• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 20:13:11
Алматы
+35°

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мазмұнды мақалаларына арқау болған төл тарихымызды кеңінен насихаттауда музейлердің атқаратын қызметі зор. Осы орайда Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Сарысу аудандық Т.Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейі туралы сөз қозғағанды жөн көрдік. Аталмыш мекеме 1978 жылы Сарысу ауданының құрылғанына 50 жыл толу қарсаңында ашылған болатын.

1992 жылы 20 қыркүйекте Сарысу ауданының әкімі Ә.Көпбергеновтің шешімі бойынша Сарысу ауданына көптеген еңбегі сіңген азамат, еңбек ардагері Т.Мақашевтің есімі берілді. Бүгінгі күні Сарысу аудандық Т.Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Көне дәуір», «Ықылас Дұкенұлы», «Табиғат», «Ұлы Отан соғысынынан кейінгі кезең». «Этнография», «Мәдени ағарту және өнер» залдары халыққа қызмет көрсетуде. Музей қорында 5000-ға жуық жәдігер бар.

-Өткенге көз жүгіртсек, бұл мұражай 1978 жылы бұрынғы Ю.Гагарин, қазіргі Б.Кәриев атындағы көшедегі аупарткомның ескі үйінде ашылды. Мұражайды алғаш осы көшеге кейіннен есімі берілген елі үшін ерен еңбек еткен атпал азамат Болатбек Кәриев басқарды. Сонда мен алғашқылардың бірі болып әкем Досжанның қолдан жасаған, тіршілігінде тұтынған жәдігерге айналған бағалы заттарын мұражайға өткіздім. Қазір сол әкемнің көзіндей болған заттар мұражайда сақтаулы. Менің мұражайда немере-шөберелерімді ертіп жиі болып тұруым әдетке айналды.

Мұражай 1983 жылы қазіргі екі қабатты үйге көшірілді. Ұзақ жылдар аудандық газеттің редакторы болған Төкен Мақашев ағай мұражайға басшылық жасағанда көп іс тындырылды. Мұражайдың тарихы молыға түсті. Халқы ол кісінің мұражай жұмысын жандандырудағы ерен еңбегін жоғары бағалады. Өмірден озған соң мұражайға есімі берілді.

Одан соң мұражайға Райымқұл Рахымжанов, Әбиірбек Ахметбеков секілді елге, жұртқа танымал абзал азаматтар жетекшілік етті. Мұражай жұмысын жақсартуда бұл кісілер де айтулы үлес қосты. Осы тұста менің құрметті еңбек демалысына шығуыма сәйкес еткен еңбегімді елеген болуы керек, алған марапат орден, медаль, мақтау қағаздарымды алдырып, мұражайға қойдырды. Бұл үшін алғысым шексіз.

Мұражай экспонаттарының молая түсуіне аудан жұртшылығы да үлес қосуда. Әркім сирек кездесетін жәдігерлерді тапсыруда. Мен де ауданның 85 жылдық мерейтойына орай әкемнің өзі қолдан жасап пайдаланған домбырасын, анамның соғыс жылдары жылы киім тоқуға үлес қосқан ұршығын, кесте бізін өткіздім,-дейді Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алтын Досжанова.

Мұражайды ауданның тамырлы тарихынан сыр шертіп тұр деуге болады. Ауданның бұрынғы және бүгінгі күнінің тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Кеңес өкіметі тұсында ауданымыздың қалай құрылғаны, аудан

халқының қиын кезеңдер ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы бастан кешкен қайғы-қасіреті, жанқиярлық ерліктері және еңбектерімен осы мұражайда толық танысуға толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ, туған жері, елі үшін еңбек еткен айтулы тұлғалар жайлы деректер, ел ішінен жиналған бағасы алтыннан қымбат жәдігерлер өткен күндердің белгісі мен көзіндей боп тұр. Бір қуанарлығы мәдени құндылығын жоғары жәдігерлер мен сан алуан тарихи құжаттардың молдығы болып отыр. Осы орайда айтарым ай санап көбейе түскен құнды заттарға мұражайдың тарлық етіп отырғандығы. Алдағы уақытта ауданымыздың қымбат тарихын паш еткен мұражайға кең де еңселі ғимарат беруде ойландыратын өзекті мәселеге айналғандай.

Мұражайды аралап, танысқанда аудан шежіресімен танысқандай күй кешесің. Ауданымыздың тарихы, ауыл-аймақ, елді мекендеріміздің орналасқан жер картасы, көрнекі орындар, қыл қалам шеберлері салған суреттер, аң, құс бейнелері, Күлтөбедегі табылған дүниелер көзге жылы ұшырайды. Сондай-ақ, 1941-1945 жылдары аралығында Отан үшін от кешкен азаматтарымыздың, тылда еңбек еткен ерлер мен аналар, балаларға арнап арнайы бұрыштар ашылған. Ұлы күйші Ықылас Дүкенұлының өмірі, шығармаларына арналған деректер де мол.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір