• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
21 Шілде, 08:10:19
Кайдзеннің өндірістегі қағидалары

12 Мамыр, 2019 Әлеумет

30 күнде өміріңді өзгертуге көмектесетін қағидалар

30 күндік челленджді қолданып көріңіз.

Даму мен өзгеріс егіз ұғым іспетті. Даму өзгерудің алдыға жылжу, жетістікке ұмтылу бағытындағы қағидасы болса, өзгерістің кейін кету, құлдырау секілді түрі де болады. Адам өмірін дарияға теңесек, дамуға, өз өмірін өзгертуге ұмтылған адам ағын су секілді. Ол жолында кездескен кедергілерді бұзып-жарып өтеді, өзінің көздеген межесіне жетеді. Бара-бара арнасын кеңейтеді. Ал өзгеріссіз адам тұырп қалған су сияқты. Ол, алдымен, бұзылып, қоқыстарды жинай бастайды және ағыны болмағаннан кейін оның көздеген межесі де болмайды. Артынша артынан келетін су болмағандықтан, жерге сіңіп жоғалады.

іздің қоғам даму жолында келе жатқан, жарқын болашаққа қол созған қоғам санатында. Демек, біздің елімізде даму бар, алға жылжу бар. Жақсылықтарды игеріп, еліміздегі барлық салаларда оң өзгеріс енгізу қолға алынып келеді.

Өзгеріс пен даму қоғамға немесе елге ғана қатысты емес. Өзгеру мен алға ұмтылу жеке адамдарға да қатысты ұғым. Адам өзгерсе, қоғам өзгереді.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі азаматтарға бір пайдасын тигізер деген үмітпен әлемдік деңгейде түрлі сала бойынша жетістікке жеткен тұлғалардың пікірлерін, ақыл-кеңестерін, атақты бизнес орталықтардың теориялық тұжырымдамаларын назарларыңызға ұсынып келеді.

Бүгін де дәстүрлі әдетіміз бойынша адам өмірін өзгертудің маңызы туралы және қандай әдістермен өз өмірімізге жылдам өзгеріс енгізуге болатыны туралы материал жазбақпыз. Сіз өміріңізді қай бағытқа өзгерткіңіз келеді? Өзіңіздің бойыңыздағы қандай қасиеттерден арылуды қалайсыз?

Сіздің тұлғаңыз өзгеріске бейім 

Сіздің санаңыз өзгерістерге әрдайым дайын болады. Бірақ ол сіздің іс-әрекетіңізге, ойлау жүйеңізге тікелей бағынышты. Сондықтан, ол сіздің толыққанды шешім қабылдаған уақытыңызды күтеді.

Осы ретте психолог мамандар өзгеруге шешім қабылдау үшін екі түрлі психологиялық қағиданы ұстана білу маңызды екенін алға тартады. Ол қандай психологиялық қағида?

Алғашқысы – өз-өзіңізді басқара білу және өзіңізді сыртқы көзқарастан талқылай алу. Иә, әрине, сіз өзіңізді өзге біреудің көзқарасы тұрғысынан сынай алатын қасиетті бойыңызда дарытуыңыз керек. Таң қалмаңыз. Өйткені, адамдар біреудің қателерін көріп, оның дұрыс жолын немесе тығырықтан шығар тұсын тап басып айтуға келгенде алдына жан салмайды. Ал осы қасиетті неге өз-өзіңізге қолданып, барлығының оң шешімін таба білмеске?

Мысалы, сіз алкаголь өнімдерін тұтынсаңыз, өзіңізді ішкілікке қарсы емес адам ретінде қабылдайсыз. Ерте тұрсаңыз, ұйқыны жеңе білетін адам ретінде, мақала, әңгіме, эссе жазсаңыз, автор ретінде қабылдайсыз. Барлығы өз-өзіңізді қалай қабылдауға байланысты. Өз іс-әрекетіңізді қалай бағамдағаныңыз сіздің тұлғалық өзгерісіңіздің алғышарттарының біріне айналады.

Екіншісі – сыртқы факторлар есебінде болып жатқан жай-күйді қабылдау деңгейіңіз. Қоршаған ортаның іс-әрекеті мен өзіңіздің іс-әрекетіңіздің ішкі түйсігіңізге қалай әсер ететінін бағамдау арқылы сіз өзгеріске ұмтылуға жол ашасыз.

Мысалы, мұз толтырылған ваннаға түсер алдында сіз одан қорқып, тоңатыныңызды сезіп, эмоцияға ерік берсеңіз, түскен кезде қатты салқынды сезінетініңіз белгілі. Ал оған бейтарап қарап, эмоцияны құрықтап ұстасаңыз, салқынды сезгенмен, одан қатты зардап шекпейсіз.

Аталған психологиялық қағиданың негізгі мақсаты – сыртқы факторлар арқылы өз санаңызды алда болатын іс-әрекетке даярлау. Бұл әрекет арқылы кез-келген жерде санаңызға сенімділік сезімін орнатуға болады. Бұл қаншалықты маңызд? Өйткені, сіздің тұлғалық өзгерісіңіз физикалық күшіңіз арқылы емес, түйсік деңгейіңіз арқылы жүзеге асады.

Сәттілік мәселесі 

Адамдардың көпшілігі, мейлі ол жетістікке жеткен адам болсын, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні тояттау сезіміне ерік береді.

Әрбіріміздің жан дүниемізге жақын әрі болмысымызбен қалайтын сүйікті ісіміз, арнаулы ортамыз болады. Біз сол бағыт бойынша жетістікке жетуге ұмтыламыз, сол бағытта бар күш-жігерімізді салып, еңбек етеміз. Өзіңіз байқайтын боларсыз, әншілер халық арасында үлкен танымалдылыққа жеткен шағында олардың жаңа туындылары ішпыстырарлық деңгейге түседі. бұл  олардың тояттаған шағы. Аталған кезең әлемдік дәрежеде ойып тұрып орын алатын үлкен корпорация, компания жетекшілерінің де тұсынан айналып өтпейді. Ал мейрамхана қожайыны есігінен қонақ үзілмейтін дәрежеге жеткенде ас мәзірін сирек өзгерте бастайды. Өйткені, ол түскен табыстан тояттап қалды. Осы кезеңде даму деңгейі төмендейді немесе мүлде тоқтап қалады. Барлығы сіздің пайдаңызға жұмыс жасап тұрған шақта одан әрі дамудың қажетсіздігі немесе барына қанағат ету сезімі билей бастайды бойыңызды.

Қарап отырсақ, адам өз-өзін бір жетістікке жетуді қалаған кезде немесе бар нәрсесінен айырылып қалудан қорыққан кезде жігерлендіреді. Егер сіз өз жұмысыңызда ілгерілеп, мансаптық жолда көтерілгіңіз келсе, сіз бұл бағытта әрекет етесіз. Басшылықтың оң көзіне түсіп, жұмыс өмінділігіңіздің жоғары екенін дәлелдеуге тырысасыз. Ал егер жұмысыңыз, мансаптық дәрежеңіз сізді қанағаттандырса, сіз жағымсыз жағдай орын алмас үшін өзіңізге берілген тапсырманы тыңғылықты орындап, құлдыраудан қашқақтап отырасыз.

Сіз даму жолында әрекет етіп, жетістікке жету жолында қимылдай бастаған кезде, үлкен тәуекелдерге бас тігесіз және қорқыныш сезімі сізді мүлде мазаламайды. Өйткені, сіз өзіңіздің жетістікке жеткен кездегі өміріңізді көзіңізге елестетіп, соған жетпейінше тынбауға өз-өзіңізбен уағдаласасыз. Оосы кезеңде адам өзін-өзі барынша қамшылап, тоқтамай әрекет етеді. Әлдекім оны алға қарай итеріп тұрған секілді сезім оны бей-жай қалдырмайтын еді, өйткені.

Ал сәтсіздіктерге ұрынудан қашқан адамның жігері оны басқа бағытқа жетелейді. Аталған типтегі азаматтар бұл кезеңде үлкен тәуекелдерді жасауға қауқарсыз болып келеді және оның санасына марапаттар мен жетістік кезеңі көрініс бермейді. Ол тек қана өз жолында кездесіп атқан мәселелерге бой алдырмай өтіп, тура жолда жүріп отыруды көздейді. Оның бір күні адаспасына кім кепіл?

Адам біршама жетістікке жеткен кезде оның өмірінде ешқандай талпыныс болмайды және ол еріншектікке, қорқақтыққа бой алдырады. Бұл – даму жолындағы орын алған кішкене үзілістердің әсері.

Жетістікке жетіп, әрі қарай тоқтаусыз әрекет ете бастаған кезіңізде сіздің санаңызда "не үшін жасап жатырмын?", "не істеп отырмын?" деген сияқты сұрақтар туындай бастайды. Содан кейін тек қана өзіңіздің тамша жағдайыңызды қолдап отыру үшін ғана талпыныс жасайсыз. Өйткені, сіз күдікке бой алдырасыз және тұлғалық болмысыңызды жоғалтасыз. Өзіңізге сұрақ қойып көріңіз. Сіз не үшін тырысып жүрсіз: дамуға ма әлде бар нәрсеңізді жоғалтып алмау үшін бе? Өзіңізді тамаша тұлға етуге тырсасыз ба әлде қолда барды жоғалтпай, бірқалыпты өмір сүруді жөн деп санайсыз ба?

Өзіңізді қайтадан жасақтап отырудан қашпаңыз 

Netflix-тің "Шефтен" ("От шефа") атты деректі сериалында әлемдегі танымал бас аспаздар туралы айтылады. Сол жерде осы тақырыпқа тура келетін бір тамаша эпизод бар. Гагган Азиядағы маңдайалды бас аспазға айналғаннан кейін ол өзінің баршылық жағдайында өмір сүре беруіне болатын еді. Гагган Ананд қолданыста тұрған ас мәзірін толығымен алып тастап, басқа асмәзірін жасайтын әдетімен танымал. Ол осылайша өзін және кәсібін сынақтан өткізіп отырады. Кезекті ас мәзірі қонақтарға барынша ұнап, ойлағаннан жоғары табыс түсіріп жатса да бас аспаз оны алып тастаудан қорықпайды.

Бұл ұсақ-түйекке бой алдыру сияқты болып көрінеді. Бірақ мүлде олай емес. Ол барлығын басынан бастау арқылы қорқыныштың айналасынан шығып отырады. Әрбірп ас мәзірін қайта әзірлеген сайын ол жаңа ойларының арқасында оны бұрынғыдан да жақсы етіп шығарады. Осылайша ол қолда барды ұстап қалуды емес, әрдайым даму үстінде болуды мақсат тұтқан.

Мейрамханалар танымалдылыққа қол жеткізіп, есігінен қонақ үзілмейтін дәрежеге жеткеннен кейін сервистік жағдайды да, ас мәзірін де өзгертуден қалады. Өйткені, олар бағана жоғарыда айтқанымыздай, тояттайды. Ал тояттаған басшылықтың дамуды тоқтататыны айтпаса да түсінікті.

Мысалы, жетістікке жетсе де дамуын тоқтапайтын мейрамханалар өздерінің сервистік жағдайын, залдағы үстелдердің орналасу қалпын, ас мәзірін толыққанды өзгертіп отырады. Өзгеріс келген қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйлайды.

Гагганның тәжірибесі барлығына үлгі болса, онда бәсекелестіктің деңгейі бүгінгіден әлдқайда жоғары болар еді. Гагган ас мәзірінен бөлек өзін-өзі әрдайым жаңа бағытта сынап көруден қашпаған екен. Ол сонысымен танымалдылыққа да, материалдық жағдайының молаюына да қол жеткізді.

Нағыз еңбекқор адам жаңа шекараларды бұзудан шаршамайды. Және ол уағында межелеген тұсқа жетпейінше тоқтамайды. Жаңа белеске шыққаннан кейін жаңа мақсаттар туындап, оларды жүзеге асыруда адам өз-өзін жігерлендіре білуі тиіс. Егер сіз бір бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетсеңіз, екінші бір дүниені үйренуге кірісіңіз. Адам бір ғана нәрсені үйренуге және сонымен тоқтап қалуға міндетті емес. Адам туылғанда ол бірнеше бағытта жұмыс жасауға қабілетті болып туылады. Әртүрлі бағытта өз-өзіңізді сынап көруге тырысыңыз. Бұл жағдайда сіз тояттап қалу қаупіне бой алдырмайсыз. Сонымен қатар, әрдайым тұлғалық болмысыңызды дамыта түсесіз.

30 күндік челлендж 

Сіз өзіңізді өзгертуді қаласаңыз, осы әрекетті 30 күн ішінде іске асыруға тырысып көріңіз. Бұл тәсіл әлемдік деңгейде дәлелденіп, өз нәтижесін беретін әдіс ретінде танымал болған.

Ойланып көріңіз: біраздан бері қандай істі жүзеге асыруды мақсат етіп жүрсіз? Егер ондай дүние болса, бұл әдіс сізге міндетті түрде көмектесу керек.

Өзіңізді қатты ұстап, 30 күн бойы ойға алған ісіңізбен айналысыңыз. Мысалы, артық салмақтан арылғыңыз келсе, 30 күн бойы жаттығулар жасаңыз. Осылайша сіз өз өміріңізді өзгерте аласыз.

Ал жазуды әдетке айналдырғыңыз келсе, бір ай бойы қолыңызға қалам алып, талпыныс жасай беріңіз. Бір айдан кейін жасаған әрекеттеріңізді сараласаңыз, өзгерісті байқайсыз. Осыдан кейін тоқтап қалмай, басқа бір бағытты игеруді бастаған жөн. Бір ай аралығында сіздің мақсатқа жетуіңізге кедергі болатын қорқыныш сезімі басылады.

Осындай дәлелденген тәсілдерді қолдана білсеңіз даму жолында үлкен секіріс жасайсыз. Ал бұл аралықта басқалар кішкене қадамдарына тояттап отыруы мүмкін.

Өміріңізді өзгертіңіз! Болашағыңыз мен тұлғалық болмысыңызды дамытыңыз! Жетістікке жетіңіз! Ешкім кедергі келтірмейді!

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір