• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Қазан, 05:51:51
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті

14 Қыркүйек, 2019 Барлық аймақтар

Париж келісімінің «жасыл экономикаға» қандай қатысы бар?

Қазақстан алдағы 30 жылда төмен көміртекті саланы дамытуға күш салмақ.

Әрине,  әлемдік басқосулардың да мәні бар. Жиналған мемлекет басшылары ортақ тұжырымға келіседі. Жалпы тарихқа назар аударсақ, мұндай саммит пен жиындардың халықаралық мәні бар екенін байқауға болады.  Өйткені кез келген проблеманы шешу үшін мұндай кездесулердің маңызы жоғары.

Әрине бәрі де адамзат үшін, адамның игілігі үшін жасалатыны сөзсіз. Жалпы басты мәселе мынада: бұл кездесулерде айтылған пікірлер мен қол қойылған келісімдер орындалуы тиіс. Қазір әлемдік экономика алға қарай қарыштап, дамып барады. Әрине, бұл қуанышты жағдай. Десек те, оның зардабы да адам баласына оңайға тимейді. Негізі өндірістің дамуынан елдің, адам баласының әл-ауқаты артады. Бірақ қоршаған ортада экологиялық тепе-теңдік бұзылады. Оны жоққа шығармауымыз керек. Сондықтан да  ғаламдағы басқосулардың бірсыпырасы осы экологиялық тепе теңдікті сақтауға арналған. Бір ғана мысал, 1997  жылы Жапонияның Киото қаласында тұжырымдама   қабылданды. Ол осы қаланың атына сәйкес, Киото хаттамасы деп аталды. Аталған халықаралық құжаттамаға сәйкес, барлық мемлекет қоршаған ортаны қорғау үшін күресу керек. Оның аясында талай қадам жатыр. Өндірістік қалдықтарды сыртқа төкпеу, өзен-суды ластамау, парниктік газдарды азайту сынды экологиялық тазалыққа қатысты нәрселер. Бірақ жиырма жылдан аса өмір сүрген құжатты соңынан жаңарту қажет болды. 2015 жылы Францияда өткен форумға 195 ел қатысып, арнайы қаулы қабылдады. Қабылданған құжатқа сәйкес, 195 мемлекет жер бетіндегі температураның 2 градустан артық көтерілмеуіне жол бермеуі қажет. Жалпы қазір ауа температурасының жылынуына қосымша ықпал ететін факторлар өте көп. Атап айтар болсақ, ғылыми-техниканың барған сайын жылдам қарқынмен өсуі табиғатқа өз әсерін тигізуде. Өндірістік қалдықтар мен зауыт-фабрикалардан түтіннің шығуы, парниктік газдардың көбеюі мұның барлығы да экологияны бұзуда. Бұл адамның денсаулығына қатты әсер етіп жатқан жағдайы бар. Өндірістік басым көпшілігі көмірмен жұмыс істейді. Мұнан құтылудың жолы бар ма? Бар.  Ол – «жасыл экономика» саласын дамыту.  

Біз жоғарыда Францияда 195 мемлекет қол қойған Париж келісімі туралы бекер айтқан жоқпыз. Расында да Киото хаттамасынан кейін 20 жылға жуық уақыт өтті. Өндіріс дамыды, экономика өсті. Бірақ қоршаған ортаның ластануы бұрынғыдан да айқындала түсті. Сондықтан да Киото хаттамасының орнына жаңартылған Париж келісімін жасау керек болды. Бұл шын мәнінде жетілдірілген жаңа құжаттама болды.

Әрине, Киото хаттамасына қарағанда Париж келісімі жедел жүзеге асты деуге болады. Ақиқатын айтар болсақ, 1997 жылы қабылданған келісімде парниктік газдардың шығарылымын ортақ мақсатта азайту көзделді. Ал Париж келісімінде дамыған және дамушы елдердің экономикалық өсіміне қарай  парниктің газдарды азайту үлесі әр елге белгіленіп берілді. Олар экономикасының қуаттылығына орай әрқайсысы өзіне  міндеттеме алды. Бірақ ортақ көрсеткіш жаһандық +2 градус. Сондықтан да жалпыға бірдей ортақ нәрсе температураны +1,5 градустан асырмау міндеті  қойылды.

Жалпы Киото хаттамасына қол қою ұзаққа созылғанын айта кету қажет. Сондықтан оның орындалу және жүзеге асыру барысы да шамамен сегіз жылға ұзаққа созылды. Ал Париж келісіміне қол қоюға бар -жоғы бір жыл ғана қажет болды. Бұл негізі нені білдіреді? Барған сайын экологияның ластануына дамыған және дамушы елдердің қатты алаңдап отырғанын көрсетеді. Нақты дерекке жүгінер болсақ, Париж келісіміне қатысқан 195 елдің 179 аталған құжатты заңдық түрде өз мемлекетінде бекітті. Қазақстан елі де бұл халықаралық құжаттан қалыс қалған жоқ. 2016 жылдың тамыз айында оны парламентте бекітті, яғни халықаралық тілмен айтатын болсақ, ратификациялады.    

Біз жоғарыда «Париж келісімінің» «жасыл экономикаға қандай қатысы бар?»  деген сауалды тақырыпқа бекер шығарған жоқпыз. Нақты айтар болсақ, аталған келісімнің  «жасыл экономикаға» тікелей қатысы бар.

Өйткені әлі де болса, әлемнің көптеген елдері көмірмен жұмыс істейтін стансаларды пайдаланып отыр. Атап айтар болсақ, Қытай, Германия, ЕуроОдақтың  басым бөлігі жылу электр стансаларына отын ретінде көмірді пайдаланады. Ал жылу электр стансаларының мұржасынан шыққан түтіннің қаншылықты улы және адам денсаулығына, қоршаған ортаға зиян екенін екінің бірі біледі. Сондықтан да аталған елдер, сонымен қатар өркениетті  елдердің басым көпшілігі көмірді тұтынудан бас тартып, «жасыл экономикаға» көшуді жоспарлап отыр.

Бір ғана мысал, 2030 жылға қарай Голландия елде жұмыс істеп тұрған стансалардың барлығын біржола жабуды көздеп отыр. Сонымен қатар, Қытайдың өзі осыдан екі жылдай бұрын көмірмен жылытылатын сексен бес электр стансасының құрылысын тоқтатты. Мұның барлығы әрине дүние жүзінің зиянсыз «жасыл экономика» бағытына бет бұру екендігі сөзсіз.

Әрине «жасыл экономикаға» көшуге қатысты қазіргі таңда Қазақстан үкіметі  кезең-кезеңмен жұмыс істеуде. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бүгінде үкімет міндеттемелерді жүзеге асыруға кірісіп жатыр. Бір ғана мысал, Қазақстан жоғарыда аты аталған Париж келісіміне сәйкес, парниктік газдың шығарылымын 2030 жылға қарай 15 пайызға азайтуға шешім қабылдап отыр.  

Жалпы Париж келісімі тек жаһандық жылынуға ғана қатысты десек, онда қателескеніміз. Оның астарында көп нәрсе жатыр. Мақсат – қоршаған ортаны қорғау, өндірістік қалдықтарды ластамау, парниктік газдардың шығарылымын азайту. Адам денсаулығы осы айтылғандармен тікелей сабақтас екені сөзсіз. Сондықтан да  бүкіл ғалам «жасыл экономикаға», жаңартылған энергия көздеріне көшуге қадам жасап жатыр. Өйткені бұл саланың табиғатқа, экологияға, адам денсаулығына тигізер зияны жоқ.  

Демек, тұтастай алып қарағанда, «жасыл экономикаға» көшу Париж келісімін жүзеге асыру және Киото хаттамасының заңды жалғасы болып табылатыны айдай ақиқат. Сондықтан қарапайым тілмен айтқанда, кез келген ел ең алдымен экологиялық тепе теңдікті қалпына келтіру үшін өз экономикасын аяғынан тік тұрғызады, сонымен қатар, халықтың денсаулығын арттыру жолында балама қуат көздерін іздей бастайды. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.  Баламалы қуат көздерін жаңарту тұрғысында  Қазақстан «жасыл экономика» дамыту бағытында жоспарлы іске көшіп жатқаны байқалады. Қазақстан  2020 жылға дейін баламалы қуат көздерін  3 пайызға, 2030 жылға дейін 30 пайызға жеткізуді көздейді. Әрине, бұл жерде біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Барған сайын жер астындағы мұнай мен газ және пайдалы қазбалар қоры азаяды. Таусылмайтын қор жоқ.  Бүкіл әлем осының алдын алу үшін басқа саланы дамытуға күш салады. Сондықтан да бүкіл ғалам жаңартылатын энергия көздерін дамытуға құлшыныс танытып жатыр. Бұл – дамудың, экономиканың тың саласы. Қазақстан да алдағы 30 жылда төмен көміртекті саланы дамытуға күш салмақ. Бұл «жасыл экономиканың жандануына серпін береді.

Қазақстан да өркениетті түрде «жасыл экономикаға» енді қадам басты. Қазіргі көрсеткішіміз, яғни осы саладағы үлесіміз – 3 пайыз шамасында. 2050 жылға қарай «жасыл экономика»  саласын дамытуды 50 пайызға жеткізуді жоспарланып отыр. Демек, жоспар бар, атқарылар шаруа да аз болмай тұр. Бұл міндеттер сөзсіз орындалады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір