• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 02:56:09
Алматы
+35°

Жамбыл облысы Шу ауданындағы ең шалғай орналасқан ауылдық округтердің бірі Балуан Шолақта Дәрменбековтер отбасына бес бөлмелі үйдің кілті табыс етілді. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асырылып отырған бұл шара партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найман Сұлтанбаевтың бастамасымен жасалып отырғанын атап өткен жөн.

Бес бөлмелі үйді сатып алуға демеушілік көрсеткен – Балуан Шолақ ауылының тұрғыны, «Қалқа» шаруа қожалығының жетекшісі Сағадат Мадалиев екенін де айта кету керек. Жомарт жүректі азамат бұрнағы жылдары да өз ауылының тұрғындарына мейлінше көмек көрсетіп, бірқатар отбасыларға материалдық жағынан қол ұшын берген. Атап айтар болсақ, сол ауылдың маңындағы қорғанға қоршау салу мақсатында үш миллион екі жүз мың теңге көлемінде ақша бөліп беріпті. Оған қоса, былтыр Балуан Шолақта үлкен мешіт салынғанда Сағадат Мадалиев бір түйе мен бір миллион теңге қаржы қарастырып, үлкен сый жасапты. Міне, жуырда ғана алты баланың ата-анасына бес бөлмелі үйді сатып алып беріп, кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты шара барысында «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найман Сұлтанбаев ізгі тілегін жеткізіп, ауыл азаматтарына алғысын жеткізді. «Балуан Шолақ ауылының бірлігі бұрыннан бекем, тірлігіде тиянақты. Жетім-жесірін жылатпаған ата-бабамыздың аманатын қаз-қалпында сақтап келе жатқан ауыл. Олар кез келген кезде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алады. Бұған осы ауылда әкім болып қызмет істеп жүрген кезде-ақ куә болғанмын. Баспана иелеріне құтты болсын деймін» - деді Найман Сұлтанбаев.

Қайырымдылық шарасының бас-аяғында жүріп, жұртшылықты дәл осындай игі шараға жұмылдыра білген, түйгендері мен көргендері көп ақ самайлы әже Шымшық Мадалиева бастаған бірқатар аналар мен ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат Сағындықов ұйымдаса келе су жаңа үй берекелі болсын деген ниетте ауылдықтарға дастархан жайды. Сондай-ақ,  «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы  қоныс иелеріне тоңазытқыш сыйға тартып, мәрттік жасады. Сонымен бірге, жоғарыда аты аталған ақ жаулықты аналар қуаныш иесінің балаларына киім-кешек берді.

Шынын айту керек, қайырымдылыққа жаны құмар азаматтар өзі жасаған жақсылығын көпшілікке жария етуді жөн санамайды. Алайда, Сағадат Мадалиевтың қайырымдылығы өзге де кәсіпкерлерге үлгі болса деген ниеттеміз. Кәсіпкердің өзі «Анамыз ылғи да «Жақсылық жасауға асығып тұрыңдар, қайырын өздерің көретін боласыңдар» дейді. Біз үшін анамыздың әрбір айтқан сөзі заң. Ал, мұқтаж азаматтардың қуанған сәтін көру – мен үшін үлкен қуаныш» дейді.

 Аталмыш қайырымдылық шарасының соңында сексеннен асқан Шымшық әжеміз көрегендік танытып, ауыл тұрғындарын ауызбіршілікке шақырды.  

Шапағат Қонысбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір