• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 02:34:21
Алматы
+35°

Түркістан облыстық соты жергілікті шенеуніктің "ар-намысына тиіп, қорлаған" деген айыппен сотталған сарыағаштық журналист Амангелді Батырбековті ақтап, қамаудан босатты. Жәбірленуші сот шешіміне пікір білдіруден бас тартты. "Жала жабу" және "Қорлау" бабы бойынша журналиске қарсы тағы бір істі сот қарап жатыр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың дерегін негізге алып. 

Қаңтардың 9-ы күні Түркістан облыстық сотының апелляция алқасы жергілікті Келес ауданы білім бөлімінің басшысы, жәбірленуші Бахтияр Абдиевке "жала жауып", "қорлаған" деген айыппен 2 жыл 3 айға түрмеге қамалған "Сарыағаш инфо" газетінің бас редакторы әрі "Сарыағаш-Әділет" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековті ақтады.

"Амангелді Батырбеков Қылмыстық кодекстің 130-бабының 3-бөлімі ("Жала жабу") және 131-бабының 2-бөлімі ("Қорлау") бойынша кінәсіз деп танылып, (оның іс-әрекетінде) қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталсын. Батырбеков сот залында дереу қамаудан босатылсын" деді үкімді оқыған облыстық сот алқасының төрағасы Таубай Қадырбаев. Судья журналистің шеккен зиянды өндіріп алу туралы шағым беруге құқығы бар екенін хабарлады.

Қамауда отырған 54 жастағы Амангелді Батырбековті қолдауға Түркістанға Қазақстанның әр аймағынан келген ондаған адам сот шешіміне ризалығын білдіріп, "Әділдік жасасын!" деп айғайлады. Сот алқасының төрағасы Қадырбаев өткен жылғы қыркүйектің 23-інен бері қамауда отырған Амангелді Батырбековтен мемлекеттің және соттың атынан кешірім сұрады.

Сот залынан бостандыққа шыққан соң Амангелді Батырбеков қысқаша сұхбат берді.

- Соттың қара қылды қақ жарып әділ шешім шығарғанына ризамын. Мені қолдаған Қазақстанның іші мен сыртындағы барша жұртқа, "Әділ сөз" қорына алғысымды білдіремін, - деді Батырбеков.

Өзіне қарсы сот процесін кәсіби қызметімен байланыстырған ол жұмысын ары қарай да жалғастыра беретінін айтты.

– Мұның артында тұрған - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресім. Кеудемде жаным тұрғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамын, - деп мәлімдеді журналист, қоғамдық ұйым жетекшісі Батырбеков.

Амангелді Батырбековтің әлеуметтік желіде жариялаған жазбалары өз ар-намысына тиіп, қорлағанын айтып, сотқа шағымданған жәбірленуші, Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев бейсенбідегі облыстық сот шешімін Сарыағаш ауданы сотынан бейнебайланыс арқылы тыңдады. Сот шешімі жариялағаннан кейін пікірін сұраған журналистке "әзірге пікір білдіруге дайын емесін" айтты. Оның адвокаты Гүлжан Абдукаликова бұл жолғы отырысқа қатысқан жоқ. Екеуі де сот процесі кезінде өздерін сурет пен видеоға түсіруге қарсы болды.

Қаңтардың 8-і күні облыстық сот алқасының отырысындағы жарыссөз кезінде жәбірленуші Бахтияр Абдиев аудандық соттың үкімін күшінде қалдырып, Батырбековтің апелляция шағымын қанағаттандырмауды сұраған еді. Оның адвокаты Гүлжан Абдукаликова Батырбеков пен оның қорғаушыларының уәждерімен мүлде келіспейтінін, аудандық сот заңды үкім шығарды деп санайтынын айтқан.

"Батырбеков Абдиевтің соңынан шам алып түсіп, кімнің құқығын бұзып, қорғап жүргені белгісіз. Бір емес, он бір рет "Келестегі кеңкелестік" деген тақырыппен жазба жариялады. Бұл – қасақана қудалау, қылмысты қасақана жасағанын білдіреді. Батырбековке біреуді кемсітуге, қорлауға, мұқатуға, жала жабуға кім құқық берді? "Тупой" деген сөз қорлауға жатпайды дейді. Белгісіз біреуге сілтеме жасадым деп жауапкершіліктен қашып, айлаға салды. Сын мақалаларды жазсын. Бірақ сын мақала жазу - біреуді қорлау деген сөз емес. Қолымен істегенді мойнымен көтере білуі керек" деді адвокат жарыссөз кезінде.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: журналист Қазақстан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір