• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:20:50
Алматы
+35°

31 Наурыз, 2019 Дін

Исламда әзіл-қалжың туралы не дейді

Исламда да орынды болса тіпті кіммен болса да әзілдесуге еш тыйым жоқ. Исламда тіпті сәбимен әзілдесу де  – сүннет саналады.

1-сәуір - Алдар Көсенің туған күні деп сонау бала кезде қызық, көңілді күн сияқты өткізетініміз естеріңізде шығар? Бала кезде сәуірдің бірінші күнін әлдекімді алдап, күлдіріп, қорқытып, соған күліп, мәз болатын күн деп түсінетінмін өз басым. Жылда бір әзіл, жылда бір алдау. Үлкендерді "сізді пәленше шақырып жатыр" деп алдап келетінбіз. Ол кезде телефон атаулы жоқ. Сонда деймін, әлгі үлкен кісі, расымен де, сене ме, баланың көңілін қалдырмайын дей ме, әлде күннің қай күн екенін елемей ме, әйтеуір, сол бір қатқан жартастай жаттанды алдауға сеніп, шақырған жерге баратын. Алданғанын білгенде, бізді бір сөгіп алып, қайтып кететін.

Сол кездері алдауға, әзілдеп болса да өтірік айтуға болмайды деп ескертпепті ешкім. Ата-анамыз кеңес заманның адамдары болғанға ма, ол кісілер де ескерту айтпапты дәл сол күні. Басқа күндері әрине өтірік айтпа, алдама деп айтады. Бірақ дәл сол Алдар Көсенің туған күнінде ерік беретін.

Бертін қарай өсе келе, оқи келе, әзілдеп болса да өтірік айтуға болмайтыны, тіпті кейбір жандардың түсінігін бойынша тек қатаң ережелерден ғана тұратын ислам дінінің өзінде орынды, шындыққа сай әзілге рұқсат бар екенін білдік. Білдік те, абайлап сөйлеуді үйрендік.

Ертең сол бір жаттанды әдетпен Алдар Көсенің туған күні деп, күллі қазақ орынды-орынсыз, болсын-болмасын саны көп, сапасы жоқ әзілдерді әлеуметтік желі арқылы таратып, өзгені алдап, қорқытатын болады, әдетінше. Ендеше, исламда әзіл туралы не айтылған екен, сол туралы тоқталсам.

Қандай әзіл болмасын өз мөлшерінде болса, яғни, тамаққа қосылған тұздай әңгіменің дәмін келтірмек. Артық айтылған кезде, тұзы көп тамақ секілді жарамсыз болып қалуы мүмкін. Көпшіліктің түсінігі бойынша ислам тыйымдар мен бұйрықтардан ғана тұрады екен. Жоқ, қателесесіз. Ислам адам өмірін барынша жеңіл, жайлы, мәнді етуге тырысатын жүйе. Исламда да әзілге орын бар. 

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірбаянына көз жүгіртсек, салмақты, сабырлылығына қарамастан, үнемі жымиып жүргенін және орнымен әзілдескенін оқимыз. Ол кісі үлкенге де, кішіге де жұмсақ әзілдер айтқан екен. Адамдар одан: «Уа, Алла Елшісі, сіз де әзіл айтасыз ба?» деп сұрағанда: «Иә, мен әзіл айтамын, бірақ арасына өтірік араластырмаймын» - деп жауап берген. (Тирмизи).

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әзілдің өзінде өтірікті тастаған адамға жәннаттың ортасынан үй беретіндігін айтқан. (Әбу Дәуіт).

Имам Науаи айтады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) әңгімелесушінің көңілін орнына түсіріп, оған деген жылы сезімін білдіру үшін әзілдесетін. Мұндай әзілге тыйым салынбайды, керісінше, сүннетке сай келеді» деп жазады.  (әл-Азкар).

"Сахабалар да өзара және Пайғамбармен әзілдесетін. Алла Елшісінің сахабаларының бір-біріне қарбыз қабықшаларын лақтырып ойнайтын кездері болатын, алайда, салмақты мәселеге келгенде олар нағыз жігіттік танытатын». (Бұхари).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әзіл арасында ғайбат, мазақтау, келеке етудің болмауын талап ететін. Әзілге оңтайлы уақыт, орын таңдай білу – сүннет.

Ендеше, әзілдің әдебін сақтай білгенде ғана құлшылық жасаған болып саналамыз.  

Ал, әзіл үшін қорқытуға келгенде, ислам не дейді?

Қызық болады, күлдіремін деген оймен бір жерге жасырынып қалып, оқыстан атып шығып, шошытып немесе аса қажетті затын жасырып қою арқылы бауырыңның үрейін алу дегендей әзілдерді бәріміз жасадық, жасап та жүрміз. Кейбір адамдар тіпті қатты шошып қалғаннан денсаулығына кері әсер етуі бек мүмкін. Сол себепті, әр нәрсе өз орнымен, өз жөнімен болғаны абзал. Исламда әзіл ғой деп те мұсылман бауырыңды қорқытып, шошытуға болмайды деп қатаң ескерткен.

Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) жолдасының аяқ киімін тығып қойған адамды көреді. Ал ол кісі аяқ киімді іздеп, әбігерге түседі. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кім мұсылманның үрейін ұшырса, Қияметте Алла оның үрейін ұшырады», «Мұсылманның мұсылманды қорқытуына тыйым салынған» деген екен. (Әбу Дәуіт). 

"Әзілің жарасса, атаңмен ойна" деген қазақтың сөзін білесіздер ғой. Исламда да орынды болса тіпті кіммен болса да әзілдесуге еш тыйым жоқ. Исламда тіпті сәбимен әзілдесу де  – сүннет саналады. Пайғамбар (с.ғ.с) балаларды ерекше жақсы көргенін, тіпті намаз оқып жатқанда жылаған бала дауысын естісе, намазын тезірек бітіруге асыққанын да оқыдық. 

Ал төмендегі хадистен ешбір ғайбатқа, мазаққа орын берместен әзіл айтуға болатындығын аңғарамыз. Әнас (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзін «Екі құлақтың иесі» деп атағанын жеткізеді. (Тирмизи). Әзілдің ұтымдылығы: біріншіден, әрбір адамда құлақ бар, сондықтан, ешбір жалған сөз қосылмаған. Екіншіден, Әнас ибн Мәлик өте тапқыр әрі аңғарымпаз болған екен. 

«Айтылған сөздің атылған оқ» екендігін жақсы білеміз. Сондықтан, адамның намысына тиетін ғайбат сөздерді әзілге қоспаған абзал. Мұсылмандар бір-бірлеріне бауыр емес пе? Және олардың арасын жарастыру ұлы Алланың бұйрығы саналады.  

Сонымен қатар, неке, ажырасу, ажырасқанда қайта қосылу мәселесінде әзілдесуге болмайды. Көптеген ер адамның ажырасу мәселесімен әзілдесетінін жақсы білеміз. Әңгіме арасында «Қызық болсын, ажыраса салайық», «Ажыраса салайын ба?» дегендей сөздер естіліп қалып жатады. Мынаны есте ұстаңыз, себепсіз айтылған сөз күшіне енеді. Себебі, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Үш нәрсе ойын үшін айтылса да, салмақты айтылса да күшіне енеді. Бұл – неке, ажырасу және некені жаңарту» деген. Сондықтан, тілді мұндай сөздерден тыя білейік. (Тирмизи).

Орнымен әрі жұмсақ айтылған әзіл – құлшылық. Мұндай әзілдерді әдетке айналдыру арқылы Алла Тағаланың (Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді. Ақиқатында, Алла – өте Кешірімді, ерекше Мейірімді» деп» деген бұйрығына амал жасаған боламыз. («Әли-Имран» сүресінің 31-аят).

Әзілдесетін кезде төмендегі шарттарды әр мұсылман жақсы біле жүргені абзал: әзілдің түбі шындыққа байлануы; өтірікке жол берілмеуі керек; біреуді мазақ етіп, қор қылуға болмайды; шектен шықпауы тиіс; әзіл кәсіпке айналмауы керек; қарумен, отпен т.б. адам денсаулығына, өміріне қауіпті дүниелермен әзілдесуге тыйым салынады; біреуді әзілдесіп ренжітіп алудан сақтану керек.

Демек, әр нәрсе өз мөлшерімен, өз орнымен жұмсалса, айтылса, адамдар арасында түсініспеушілік те, араздық та болмайды. Технология қарыштап дамыған заманда адами құндылық пен қасиеттерді ұмытпай, бір-бірімізді сыйлап, іздеп, әзілдесіп, құрметтеп жүргенге не жетсін, шіркін! 

Мақпал Сембай

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір