• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:20:45
Алматы
+35°

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ұйымдастырушылармен және Әзірбайжаннан, Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Түркіменстаннан, Қазақстаннан келген композиторлармен кездесті.
Кездесуде мәдениет пен өнерді бірлесе дамыту бойынша Халықаралық ұйымының (ТЮРКСОЙ) бас хатшысы бұндай шараның Қазақстанда тұңғыш өтіп жатқанын атап өтті.
- Бүгін Атырауда әлемдегі барлық музыкалық фестивальдерге қатысып жүрген талантты, белгілі композиторлар жиналып отыр. Алдағы жоспарларымыз ауқымды. Бізді Оңтүстік Кореядағы музыкалық фестиваль күтіп тұр. Жақын арада Башқұртстанда түркі халықтарының заманауи музыкасының фестивалі өтеді. Татарстан Еуразиялық фестивальді өткізеді. Бүгін Атыраудағы осындай бір үлкен шараға қатысып отырмыз. Оның біздің елдердің музыкалық мәдениетін дамыту үшін маңызы зор,-деді Дүйсен Қасеинов.
Облыс әкімі халықаралық фестивальдің ұйымдастырушылары мен қонақтарына арнап лебізін айтты.
- Сіздер өз ісін үздік меңгерген шеберсіздер. Алла берген таланттың, еңбектеріңіздің арқасында табыс биігінен көріндіңіздер. Сіздерді өз елдеріңіз ғана емес, жырақ жерлер де танып отыр. Біздің де мәдениет, әдебиет, өнер қайраткерлері мәртебелі республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, лауреат атанып жүргенін мақтанышпен атап өтемін. Бұл біздің корифейлеріміз қалыптастырған базаның, дәстүрдің жемісі. Бұл Құрманғазы, Динаның елі,-деді Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы бұндай ауқымы кең шаралар мәдениет, музыка, өнер арқылы мемлекетаралық қатынастардың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Шараға Алыс-жақын шетелдерден түркітілдес халықтардың өнерінің туын желбіретіп жүрген композиторлар қатысты. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының Халық әртісі, РФ Композиторлар Одағының Төрағасы, Рашид Қалимуллин, Башқұртстан Халық әртісі, Башқұртстан Композиторлар Одағының Төрағасы Лейла Исмагилова, Қырғызстан Халық әртісі, Қырғызстан Композиторлар Одағының Төрағасы, Қырғызстан Мемлекеттік консерваториясының ректоры Мұратбек Бегалиев, Әзірбайжан Халық әртісі, Гаджибеков атындағы Әзірбайжан Мемлекеттік музейінің директоры Сардар Фараджев, Өзбекстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясының доценті Хуршидахон Хасанова, Түркменстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Түркменстан Композиторлар Одағының Төрағасы Ровшен Непесовтар көктеңіздің сағасына, Ақ Жайықтың жағасына келіп, өз туындылары арқылы түбі бір түркі халықтарының туыстығын дәлелдеді.

Сондай-ақ, өз еліміздің ардақтылары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Дәлденбай, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры Владимир Стригоцкий-Пак, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті Ермек Өміров, Халықаралық конкурстардың лауреаты Хабиболла Сетеков, Халықаралық конкурстардың лауреаты, Өскеменнен келген Светлана Апасовалар да фестивальге қатысты. Фестиваль жобасының авторы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Түркі композиторлар қауымдастығының Президенті Балнұр Қыдырбек.

Фестиваль шымылдығы республикалық конкурстардың лауреаты Сая Жұмашеваның дирижерлік етуімен, «Нарын» халық аспаптар оркестрінің орындауындағы Балнұр Қыдырбектің «Алтай-Атырау арасы» туындысымен ашылды. Сардар Фараджевтің «Көроғлы», Светлана Апасованың «Сарыарқа ХХІ», Лейла Исмагилованың «Қурай мен оркестрге арналған пьеса», Хабиболла Сетековтың «Чапбаят», Р. Абдуллаевтың «Ләзги», Ермек Өміровтың «Үш өзен» «Ақжайық», Ровшен Непесовтың «Түрікмен өрнегі», Владимир Строгацкиі-Пактің «дала тойы», Бахтияр Аманжолдың «Қиядан қиқу түскенде», Хуршидахон Хасанованың «Qizgina» шығармалары оркестрдің орындауында көрермендер қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, Балнұр Қыдырбектің «Туған мекен Күреңбел» әні Абай атындағы Қазақ МемлекеттікАкадемиялық опера және балет театрының жеке солисі Дархан Жолдыбаевтың, Мұратбек Бегалиевтің «»Сағындым» әні Абай атындағы Қазақ МемлекеттікАкадемиялық опера және балет театрының жеке солисі Гүлзат Дәуірбаеваның, Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әні Гүлзат Дәуірбаева мен дархан Жолдыбаевтың, Татьяна Шалгинованың «Анис әні» Гүлзат Дәуірбаеваның, Бейбіт Дәлденбайдың «Кездесейік» әні Гүлзат Дәуірбаева мен Дархан Жолдыбаевтың, , Рашид Калимуллиннің «Качан гана очрачырбыз» әні Гүлзат Дәуірбаеваның, И. Азманлидің «Әзірбайжан байрағы» әні Гүлзат Дәуірбаева мен Дархан Жолдыбаевтың орындауында орындалды.

Кеш соңында сахнаға облыс әкімінің атынан «Ықылас» гүлі әкелінді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір