• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 02:19:54
Алматы
+35°

06 Наурыз, 2019 Денсаулық

Элизабет Блэкуэлл – қыздарды медицинаға баулыған алғашқы әйел-дәрігер

1847 жылы 150 ер адам білім алатын медициналық университеттің табалдырығын алғаш рет студент бойжеткен аттады.

1847 жыл, Женева, Нью-Йорк штаты. 150 ер адам білім алатын медициналық университеттің табалдырығын алғаш рет бойжеткен аттады. Алайда «әйел-дәрігер» деген тіркес мүлде қолданылмайтын АҚШ-та бұл оңайға соққан жоқ.

Элизабет Блэкуэллдің университетке түсерде жасы 26-да болатын. Ал оның кәсіби медициналық білімді алып шығуы тікелей әлгі 150 студенттің қолында болды. Олар бойжеткеннің оқуға түсу-түспеуін анықтау үшін дауыс беруі тиіс болды. Әрине, университет тарихында мұндай оқиға ешқашан орын алмағандықтан, жігіттерге қыз баламен оқу қызық болды. Сөйтіп бірауыздан 150 студент Элизабеттің білім алуына мүмкіндік берді. Алғашында бойжеткен үшін оңай болмады. Тек ер мұғалімдер сабақ беріп, ер жігіттер оқитын университет ішінде жүру қызға ыңғайсыздық тудырары анық еді. Тіпті кейбір профессорлар сабақ үстінде Элизабеттен шығып кетуін өтініп тұрады екен, себебі тақырып қыз балаларға арналмаған.

1849 жылдың 23 қаңтары АҚШ үшін тарихи күн болды. Қыз бала алғаш рет медициналық университеттің дипломын алды. Декандар мен мұғалімдер Элизабатке еріксіз бас иді. Бұл – Брэкуэллдің АҚШ-ты бағындырған алғашқы қадамы еді...

Элизабет Блэкуэлл

Элизабетті медицинаға әкелген өлім

Қыздың әкесі – Сэмюэль Блэкуэлл өте момын жан болды. 9 баласына дөрекі сөйлемеген, дауыс та көтермеген. Әкенің балалары үшін қолданған ең ауыр жазасы – бұзықтық жасаған бала отбасынан бөлек шатырдың астында тамақтанды. Сэмюэль 9 баласының да білімді болып өскенін қалады. Ең мықты мұғалімдер жалдады. Өзі қант шығаратын зауыттың басшысы болды.

Алайда басшының бойындағы адалдық пен мейірімділік, тік мінезділік жолына кедергі болды. Брэкуэлл, біріншіден, құлдыққа ашық түрде қарсы шыққан белсенді еді. Өзі секілді ойлайтын бір топпен құлдардың қашуына көмектесетін, реформашыл болды. Жақсылық жасап жүргенде зауытынан өрт шықты. Өртті біреудің қасақана ұйымдастырғанына Сэмюэль сенімді еді. Өрттен есін жиған әке отбасымен өзге штатқа ауысады. Көшкеннен кейін 3 апта өткен соң шаңырақтың отағасы ауыр дерттен көз жұмды. Әкесінің өлімі балаларының ішінде Элизабетке өте ауыр тиді. Әкесінің жан тәсілім еткенін өз көзімен көрген 17 жастағы Элизабет дәрігер болып, науқастарға көмек көрсетуді мақсаты етті.

Элизабетті ойландырған «қоғамдағы әйелдердің рөлі»

Отбасының үлкен қыздары – Анна, Марьян және Элизабет қыздарға арналған мектеп ашты. Қарыздардан құтылып, бауырларын тік тұрғызды. Мектеп 4 жыл үздіксіз жұмыс істеп тұрды. Алайда қыздардың басына қара бұлт үйірілді. Жергілікті тұрғындар Элизабеттің епископтық шіркеуді тастап кеткенін білген соң оған байкот жариялады. Соның салдарынан қыздар жеке сабақ беруге көшті.

Элизабет өзін іздеумен болды. Мақсаттары мен армандарын ойлап жүргенде «қоғамдағы әйелдердің рөлі» деген ауқымы кең тақырыпқа тап болды. Дін мен діни еркіндік мәселе де қызды айналып өтпеді. Бой жете келе адамдардың әділетсіздігіне көзі жете бастады. Қара нәсілділерге деген америкалықтардың көзқарасын білді. Қара нәсілділердің қорланып, зорлануына шыдамаған Элизабет шіркеу қызметкеріне барып, дәрігер болғысы келетінін ашық айтты. Әулие мамандығы бойынша дәрігер болғандықтан қыздың шешімін ойланбастан құптады, қолдады.

Оқуға түсу үшін Элизабет түрлі жұмыс істеді, қара жұмысқа да араласты. Медициналық колледждерге хат тасыды, осыны пайдаланып дәрігер-педагогтармен тіл табысты. Медицинаның бір ұшымен танысты. Мұғалімдерге оқуға түскісі келетіні жайлы айтқанда, олар мүмкін емес екенін, ол үшін ер адам болып киініп келуге кеңес берді. Алайда мұндай ұсынысты бойжеткен қабылдаған жоқ. Ол қыз бала, әйел ретінде білім алғысы келді. Әкесі секілді Элизабет те арманшыл әрі қайсар еді.

Арманы арқалап, үміті жетелеп Нью-Йорк штатындағы медициналық университетке табан тірейді. Табандылығы мен нық мақсатының арқасында медицина саласының студенті атанады. Оқуын бітіріп, дипломды алуын алды. Алайда дипломын іске жарату үшін де қыз талай қиындықтармен арпалысты. Заңға өзгерістер еніп, Британияда тәжірибеден өтті.

Элизабет Блэкуэлл

Алғашында хирург болуды армандаған Элизабет жұқпалы ауруға шалдыққан балаға операция жасау барысында, ауыр дертті өзіне де жұқтырып алады. Нәтижесінде бір көзі көрмей, арманымен қош айтысуға тура келеді.

Элизабет үшін жұмысқа орналасудың тағы бір қиындыққа соққан тұсы – әйел адамдар мен қыз балалардың дерті әрдайым екінші орында тұратын. Оларға нақты диагнозды да ешкім қоймаған, тіпті «жынданған» деген анықтама бере салудан тайынбайтын қоғам болды. Сол себепті әйел дәрігерге ер науқастың денсаулығын сеніп тапсыру – қасқыр алдына қой тастаумен тең саналған.

Арманы іске асқан күн

Бұған да мойымаған Блэкуэлл АҚШ-та өз клиникасын ашып, онда әйелдерді қабылдай бастайды. Әйелдерді, қыз балаларды медицинаға баулып, жұмыс ұсынды. Әйелдердің ішкі ағзасы туралы кітап жазып шықты, қыз балаларды ана болуға дайындады. Мұндай тәжірибені ол заманда еш аурухана қолданбаған екен. Бірақ Элизабеттің қолынан келді, клиниканың жұмысы алға басты.

Арманы еселей түскен күн

АҚШ-та азаматтық соғыс басталғанда Брэкуэллдің емханасы жауынгерлерді тегін қабылдады. Алайда әйелдердің бұл қамқорлығы ер дәрігерлердің намысына тиді. Олардың «Брэкуэл араласқан акцияға біз жоламаймыз» деген ұрандары әйел дәрігерге жеңіс сыйлады. Себебі оның мақсаты – бәсекелестік емес, қамқорлық жасау еді.

Соғыстан соң емханаға қарасты медициналық колледж де ашты. Ол жақта студенттер екі жыл емес, төрт жыл оқитын мүмкіндікке ие болды. Колледжге қыздар да, жігіттер де қабылданды.

Элизабет Блэкуэлл

Элизабет Блэкуэлл асыранды қызымен

«Аурудың түбі – күнәда...»

Мұнымен Элизабет тоқтаған жоқ. Әйелдердің медицинаға еркін араласуы үшін әр қалада медициналық мектеп ашуды көздеді. 50-ден асқанда әйел-дәрігер қажығанын түсінді. Тыныштықта өмір сүруді қалады. 90 жылдық өмірінен түйгені – ауыр дерт микробтардан емес, күнәлардан келеді.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір