеді. Ленинге бұл әңгіме ұнап, Лондонның басқа да шығармасын оқуды өтініпті.

Лев Троцкий «Ленинге у берген Сталин» деп жазады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Дегенмен Лениннің азапты өмірден тезірек құтылу үшін Сталиннен у сұратқаны  рас көрінеді. Мұны Лениннің хатшы қыздарының бірі 60-шы жылдары жазушы Александр Бекке айтыпты. Бірақ «халықтар көсемі» у бермеген. Егер Сталин у берсе, онда сауысқаннан сақ жез мұрт көсем куәгерлердің көзін көп ұзатпай-ақ түгел құртқан болар еді. Кім біліпті, онсыз да іріп-шіріп бара жатқан күн көсемге біреу-міреу у берсе, берген де шығар.

Ал Лениннің басын жұтқан ауру не десек, кеңестік дәрігерлер күн көсемнің миын зақымдаған мерез ауруынан өлгенін тістерінен шығармауға  ант берген. Қанша жасырғанмен, зерттеушілер  кеңес өкіметінің негізін қалаушының мерезден  көз жұмғанына дәрігерлік дәлел-анықтаманы қолдарына түсірді.  Израиль дәрігерлері оны КСРО тарқағаннан кейін де жарыққа шығаруға тыйым салынған мұрағаттан  тауып, әлемге жариялап жіберді.

Ресми анықтама бойынша, Ленин атеросклероздан өлген деп есептеледі. Бірақ Ленинді емдеген 27 дәрігердің тек 8-і ғана күн көсемнің өлімі туралы анықтаманың астына қолдарын қойған. Ал Лениннің жеке дәрігерлерінің екеуі қолдарын қоймаған.

Ленин осылайша жоғарыда келтірген 3353 (үш мың үш жүз елу үш) зиялының басын жұтқан жұмбақ ажал  шеңберінің құрығына ілігіп, миға жұққан мерез ауруын эмиграцияда жүргенде жұқтырған деген пайымдау бар.

Жоғарыдағы Париж зиялыларының басын жұтқан конвертке салынған белгісіз ұнтақ жетпіс жеті жылдан кейін жалғанның жүзіне қайта шықты. Дәлірек айтсақ, 2001 жылғы 11-қыркүйек оқиғасынан кейін алғаш Ақ үйге конвертпен құрамы белгісіз ақ ұнтақ үстін-үстіне жіберілген. Сол-ақ екен ол бәле Римдегі Ватиканға дейін жетіп, артынша бүкіл әлем дүрлігіске түсті.

Қазір ажал оғын себуші  конверттен бүкіл әлем құлағдар. Ал өткен ғасырдың 20-шы жылдары мұндай арнайы жасалған арандатушылық әрекеттің Парижге қатысы бар үш жарым мыңға жуық белгілі зиялылардың басын жұтып жатқанын ешкім білмеген-ді. Білсе де, кеш қалған-ды.

Төреғали Тәшенов

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір