08 Сәуір, 2020 NEWS
Көрнекі сурет
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Алматы қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Ержан Сейтенов дезинфекциялау жұмыстарының барысы туралы айтты.
Қазіргі таңда айналаны, қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстары жедел қолға алу бойынша бірнеше мекеменің басын біріктірген үш топ жүйелі түрде жұмыс істеуде.
– Алматы әскери гарнизонының қызметкерлері баршаға ортақ қолданыстағы орындарды бекітілген кестеге сәйкес күн сайын екі ауданнан дезинфекциялап отырады. Сейсенбі және сенбі күндері індет ошақтары, ауруханалар мен емханалар, шипажайлар, азық-түлік базарлары дезинфекцияланады. Бүгінгі күні бұл жұмыстарға 635 адам, 48 бүріккіш, 14 бірлік техника жұмылдырылды. Ал "Алматы Тазалық" және аудан әкімдіктерінің мердігер ұйымдары күн сайын аялдамаларға, қоқыс жәшіктеріне, орындықтарға, жерүсті және жерасты өткелдеріне, сондай-ақ азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың кіреберістеріне дезинфекция жасайды, – деді Е. Сейтенов.
Спикердің сөзіне жүгінсек, бүгінгі күні жолдарды, тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, ортақ пайдаланылатын орындарды жуу және дезинфекциялау бойынша жұмыстарға 102 суару-жуу машинасы, 48 тротуарларды тазалайтын машина, 734 жол жұмысшысы және 156 дезинфектор жұмылдырылған.
Бұдан басқа, контейнерлер орналасқан алаңдарға да күнде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін 85 адам тартылған.
– Тұрғын үй саясаты басқармасының мердігер ұйымдары да аптасына 2 рет көппәтерлі үйлердің кіреберістері мен аула аумақтарын дезинфекциялап отырады. Жексенбіден басқа күндері, күн сайын көппәтерлі тұрғын үйлерді өңдеуге құрамында 525-ке жуық дезинфекциялаушы адамы бар 70 бригада жұмылдырылған. Бүгінге дейін әрбір кіреберіс пен аула 3 рет залалсыздандырылды. Ертең дезинфекциялық жұмыстардың 4-кезеңі аяқталады, – деді спикер.
Спикердің мәлімдеуінше, дезинфекциялық құралдар барлық жерде әзірге жеткілікті. Залалсыздандыру жұмыстарына қолданылып жатқан дезинфекциялық ерітінділердің адам және жануарлар өміріне ешқандай зияны жоқ.
Алматы қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Е. Сейтенов тұрғындар тарапынан кей жерлерде дезинфекция жасалмайтындығы, жасалған күнде де сапасыз болатындығы туралы шағымдар түскені туралы да атап өтті. Сондай талап-тілектер ескеріліп, БАҚ-та, қалалық және аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желілерінің аккаунттарында әр аудан бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерге дезинфекция жүргізуге жауапты тұлғалардың байланыс нөмірлері орналастырылғандығын да тілге тиек етті.
Сондай-ақ, +77010382525 нөмірі бойынша WhatsApp желісі жұмыс істейді. Оған кез келген тұрғын залалсыздандыру жұмыстарының сапасыздығын немесе мүлдем дезинфекция жасалмағандығын дәлелдейтін бейне және фото материалдарын жібере алады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір