29 Қаңтар, 2020 Аймақтар

Амандық Баталов: Өзің үшін "курорттық" жағдай жасап аласың

"Сенің бір мінезің бар. Өзің үшін «курорттық» жағдай жасап аласың. Асықпай, болса болды, болмаса, көреміз деп жүресің"

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

 

Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аймақты дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалармен танысу барысында айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Облыс басшысының дәл осылай шүйлігуіне Талдықорған қаласының әкімі  Ғалымжан Әбдірайымовтың  сылбыр жұмысы себеп болған. Шаһардың 8-шағын ауданында 1200 орынды және коттедж қалашығында 900 орынды мектеп құрылысы басталуы тиіс болатын. Бірақ қала әкімдігі әлі жобалау жұмысынан аса алмай отырғанға ұқсайды. 

 – Жобалайтын несі бар? Мен биыл бастаңдар деген тапсырма бердім. Әлі қанағаттанарлық жұмыс істелмеген. Барлығын білуің қажет. Жоба дайындалып, құрылыс жұмысы басталауы тиіс. Сенің бір мінезің бар. Өзің үшін "курорттық" жағдай жасап аласың. Асықпай, болса болды, болмаса, көреміз деп жүресің. Саған берілген тапсырма - коттедж қалашығында мектеп құрылысын бастау, –  дейді  Амандық Баталов.

Облыс басшысының бұндай қатаң талап қоюының да қоп-қою себебі бар-тын. Өйткені, "инфрақұрлым" деген иір-қиры мол осы бір сөз айтылса, жетісу жерінде үш ауысымды мектеп мәселесі "аттандап" шығатыны айдан анық. Оның алғашқы бір себебі, демографиялық ахуал десек, екінші мәселе – жергілікті жердегі мектепке қатысты  түйткілдерді Амандықтың мақтаншақ әкімдерінің есеп сайын айта алмауы. Дәлірек айтқанда, аймақ басшысының алдындағы шектеулі уақыттың шекесін – орайы келген орыны олқы тұсты айтумен емес, екі сағаттық мақтанумен алатыны көріп жүрген жайт. 

Салдары дейсіз бе,  аймақта үш ауысымды мектептің саны шамамен төрт ондықтың төбесінен қарауға аз қалған. Ал бұған жыл сайын сайттардан "Белсенді әкім", "Халықшыл әкім" деген әжептәуір атақ алып жүрген А.Баталовтың ашуы келмей көрсін. 

"Ашу" демекші осы сөзді аша түсу үшін бір мысал айталық. Мәселен, өткен жылы білім саласында құны 7,9 млрд.теңгені құрайтын 23 нысан қолданысқа берілсе, биыл бар-жоғы  20 нысан іске асырылады. Ал мұндағы "бар-жоғы" деп базына сызып айтатынымыз тағы халықтық өсімге қатысты. Алматы облысында жыл сайын оқу жасына толған бала санының үстемелеп артып келе жатқаны да шындық. Сонымен бірге соңғы уақытта демографияға дем беретін әлеуметтік жағдайдың да ептеп жақсарып келе жатқанын да ескерген жөн. Бұдан шығатын қортынды, мұндай жағдайда білім саласында пайдалануға берілетін нысанның жыл сайын өскеннің орнына қысқарғаны, әрине, ашу туғызса керек.  

Соны ескерген облыс басшысы қазіргі басты міндет – үш ауысымды мектептерден құтылу екенін ұқтыра келіп,  жеке секторларды тарта отырып, биылғы жобаға енгізілген мектеп санын көбейтуді тапсырды.

Сонымен бірге, ол аймақтағы мектептердің сырт келбеті көз тартарлықтай болуы тиіс екенін жеткізіп, істей алмаған жағдайда "жобаны жастарға берсін" деп те қатаң ескерту жасады.

"Өз қолтаңбасы болуы қажет. Жаңаны ойлап табу соншалықты қиын ба? Қиын болса, жобаны жастардың қолына табыстасын",  – деді ол. 

 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір