• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 05:59:16
Алматы
+35°

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев Жастар жылы аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесті. Еркін форматта өткізілген бұл кездесуде шаһар басшысы студенттермен жастар тәрбиесі, мамандық таңдау, адал еңбек етуден бастап қаладағы студенттердің жол жүру ақысы, ғылыми ізденісі, бизнес идеялары сынды сан түрлі мәселелерге қатысты ойларын ортаға салып, олардың талап-тілектері мен ұсынысына құлақ түрді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Кездесуді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанатов ашып жүргізіп отырды. Келер сәтте сөз тізгінін алған Тараз қаласының әкімі бұл кездесудің жастардың жай-күйімен танысып, олардың ұтымды ұсыныстарын білу мақсатында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Іле шала студенттер де шаһар басшысына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Мәселен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 2 курс студенті Рамазан Слан қала әкімінен балаларының мемлекеттік қызметке баруға қатысты көзқарасын сұрады.

–Өзім алғашқы еңбек жолын бастап, қызметке араласқан сәттен мемлекеттік қызметке аңсарым ауды. 1995 жылдан бері мемлекеттік қызметтен келе жатырмын. Ұлдарым жолымды жалғаймын десе еш қарсылық жоқ. Алайда тұңғышым ә-дегеннен қалауы жеке кәсіпкерлік екенін айтты, –деді Қайрат Әскербекұлы.

Кездесуге жиналған жастарға қарата айтылған тағы бір сөзінде Тараз қаласының әкімі оларға күнделікті спортпен шұғылданып, көркем әдебиет оқуға кеңес берді. Ал студенттердің жол жүру билетіне қатысты сауалына жауап қатқан Қайрат Әскербекұлы бұл мәселені реттеудің әртүрлі тетіктерінің қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.

–Расында студенттердің жол жүру билеті жүйесін енгізу өте өзекті мәселе. Әрі бұл қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарында оқитын 40 мыңға жуық студентке үлкен көмек болар еді. Дәл осы мәселеге қатысты шаһардағы жолаушылар тасымалымен айналысатын 10 компания өкілдерінің басын қостым. Алайда ортақ шешімге келе алмай отырмыз. Олар бұл мәселені жолақының бағасын көтеру арқылы шешуді ұсынды. Соның есебінен олар жолаушылар тасымалдау ісінің сапасын арттыру, автопарктерді жаңғырту, кәсіби жүргізушілерді қызметке тарту мүмкін болатындығын айтады. Меніңше қаладағы жолаушылар тасымалы саласын жетілдірудің жаңа жүйесі қажет Және сол жүйені қалыптастыру, қолданысқа енгізу арқылы мұндағы өткір мәселелердің шешімін табамыз,–деді Қ.Досаев.

Кездесу соңында студенттер шаһар жастарының мәселесіне құлақ түріп, олардың ұтымды ұсыныстарымен тың идеяларын жүзеге асыруға қолдау білдіруге дайын екендігін жеткізген Тараз қаласы әкіміне алғыстарын білдіріп, онымен естелік суретке түсті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір