• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

10 Қаңтар, 2019 Әлемде

Ким Чен Ынның "жұмбақ жары" туралы не білеміз? (фото)

2012 жылға дейін Ли Соль Чжуді Ким Чен Ынның қарындасы немесе алыс туысы деп ойлап келген.

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын әрдайым жиындарға өзінің жұбайы Ли Соль Чжумен келуді дәстүрге айналдырған. Бейжіңге ҚХР басшысымен кездесуге Ким тағы да зайыбымен келген. Ресми кездесуде жиі көрінетін Ли Соль Чжу туралы ақпарат мүлде аз. Сонымен, Ким Чен Ынның "жұмбақ жары" туралы не білеміз?

Ол алғаш рет 2011 жылы тележаңалықтарда көрінді. Көрермендер Ким Чен Ирді (Ким Чен Ынның әкесі — Ред.) жерлеу рәсімі кезінде Ким Чен Ынның жанында тұрғанын байқаған. Дегенмен, оның кім екенін ол уақытта ешкім де білмеген.

2012 жылға дейін оны бәрі Ким Чен Ынның қарындасы немесе алыс туысы деп ойлап келген.

ли соль чжу

Тіпті, Оңтүстік Кореяның барлау қызметі оны "Почхонбо" ансамблінің әншісі деген ақпарат таратқан. Себебі, сол кезде Солтүстік Корея билігі тұрғындардан әншінің дисктерін жинағаны туралы расталмаған ақпараттар тараған болатын.

Өзге де ақпарат көздерінде Ли Соль Чжу 2005 жылы Оңтүстік Кореяда жеңіл атлетикадан өткен Азия чемпионатына солтүстік кореялық команда құрамында қолдаушы топпен бірге барғаны жазылған.

Ал оның Ким Чен Ынмен үйленуі жайлы солтүстік кореялық БАҚ тек 2012 жылы шілдеде жариялаған. Бұл ақпаратты тексерген Оңтүстік Кореяның барлау қызметі тойдың үш жыл бұрын болғаны туралы болжам айтады.

Ким Чен Ынның әйелінің есімі де белгісіз

2018 жылға дейін ресми басылымдарда оны «жолдас Ли» деп жазып келді. Қазір оның жаңа атағы пайда болды — "Құрметті, бірінші ханым". Солтүстік Корея династиясында есімді өзгерту бұрыннан қалыптасқан. Сол себепті әлі күнге оның шын есімі Ли Соль Чжу екені толық анықталмаған.

Кореяның бірінші ханымы қандай отбасында дүниеге келген?

Ли Соль Чжудың балалық шағы жайлы ресми ақпарат жоқ. "North Korea Leadership Watch" басылымының редакторы Майкл Мэдден оның Солтүстік Кореяның шығыс жағалауындағы Чхонджин қаласында дүниеге келгенін жазады. Пхеньяндағы Ким Ир Сен атындағы университетте білім алғандығы жайлы ақпарат бар. Кейбір дереккөзде оның әкесі дәрігер болған десе, енді бірі әскери офицер деп көрсетеді.  Оның Ким Чен Ынмен қалай танысқаны да құпия болып қалды.

 ким чен ын

Президенттің қанша баласы бар?

Ли Соль Чжу мен Ким Чен Ынның үш баласы бар деген деректер кездеседі. Дегенмен, ақпарат 100 пайыз расталмаған. Мұндай ақпараттың таралуына Кимнің зайыбының ұзақ уақыт көпшілік алдына шықпауы себеп болған.  Басылымдар "2010 жылы Ли Соль Чжу ұл баланы дүниеге әкелді" деп жазса, "2012 жылы оның тағы аяғы ауыр болуы мүмкін" деген ақпарат тараған. Оңтүстік Кореяның барлау қызметі "2017 жылы Ли Соль Чжу үшінші сәбиін дүниеге әкелді" деп болжам жасады.

Солтүстік Кореяның бірінші ханымы қалай сәнденеді?

Суреттерден Солтүстік Кореяның бірінші ханымы батыстық қымбат әрі сәнді киімдерді ұнататынын байқаймыз. Жапондық аспаз Кэндзи Фудзимото Ким әулетінің бірнеше жыл бас аспазы болған. Ол 2012 жылы Ли Соль Чжумен кездесуі жайлы естелігінде оның дауысы жағымды әрі өзі сәнқой болған дейді. Атақты "Christian Dior" брендінің сөмкесін тарту еткендігін де жазады.

ким чен ын

Суреттерден Ли Соль Чжудың "Dior" және "Chanel" брендтерінің сөмкесін ұнататынын байқаймыз. Көптеген басылымдарда Кимнің жұмбақ жары "Red Valentino", "Dior", "Tiffany", "Movado" сынды брендтерге басымдық беретінін байқаған.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір