• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 07:39:23
Алматы
+35°

Қоғам белсендісі, адвокат Айман Омарова Ұлттық кеңестің жиынында сот жүйесіне өзгеріс енгізілу керектігін айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  

"Еліміздің басты байлығы – адам. Мен тек қана құқық қорғаушы емеспін, адвокатпын. Қазіргі кезде саяси топтың мүшесі ретінде белгілі бір заңдарға өзгеріс енгізілгенін қалаймын. 

Біріншіден, адвокаттардың тәуелсіздігіне назар аудару керек. Адвокаттар судьядан, прокурордан қорқып жүрген адамдар. Бұлай болмауы керек. Әсіресе ауылдағы адвокаттардың жағдайы қиын. Бір-екі ауданда 1-2 адвокат бар. 

Екіншіден, БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізілсе. Әсіресе ҚР Қылмыстық кодексінде жала жабу деген 130-бап бар. Мұны алып тастау керек. Себебі, журналистер ешкімнен қорықпай, ақпарат таратуы қажет. Бұған азаматтық істің өзі де жеткілікті. Қазір менде 13 журналист бар. Солардың құқығын қорғап жүрмін. Журналистерді балағаттаған, қорқытқан және соққыға жыққан. Бұл біздің иммиджімізге кері әсерін тигізеді.  

Үшіншіден, бізде босқындар туралы заң бар. Мысалы, жол жүру құжаты деген бар. Бұл босқын мәртебесі берілген адамға Қазақстан аумағы шегінен тысқары жерлерде жүріп-тұруға беріледі. Бірақ аталмыш құжат халықаралық стандарттарға сай емес. Тек қана формальды түрде бар. Сол себепті түбегейлі реформа керек. 

Төртіншіден, түрме реформасы. Түрме адамды түзетпейді. Көбісі түрме курорт емес қой, деп түсінбей жатады. Сонда бізге тергеудің, соттаудың не қажеті бар? Ұрып-соғатын болсақ, соттың не қажеті бар? Керісінше, қылмыскер түрмеде түзеліп, қоғамға қайтып оралуы керек. 

Бесіншіден, зорлық-зомбылыққа қатысты мәселе бар. Мен қатты қиналатындар зорланған әйелдер деп ойлаушы едім. Бірақ қоғамда зорланған ер балалар да бар. Осы мәселеге қатысты департамент құрылуы керек. Әйелдерге бөлек және балаларға бөлек құрылуы қажет. 13 жастағы баланы Сарыағаш ауданында зорлаған. Қасындағы балалар оны "тесік" деп атайтын болған. "Жығылғанға жұдырық" демекші, Түркістан аудандық соты зорлаған баланы ақтап, бостандыққа жіберген. Олар интернатты жапқысы келмейді. Сонымен қатар, бір кішкентай ауылда 14 ер азамат бір қызды зорлаған. Бірақ біз сол іспен не болып жатқанынан хабарсызбыз. Халықтың соңғы үміті сот. "Сот жүйесін өзгерту керек" деп ойлаймын. Сот жүйесінде тек кәсіби мамандар және адал азаматтар болуы керек", – дейді Айман Омарова.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір