• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
22 Қазан, 16:54:39
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

09 Қазан, 2019 Аймақтар

Мырзабаев "Таразды" "тірілтті ме"?

«Тараз» қайта тірілді. Олай дейтініміз «Оқжетпеспен» өткен соңғы ойында жерлестеріміз сенсация жасады. 2:0 есебімен ұтылып жатып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Бұл сөз жоқ, жаңа бапкер Нұрмат Мырзабаевтың тактикалық шеберлігі екені даусыз, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Рас алғашқы минуттарында қақпамызға пенальти әкеліп, клуб жеңілістің кермек дәмін қайта тататындай көрінген. Тіпті екінші доп торта тулағанда талайлар қолын бір сілтегені де ақиқат. Алайда күтпеген жерден кездесудің басты қаһарманы Әлішер Сүлей бірінші таймда есеп айырмасын бір голға қысқартып, үміт отын қайта жақты.

Үзілістен кейін «Тараз» алаңға ерекше екпінмен шыққаны байқалды. Бірақ төреші дөрекі ойнағаны үшін Жоана Мартинсті алаңнан қуып, желпінген көңілді су сепкендей басты. Бұдан кейін жігіттердің жігері құм болып, салы суға кетеді деп ойлағанбыз. Алайда Әлішер Сүлей қайта ерлік танытып қақпашыдан айласын асырып допты торға қарай бағыттады. Бағанаға тиіп кері серпілген доптың қасынан Элгуджа Лобжанидзе табыла кетіп, есепті теңестіріп кетті. Бір ойыншыға кем ойнап жатқан «Таразға» тең ұпай да тақиясына тар келмейтін. Бірақ жігіттер нағыз ерлік жасады. Тоқсан минут түгесілер тұста Лобжанидзе қорғаушылардың өрескел қатетілігін сәтті пайдаланып, есепті 2:3-ке жеткізді. Осылайша «Тараз» ауадай қажет үш ұпайға қол жеткізді.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Тараздың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Нұрмат Мырзабаев командаға тамаша камбэк үшін алғысын білдірді.

- Ойын өте ауыр болды. Әсіресе алаңнан бір ойыншымыз қуылғаннан кейін жағдайымыз мүшкілдей көрінген. Бірақ жігіттер жеңіске деген жігер танытты. Алғысым шексіз. Клубтың қазіргі жағдайында бізге әрбір ұпай ауадай қажет. Сондықтан қалған ойындарда да барымызды салатын боламыз, -деді бас бапкер.

Қалай дегенде де, «Тараз» көптен күткен үш ұпайына қол жеткізді. Енді тек осы бағыттан таймау керек. «Оқжетпесті» ұтқаннан кейін қауіпті аймақтағы «Атыраудан» төрт, ал «Ақтөбеден» он екі ұпай алға шығып кеткеніміз қуантады. Десе де турнир кестесінде 10-орында тұру абырой емес. Қалған төрт ойындағы қарсыластарымыз «Шахтер», «Жетісу», «Қайсар» және «Ордабасы» алынбайтын қамал емес. Сондықтан жігіттер бар күштеріңді салыңдар. Қазіргі басты мақсат төменгі лигаға қайта түсіп қалмау.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір