• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 20:12:54
Алматы
+12°

Бүгін, 3 маусымда Атыраудағы тергеу изоляторында қамауда отырғандар терезе арқылы қанға боялған киімдерін көрсетіп, "құтқарыңдар, көмектесіңдер, жедел жәрдем шақырыңдар!" деп айқайлаған. Арнайы мекеме маңына қамаудағылардың ашулы туысқандары жиналып, мән-жайды түсіндіруді талап етті, деп жазады Ақ Жайық басылымы.

Изолятор ғимаратына кіреберіс қақпаға 40 адам жиналды. Лаура есімді азамат таңғы 5-тен бастап сол жерде жүргенін айтты. Оның сөзінше, қамаудағылар изолятор терезесі арқылы қан жұққан футболкаларын көрсеткен. Жедел жәрдем шақырмақ болғандарында, изоляор қызметкерлері ғимаратта санитарлық бөлім барын айтқан. Лаура іште не болғанынан бейхабар.

Қамаудағылардың жақындарының бірі Надежда іште інісі отырғанын жеткізді.

– 30 мамырда хабарласқанында ол "бізді күнде соққыға жығады" деп айтқан. Түнде анонимді қоңырау арқылы інім мен оның камераластарын сабап жатқанын хабарлады. Ертеңгісін облыстық прокуратураға жүгініп, арыз қалдырдым. Бізге көмектесуін сұраймыз. Мында бізге ешкім, ештеңені түсіндірмейді, – дейді ол.

Осы сәтте тергеу изоляторы ғимаратынан шыққан облыстық прокуратура басқармасының басшысы Сәкен Жандырбаев жағдайды былай деп түсіндірді.

– Мен ішке кіріп, жағдаймен таныстым. Тергеліп жатқан және сотталған бірнеше азамат ішкі тәртіпке бағынбаған. Бүгінде тергеу жүріп жатыр. Мен іштегі ниет білдірушілердің барлығын қабылдадым. Сондай-ақ дене жарақаты бойынша сараптама тағайындалады, – деді ол.

Іште болған азамат – Лаураның сөзінше, оған мән-жайды ешкім түсіндірмеген. Тек изолятордағылардың ішкі тәртіпті бұзғаны ғана айтылған.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің таратқан түсіндірмесіне сай, 2 маусым күні кешкі серуеннен кейін 5 сотталушы бекітілген режимді бұзып, өзгелерді тәртіпсіздікке шақырған.

Жағдайдың алдын алу үшін жоғарыда аталған 5 азамат тәртіптік изоляторға қамалған. Олар ауыр және аса ауыр қылмыс үшін жазасын өтеп жатқан кісі өлтіргендер, адам денсаулыңына қасақана залал келтіргендер, үлкен көлемде ұрлық жасағандар.

Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 428-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, тексеріс жүргізілуде.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір