20 Маусым, 2020 Тарих

Бауыржан Омарұлы: Қара шалдың қамшысы

Қамалы жоқ алмаған, Қаласы жоқ бармаған. Қаламынан ешнәрсе, Қалтарыста қалмаған. (Тақырыптың тұздығы)

Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы

Жас кезінен ғылыми ортаға кең танылған Дихан Қамзабекұлының зерттеушілігі мен қаламгерлігі қатар өрістеді. Білімі терең, тапқан-таянғаны жеткілікті екеніне қарамастан, сол жиған-тергенін қағаз бетіне түсіруге келгенде қаламы мүжіліп тұратын ғалымдар болады. Біздің кейіпкерімізге бұл жағынан мін таға алмайсың. Қорғасын әріптің уын жұтқан кәнігі баспасөз өкілдерінен қаламгерлігі де, жеделдігі де кем түспейді. Ойындағысын тағылымды етіп айта біледі, тартымды етіп жаза біледі. Бала кезіндегі арманы – журналистикадан бәрібір қашып құтылмады. Алдымен Алаш баспасөзінің тарихын түгелдеуге ден қойды. Ғылыми жұмысынан қол үзбей, өз тұсында қазақ өркениетіндегі айрықша құбылыс болған Жарылқап Бейсенбайұлы басқарған «Ана тілі» газетінде қызмет істеді. Ұлт тарихын ұлықтаған мақалаларын жиі жариялап, «Жас алашта» жасын ойнатты. Астанаға әбден орныққан соң елордалық газеттің керегесін кеңейтіп, діңгегін тіктеуге үлес қосты. Бұл басылымның бетінде өзгеше өрнек салып, ел-жұртты елең еткізген «Жәкеңнің әңгімелері» циклін өмірге әкелді. Оны айтасың, Дихан көгілдір экранда да бақ сынады. «Қазақстан» телеарнасының жас буынды имандылыққа үндейтін «Күмбез» бағдарламасын жүргізіп, бұл мамандыққа жаны жат емес екендігін анық аңғартты.
 
Оның өміріндегі маңызды белес – әлі елорда мәртебесін ала қоймаған Ақмолаға келуі. Бұл – күмән мен күдікке толы қиын кезең еді. Сұрқай шаһарда көңілді көншітетін нәрселер аса көп емес-ті. Тек көне қаланың ми батпағы ғана сондай бауырмал. Табаныңа тисе, жабысып айрылмайды. Тіпті сені қимай, шаңырағыңа дейін еріп барады. Соған қарамастан Ақмола мемлекеттік университетінің жас кафедра меңгерушісі өз қызметіне құлшына кірісті. Жаңа қоныстан тапқан ұлтжанды аға-достарымен бірге Ақмоланы астаналық қалаға айналдыру ісіне атсалысты. Терең тарихы, бай дәстүрі бар шаһарға сәл тапшылық етіп тұрған қазақылық қасиеттердің мол даруы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Ұлттық сипаты бар шаралар көптеп өткізілді. Көшелердің аты тәуелсіздік талаптарымен үйлесетін атаулармен алмасты. Бір күні ұлы көш Арқаны бетке алды. Сол көштің орнығуы үшін талай жұмыстар атқарылды. Осы шаруалардың басы-қасында Дихан жүрді. Оны айтасыз, көшіп келген қазақ зиялыларының көбісін ескі жатақхананың бөлмелерінен әрлеп-әспеттеп қайта жасақталған қуықтай пәтеріне шақырып, талай рет ерулік берді. Еруліктің қатты ұнағаны соншалық, «еруліге – қарулы» деп, бала-шағасымен айлап жатқандар да болмай қалған жоқ. Зайыбы Гүлбайра екеуі соның бәріне қайсарлықпен шыдады.
 
Диханның өмірінде аға буынның орны бөлек. Ғылыми жетекшісі, академик Серік Қирабаев әкесіндей қамқор болды. Ректор Амангелді Құсайынов Астанаға шақырып, бесіктен белі шықпаған бұған беделді қызметтің құлағын ұстатты. Академик Сейіт Қасқабасов әрі аға, әрі әріптес, әрі көрші ретінде отбасының арқасүйеріне айналды. Диханмен қоңсы қону қолайына жаққан болуы керек, Секең Алматыға барып, біраз жыл қызмет істеген соң әріптес інісі тұратын жаңа үйге тағы да көшіп келіп, тату көршілігін қайта жалғастырды. Сыйлас әрі сырлас аға-досы Серік Негимов те солай. Ол да о баста Ақмолаға қатар келіп, кейін Алатаудың бөктерінде бірер жыл қыстап, Арқа төріне қайта оралды. Бұрын да бір үйдің тұрғындары еді. Қазір де университет жанындағы қызыл үйді бірге мекендейді. Асқан талант иесі, профессор-әнші Кенжеғали Мыржықбайдың көші-қон траекториясы да дәл осындай. Ғалымдар қонысының өзіндік менталитеті қалыптасқан. Бұрынғы мекенжайдың маңайында еркін пікір алысатын «Ақпарат алаңы» бар еді. Оның есесіне, қазіргі ауланың сырт жағында «Профессор Серік Негимов сүрлеуі» бар. Ілім мен білімнің біраз проблемалары осы бейресми сүрлеудегі сейіл кезінде шешіледі. Аулада бас қосатын ақсақалдар алқасы мен көшпелі көршілер кеңесі көп нәрсені өзгерте алады. Осы кеңестердің бәріне Диханның ықпалы жүреді. Аға буын оны үлкенді сыйлай білетіні үшін, алдынан кесе өтпейтіні үшін қадірлейді.
 
Тағы бір үлгілі қасиеті – өткелде дос ауыстырмайды, тұрақты сыйласатын адамдарының құрамын ешқашан жаңартпайды. Бота тірсек бозбала кезінде Астанаға алғаш көшіп келгенде танысқан дос-жарандарымен, тілеулес ағаларымен әлі күнге дейін жақын араласады. Атақ пен абырой, билік пен бедел оның мінезін құбылта алған жоқ. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алды, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықты иеленді, филология ғылымдарының докторы, профессор атанды, Ұлттық Ғылым академиясының әуелі корреспондент-мүшесі, сосын академигі болып сайланды. Бәз-баяғы қалпы. Еуразия ұлттық университеттің проректорлығына тағайындалды, докторлық диссертация қорғататын арнаулы кеңестің төрағалығына бекітілді. Сол кейпінен айнымады. Өңіріне орден тақты. Президенттікке үміткерлерден емтихан алатын лингвистикалық комиссияға мүше болды. Сонда да өңін өзгертпей, өз бейнесін сақтай білді.
 
Қарапайым әрі ширақ жас проректорды танымайтын адам оны қапелімде университет басшыларының бірі деп ойлай қоймайды. Бірде ректор оқу орны жанында жеңіл киіммен серуендеп жүрген Диханға қызметке жаңа келген құрылыс бөлімінің басшысын таныстырады. Ал біздің кейіпкеріміздің қандай қызмет істейтінін айтуды ұмытып кетеді. Сол арада екеуіне ортақ бір шаруаны тапсыра қойыпты. Жаңа қызметкер бюрократияға сәл бейімдеу болса керек, Диханға «Маған ертең кіріп кет!», – деп әмір беріп үлгереді. Жымия күліп, жылы қоштасқан проректор таңертең оны өз бөлмесіне шақырады. Өзін іздеген адамның кім екенін енді ғана ұққан әлгі жігіт асып-сасып, қысылып-қипақтап, қайта-қайта кешірім сұрайды. Сонда ол жаңа қызметкерге бар болғаны «Сабыр сақтамадыңыз ба?», – депті. Сол салмақтылық пен сабырлылықты өзі де үнемі серік етіп келеді.
 
Бала кезінде бау-бақшасы жайқалған, тал-терегі мол бұлардың үйінен артылған ағаш алу үшін жұрт ағылып келеді екен. Бірде терек алушылар келіп жатқанда көкесі оны іздеп, дауыстап «Дихан» деп шақырған ғой. Сонда бір өзбек «Менинг исмим да Деққон, – депті. Сол айтқандай, еңбек ету мен тер төгу ұғымдарымен мәндес есімі түркі халықтарына ортақ біздің Деққон алаштанудың керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктеуге барынша күш салды. Шәкірттерін осы тақырыпқа бейімдеп, ғылыми мектебін қалыптастырды. Еуразия ұлттық университеті жанынан «Алаш» мәдениет және рухани даму институтын құрды. Өзі оның алғашқы директоры болып, талай ғылыми жобаларды жүзеге асырды. «Смағұл Сәдуақасұлы», «Алаш және әдебиет», «Руханият», «Пайым», «Алаштың рухани тұғыры», «Түркістан алқасы» және басқа монографиялық еңбектерін оқырманға ұсынды. Алаш арыстары Смағұл Сәдуақасұлының, Қошке Кемеңгерұлының, Хайретдин Болғанбайдың, Жүсіпбек Аймауытұлының, Сәдуақас Ғылманидың, тағы басқа қайраткер-қаламгерлердің бірнеше томдық жинақтарын әзірлеп, бастырып шығарды.
 
Хо-о-ш, енді не қалды өзі айтылмаған?.. А-а.., ерекше тоқталатын тағы бір тақырып – Диханның бас киімдері. Онда кәдімгі қалпақтың жеті атасы бар. Шошайғаны, тайпағы, қауызы ашылған тюльпан тәріздес жайылып жататыны, алты сайлысы, сегіз қырлысы, күләпара пішіндес болып күмпиіп тұратыны, жазғысы, күзгісі, қыстығы дейсің бе, әйтеуір жеткілікті. Сірә, ауа райы мың құбылатын Астанаға ертерек жеткен ол табиғаттың кез келген мезгілінде қалай киіну керектігін жетік меңгерген-ау деймін. Ал енді осы түр-сипаты бірінен-бірі өтетін қадірлі қалпақтар Диханның онсыз да бағалы басын биіктетіп көрсетеді.
* * *
Ол – шаңырақтағы он бес перзенттің оныншысы. Бір кезде анасы Үрзада бабалардан мирас болып келе жатқан жәдігерліктерді балаларына үлестіргенде оныншы перзентке атасының мүйіз сапты қамшысы бұйырыпты. Бұл қастерлі дүние Диханның төргі бөлмесінде сақтаулы. Қасиетті құндылық ұқыптылығы аңызға айналған Гүлбайра келіннің ерекше қамқорлығына алынған.
 
Кейуананың «ғалым әлдиіне» қара шалдың қамшысын тарту еткені тегін болмаса керек. Көкесі «оған сәл-пәл күш жетпей тұр» деген соң өзін-өзі әлі де қамшылай түссін деген шығар... Осындай аманат артылған соң онсыз да қамшы салдырмайтын Диханның жүйрік болмасқа шарасы бар ма?!
Айтпақшы, Диханмен түйдей құрдас, қазақ өнерінің қайталанбас хас тұлғасы Бекболат Тілеухан да – он төрт құрсақ көтерген ардақты ананың оныншы перзенті.
 
Сіздің де оныншы балаңыз осы екеуіндей күллі қазақ жұртына танымал азамат болсын деген игі тілек қой біздікі...
* * *
 
 
ШАЛ ІШІНДЕ БАЛА ЖҮР...
 
Жылқы ішінде ала жүр,
Шал ішінде бала жүр.
Шал ішінде жүрсең де,
Бізді есіңе ала жүр...
(Тақырыптың тұздығы)
 
Сары ауыз балапан кезінен қолына қалам ұстады. 7-сынып шамасында алғашқы мақалалары жариялана бастапты. Бірде аудандық газеттен 3 сом 50 тиын қаламақы алыпты. Ол кез үшін бұл дегенің көл-көсір ақша. Сол тұстағы жазуға таласы бар бүкіл бала секілді Дихан да «Қазақстан пионері» газетіне өз мақалаларын жолдап тұрды. Әр мақаласы шыққан сайын қаптап хат келеді. Хаттардың мазмұны бір сарынды. «Сендердің кластарыңда қанша бала бар? Оның нешеуі пионер? Біздің пионер дружинасы Аркадий Гайдар атында. Сендердікі ше? Комсомолға қашан өтейін деп жатырсыңдар? Айтпақшы, мектептеріңде интернационалдық достық клубы бар ма? Бізде бар. Өйткенде Луис Корвалан мен Анджела Дэвисті қолдап, жиын өткіздік» деп аңыратып тарта береді. Соның бәріне бұл ерінбей отырып жауап жазады. Кейбіреулері сурет сұрайды. Суретті көруге құмар болатындар – негізінен қыздар. Олардың өтінішін орындамауға намысы жібермейді. Бірақ аядай ауылдан тәуір фотографты қайдан табарсың? Оның үстіне Келтемашаттың келте қайыратын әуесқой фотографтары түсірген солғын суреттер жер түбінен әсерлі хат жазған әйбат қыздарға жіберуге жарамайды. Сол үшін аудан орталығына барасың. Бірде нөсер құйып кетіп, Ванновканың жолында ваннаға түскендей малшынды. Соған қарамай су болған шашын бір сипап жіберіп, қасқайып тұрып, объективке маңдайын тосқан. Шынын айту керек, сурет біртүрлілеу болып шықты. «Ну, погоди!» мультфильміндегі қасқырдың шашы сияқты бір тұсы үрпиіп, екінші тұсы жылмиып тұр. Қысылса да жіберді соны қыздарға. Сірә, басқа қарамай, шашқа қарайтын жеңілтек қыздардың қолына түссе керек, көбісі хабарсыз кетті. Содан бері біздің кейіпкеріміз сурет мәселесіне қатты мән береді. Тіпті мұрағаттан табылған сирек суреттердің өзінен сыр іздеп, ұзақ үңіліп отырады.
 
Жас күнінен ақсақалдарға үйір болды. Қазақ әдебиеттану ғылымының абызы, академик Серік аға Қирабаев жас тұлпарды үкілеп бәйгеге қосты. Сөзі уәлі, аузы дуалы академик-жазушы Зейнолла аға Қабдолов: «Бізге Дихандар керек!», – деп әдебиеттану әлеміне тағы бір таланттың келгенін ел алдында жария етті. Сұлу сөздің сардары Зекеңнің бұл толғамы «Ғылымға осындай қабілетті жастар керек», – деген сөздің баламасындай болып жұрттың жүрегінде жатталып қалды. Алаштың ардақтысы айтқандай, ақтаңдақтарды зерттеуге Дихан секілді табанды зерттеушілердің қажет екендігі дау тудырмайтын еді. Әдебиет және өнер институтындағы алғашқы бөлім меңгерушісі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сымбатты да сырбаз Мүсілім аға Базарбаевтан көп нәрсе үйренді. Ол кісі бір нәрсеге риза болғанда, «Жігіт-ақ екен!», – деп сүйсінетін. Көрші бөлімде ұлтымыздың ұлағатты ақсақалы, Әуезовтің музей-үйіндегі халық университетінің ақы-пұлсыз қызмет істейтін ректоры Рахманқұл аға Бердібай отырар еді. Осылардың бәрінің өнегесін көрді Дихан. Бір ғажабы, қазақ ғылымының марғасқалары бұған бала деп қарамайды. Өздерімен тең санап, еркін әңгімелеседі. «Дихан – бала!» дегенді шығарып жүрген бертіндегі жас «шалдар». Ал бұрынғылары өйтпейді. Қайта оған құрмет көрсетеді.
 
Жасынан шал көріп өскен Дихан қазір де абыройлы ақсақалдардың арасында жүреді. Өзі қызмет істейтін Еуразия ұлттық университетінің аға буыны үнемі проректор Қамзабекұлының бөлмесінде бас қосады. Сүйегіне сөз сіңген ректордың ұғымтал орынбасары ағалардың бабын таба біледі. Олар да әңгімесін сөз қадірін түсінетін адамға айтады. Әйтеуір, біздің Дихан абыройлы ақсақалитеттің мәртебелі менталитетін керемет меңгерген.
 
Жиын-тойдағы дастархан басында біздің жанымызға жайғасқан оны төрде отырған ағалар аттай қалап, өздерінің тобына шақырып алады. Қалмайын десе, бізді қимай, бармайын десе, оларды қимай, жылы жымиып, томпиып кетіп бара жатады. Ол ақсақалдардың қасына әбден орнығып алғаннан кейін салфеткаға жазып, бір шумақ өлең жолдаймыз: «Жылқы ішінде ала жүр, Шал ішінде бала жүр. Шал ішінде жүрсең де, Бізді есіңе ала жүр!». Соны оқыған Дихан рахаттанып тұрып күледі. Оны алақанға салып, үкілеп отырған бір топ шал қосыла күледі...
 
Сергектікті серік еткен Диханның елге үлгі боларлық бір жақсы әдеті бар. Ол кешке бір мезгіл жаяу жүріп, серуендеп қайтады. Боран соғып, жел ұйтқып тұрса да, осы дағдысынан жаңылмайды. Әдетте, сол жаяу серуенге ғалымдар үйінде тұратын ардақты ақсақалдармен бірге шығады. Бірақ жыл өткен сайын жасы ұлғайған ағалар серуенге сирек барады. Себебі, олар үлкейді, ал бұл жігіт ағасы жасына енді ғана жетті. Диханның данагөй достары бүгінде жас періге батасын беріп, кешкі сейіл кезінде көбіне үйде отырады.
 
Диханның атасы Мықтыбек қайратты адам болыпты. Ол, әрине, атасы секілді көкпар тартып, қасқыр соққан жоқ. Қасқыр соққанды айтасың, ұнатпаған адамдарын Мықаң секілді ат үстінде отырып, бір ұрып құлатып та көрген жоқ. Өйтпек түгілі студент кезінде үлкендігін малданып, жатақханада тұрудың өзіндік ережелеріне пысқыра қоймаған еңгезердей Төреғали Тәшеновті досы Басқар екеуі жабылып сабау жөніндегі идеясы да теория жүзінде қалып қойған. Атасы кезінде келінінің қойын ұрлап кеткен ұрыны ұстап, қолын бұрап, ауылға алып келіпті. Ал біздің Дихан шамасы келсе, қойды ұрлатпауға тырысады. Ұрланған күнде ұрыны іздеп жүруге уақыты жоқ. Есесіне Мықтыбектің немересі мықты ғалым болды. Жасынан ғылыми ойлауға бейім-ді. Өзгеше ойлап, өзінше топшылауға дағдыланды. Мәселен, «Мықаң (атасы) қайтқан түні маған үлкендер ерсілі-қарсылы жүріп жылағандай көрінді», – дейді. Ол осындай байлам-байыптамаларды көңілге түйіп ержетті. Әдепкіде журналист болғысы келген. Кейін ағасы Дархан осы мамандықты қалаған соң бір үйге бір журналист жетер деп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдады. Салиқалы да салмақты оқу ордасы – ҚазПИ-ге түсті. Ұстаздары оның ғылымға қабілетті екенін салғаннан-ақ аңғарды. Олар Диханды тіл білімі саласына бейімдегісі келген. Бірақ әдебиеттанудан бақ бұйырып тұр екен. Бүгінде ол саланың бетке ұстар өкілінің біріне айналды.
* * *
Бүгін – баршаға белгілі алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлының туған күні. Құттықтаймыз! Қуанамыз! Құптаймыз! Ердің жасы – елу төртке толды біздің Дихан досымыз. Келер жылы жететін елеулі елу бесіңді індеті жоқ шыбынсыз әрі шығынсыз жазда атап өтуге жазсын!
 
Естелік авторы Бауыржан Омарұлы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір