• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 03:28:38
Алматы
+35°

«Айша бибі», «Теріс-Ащыбұлақ» әскери полигондарында Қазақстан-Ресей оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Шараға қос елдің тау жағдайында ұрыс-қимылдарын жүргізуге бейім әскери құрамалары қатысты. Бір қызығы бұл оқу жаттығу жиынына Ресей жақтан келген 150 әскери қызметші Тыва Республикасынан басталған 3000 шақырым жолды жаяу жүріп өткен, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан жақтан бұл оқу жаттығу жиынына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жаяу әскері, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының таулы-қорықшы әскери жасағының жеке құрамы, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің «Оңтүстік» қолбасшылығының шекарашылары, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар қызметінің жасақтары қатысып, өздерінің қарым-қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Ал Ресей Федерациясынан бұл жиынға Орталық әскери округінің 41 жалпыәскери бригадасының 55-тау мотоатқыштар бригадасының жеке құрамы қатысқан.

Оқу-жаттығу жиынында барлау әрекеттерін жүргізу, қарсыласты аңду, заңсыз қаруланған құрылымдардың базасын бұғаттау және жою, қарулы қарақшылар басып алған елді мекендерге шабуыл жасау кезіндегі әскери құрамалардың дайындығы пысықталды. Ол үшін дәл осындай оқыс жағдайға ұқсас ұрыс-қимылдары ұйымдастырылды. Онда қаруланған топ шекараны кесіп етуге әрекеттенді. Қарулы қарақшылардың кейпіне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері енді.

–Өңірдегі әскери-саяси тұрақтылықты нығайту мақсатында біз әрқашан кез келген қауіп пен қатерге дайын болуымыз қажет. Қауіпсіздікке төнген қатердің кез келген түріне жедел төтеп беру мақсатында осынау бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізудеміз, –деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Қайдар Қарақұлов.

Жалпы тау жағдайындағы ұрыс қимылдарының барлық алгоритмдері пысықталған бірілескен оқу-жаттығу жиыны «Айша бибі» және «Теріс-Ащыбұлақ» әскери полигондарында екі апта бойы өткізілді. Оған 100 әскери техника жұмылдырылды. Оның 40 данасын Ресей әскерилері алып келген.

Сондай-ақ оқу жаттығу жиынының басты ерекшелегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 91 678 әскери бөлімі жауынгерлерінің жауынгерлік дайындығының сыналуы болды. Өйткені, бұл құрылым еліміздегі атты жасағы бар бірден-бір әскери бөлім саналады. Оқу-жаттығы жиыны кезінде атты әскерилер оқ-дәрілерлер ұрыс-қимылдары жүргізіліп жатқан таудың техника жүруге қабілетсіз аумақтарына тасымалдады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір