• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 17:59:33
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2019 Аймақтар

Көпбалалы анаға пәтер сыйлады

Рамазан айындағы риясыз қуанышқа кәсіпкерлер кенелтіп, «Туған жерге ту тіккен!» тұлғалардың болмысын танытуда

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл жерінде көпбалалы аналарға пәтер кілті табыс етілуде. Рамазан айындағы риясыз қуанышқа кәсіпкерлер кенелтіп, «Туған жерге ту тіккен!» тұлғалардың болмысын танытуда. Мұндай игі бастаманың жалғасы ретінде күні кеше Т.Рысқұлов ауданынындағы меценат та көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады.   

Көрегенділік көрсеткен «Golden compass Jambyl» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Құрбан Изалов ұжымдастарымен бірге аудандағы 7 балалы ана Әсел Құрмановаға 5 бөлмелі үй сыйлады. Баспананың кілтін тапсыру сәтінде кәсіпкер Құрбан Изалов:

–Жаңа қоныс көпбалалы отбасына құт болып, осы шаңырақтан еліміздің игілігіне қызмет ететін перзенттер өсіп, өнсін! –деп тілектестігін білдірді.

Луговой ауылындағы Бейбіт Абуталипов көшесінде орналасқан  бұл баспананың 15 сотық жер телімі, қора жайы, моншасы, ауызсу құбыры, бақшасы бар. 130 шаршы  метрді құрайтын үй толықтай жаңартылып, ағымдағы жөндеуден өткен. Абаттандырылып, газға қосылған.

–Көптен бергі тілегіміз бүгін орындалып, қайырымды жандардың арқасында ойымыздағыдай баспанаға қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Ел басқарған басшыларға, қайырымды азаматтарға айтар алғысым шексіз. Аналық ақ ниетіммен еліміздің бірлігі ыдырамай, кемел болашаққа жетуді тілеймін, -деп Әсел Ертайқызы қуанышын жасыра алмады.

Төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған отбасын аудан әкімі Е.Садырқұлов пен  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Бижанов  құттықтап барып, ізгі тілектерін білдірді.

Айта кетейік, ауданның 42 елді мекенінде 13370 отбасы бар. Оның 3492-і   көпбалалы шаңырақ.  Ал, 1710 ана «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған.

Аудан бойынша баспана алу кезегінде  622 адам тұрса, оның 100-і көпбалалы аналар. Атаулы әлеуметтік көмек алушы 1718 отбасы (11437 адам) болса, оның 983-і көпбалалы жанұя. Көпбалалы 552 отбасының 880 баласы мектепте тегін  ыстық тамақпен қамтылып, жаз маусымында 200 бала тегін демалыс лагеріне жіберіледі.

Аудан басшысы бұл – ана мен балаға жасалған қамқорлықтың бір парасы ғана екенін, мұндай қолдаулар мен көмекке мұқтаж отбасыларға  қамқорлық әлі де өз жалғаса беретінін айтты. Ел келешегінің кемелділігі үшін жасалған мұндай қолдаулар барлық аймақта арта берсе дейміз.

Жайдар Азамат

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір