• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

11 Қаңтар, 2019 NEWS

Олжас Сүлейменов: Марқұм немерем араққа да, шылымға да әуес болмаған

Жазушы осы жолы да Мұхитованың бостандығын шектемеуді өтінді.

Ақын Астана қалалық сотына сотталушы Мұхитоваға қатысты тағы хат жіберді. Бұл жолы да хатында бойжеткенді бас бостандығынан айырмай-ақ жазалауды өтініпті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Сүлейменовтің хатын аппеляциялық сот отырысында судья Әсем Рамазанова оқыды.

«22 маусымдағы қайғылы жағдайдан бері жарты жылдай уақыт өтті. Ұзаққа созылған сот процесі онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған жандардың ығырын шығарды. Ескендірдің ата-анасы мен әжелерінің жағдайын менен артық түсінетін ешкім жоқ. Әсіресе қызым - Ләйлә. Әр сот процесі оған психологиялық тұрғыдан қысымын көрсетіп келеді. Мұхитова алғашында кінәсін түсінгендей болып өкініп еді, кейін адвокат Куриченко марқұмның өзін кінәлі етіп шығарғысы келді. Ол үшін Омбыдан арнайы сарапшы шақыртып, мотоциклдің жоғары жылдамдығын дәлелдеуге тырысты. 3 қаңтарда өткен сот отырысында адвокат жаңа сарапшылар дайындаған тың деректерді ұсынды. Жасыл түстен өз жолағымен өтіп бара жатқан мотоциклдің қауіпті әрі қауіпсіз жылдамдығы туралы айтып берді», - деп жазды Олжас Сүлейменов.

Оның үстіне, жазушы немересінің қандай болғаны жайлы да естеліктер жазыпты.

«Ескендір кішкентайынан көз алдымда өсті. Мен 1995 жылы Италияда елші болдым, ол  Рим қаласындағы бастауыш мектебіне түсті. Кейін Парижге ауысып, сол жерде оқуын аяқтады. Ата-анасы ерте ажырасқандықтан, ол біздің – ата-әжесінің қолында өсті. Біздің ұлымыз секілді болды. Адвокат Куряченко Париждегі Ескендір оқыған оқу орталықтарына Ескендір жайлы сұрау салған екен, алайда ешқандай теріс жауап келмеген. Өзім білетін Ескендір 26 жылында аузына арақ та, шылым да алмаған, студент болып жүрген кезінде-ақ көлік пен мотоцикл айдауды үйреніп, жүргізуші куәлігін алды. Францияда ондай куәлік алу оңай емес, айлап оқисың, емтихан тапсырасың. Еуропада бір де бір айыппұлсыз, ескертусіз қаншама жыл көлік айдады», - деді Олжас Сүлейменов.

Жазушы осы жолы да Мұхитованың бостандығын шектемеуді өтінді.

«Әулеттің үлкені ретінде Астана қалалық сотына хат жаздым. Мұхитованы ұқыпсыздығы үшін жазалауды, тек бостандығын шектемеуді өтіндім. Әйелім мені қолдады. Қызым Ләйлә мен жақын туыстарым мені болашақта түсіне жатар. Ләйлә әлі өзінің екі қызын тәрбиелеп, өсіруі керек. Көңілі алаңсыз болса деймін», - деп жазыпты Олжас Сүлейменов.

Ескендірдің ата-анасы соттың бұған дейінгі шешімінің өзгеріссіз қалғанын қалайтындарын жеткізді. Ал Малика Мұхитова кінәсін толық мойындағанымен, сот шешімін тым қатаң деп бағалады.

Қатысушылардың пікірін тыңдаған судья Әсем Рамазанова аппеляциялық алқаның шешім шығаратын күнін 14 қаңтарға ауыстырды.

Еске сала кетсек, белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі 27 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанада жол апатынан көз жұмған еді.  Жол апаты Мәңгілік ел – Керей -Жәнібек хан көшелерінің қиылысында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан. Ескендір Сүлейменовті Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің басшысы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова қағып кеткен. 29 жастағы Малика Мұхитова сот отырысында марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді.

24 қазанда өткен сот отырысында зардап шеккен тарап сотталушыдан 14 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын өндіруді талап еткен еді. Алайда кейін марқұмның отбасы ол талап-арызды қайтарып алды.

9 қарашада өткен жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Әлішер Бараев айыпталушы Малика Мұхитованы екі жылға бас бостандығынан айыруды және үш жыл көлік жүргізуге тыйым салуды сұрағвны белгілі.

Марқұмның ата-анасы қазақстандықтарға үндеу жасап, сотталушының шын өкінгеніне сенбейтінін айтты.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір