• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 23:03:32
Алматы
+35°

25 Мамыр, 2019 Аймақтар

Жамбылдық делегация Өзбекстанның Жизақ облысына барды

Екі ел арасындағы қалыптасқан достықты ілгерілету, әріптестік байланысты нығайту мақсатында

Екі ел арасындағы қалыптасқан достықты ілгерілету, әріптестік байланысты нығайту мақсатында Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай Жамбыл облысынан бір топ мәдени делегация Өзбекстан Республикасының Жизақ облысына барды. Арнайы бекітілген бағдарламаға сәйкес, өңірлік өнер иелерінің кезекті гала концерті Жизақ облыстық музыкалық драма театрында өтті. Сахнаға Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен Жизақ облысы әкімінің орынбасары Азизбек Эгамбердиев, Жизақ облыстық мәдениет басқармасының басшысы Камол Фахродов бауырлас екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі іс-шаралар ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіре отырып, жамбылдық делегацияға қасиетті Мекке қаласы мен Өзбекстанның ғажайып табиғаты суреттелген сағаттарын сыйға тартты. Өз кезегінде әулиеаталық делегация да Жамбыл облысы әкімдігінің атынан облыс шеберлерінің қолынан шыққан жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бейнесі өрнектелген кілемше және «Көне Тараз» картинасын табыс етті.

  Жамбыл облысынан барған Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблі мен Сарысу аудандық «Айжан қыз» халықтық би ансамблі Жизақ жұртшылығына жергілікті және Қазақстан композиторларының күйлері мен әсем әндерін ұсынса, айтыскер ақын, Республикалық ақындар мен термешілер қоғамының мүшесі Дидар Басықараев бауырлас өзбек еліне қазақтың қасиетті қара домбырасымен арнауын айтып, көрерменнің көңілінен шықты. Сонымен қатар, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова өзбек халқының танымал «Кетма» әнін шырқап, көпшіліктің көңілін көтерді.

Достық сапары барысында Жуалы аудандық халық театры Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты Асанәлі Әшімовтың өмір тарихына құрылған поэтикалық драмасын ұсынды. Қойылымға тәнті болған халық қол шапалақтап, өз ризашылықтарын білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы Жизақ облысының тарихи-мәдени орындарын тамашалады. Орталық Азиядағы ең ірі және көне шаһар, әрі Жібек жолы бойында тұрған ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген Самарқанд қаласында орналасқан «Регистан» алаңы, Әмір Темір мен Биби Ханум кесенелері, Мырза Ұлықбек обсерваториясы, «Шахин-Зинда» және «Хазірет Қызыр» мемориалды кешеніне және тағы да басқа ескерткіштерге экскурсия жасады.

Дулат Айтбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір