ШҚО әкімі Даниал Ахметов 5 шілдеден бастап облыстағы екі ірі қаланың карантинге жабылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Іnstagram парақшасында жазды.

Әкімнің айтуынша, облыс кез келген жағдайға дайын. 1700 инфекциялық, 2500 провизорлық және карантиндік орындар, қарқынды терапия палатасы дайындалды. Оған қоса аймақта адамдар жедел медициналық көмек ала алмайтын елдімекен жоқ. Медициналық мекемелер мен атқарушы биліктің өзара әрекет ету алгоритмдері жасалып, бекітілген.

– Жағымсыз жайт болмас үшін біз 5 шілдеден бастап Өскемен және Семей қалаларын жабамыз, адамдар мен көліктердің қала мен аудан арасында жүріп-тұруын шектейміз. Осының барлығы – коронавирус инфекциясы таралмас үшін жасалып отырған шаралар. СОVID-19 күресте өзін-өзі оқшаулау тәсілі тиімді екені дәлелденді. Карантин кезінде облыста жалпы вирус жұқтырғандар саны 135 болатын. Маусым ішінде бұл көрсеткіш 710-ға дейін артып, әлі де өсіп жатыр, – деді Д.Ахметов.

Осылайша ол осы жексенбіден бастап қозғалысты шектеу маңызды екенін атап айтты.

– Біз байланысқан адамдар тізімін үзуіміз керек. Бұл өте қажет! Осы жағдайға неғұрлым жауапкершілікпен қарасақ, соғұрлым қалыпты өмірге тезірек ораламыз. Мекемелер, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, ХҚО (қысқарған кестемен) жұмысын жалғастырады. Біз енгізілген карантин шаралары кәсіпкерлерге зиянын тигізбес үшін тырысып жатырмыз. Тағы да шектеулерге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Еуропа елдерінде адамдар әуелде шектеу шараларына мойынсұнбағанда қандай жағдай болғаны бәріміздің есімізде, – деп атап өтті әкім.

Оның айтуынша, адамдар өз қауіпсіздігі үшін кем дегенде әлеуметтік қашықтықты сақтап, өзін-өзі оқшаулап, маска тағып жүруі керек.

– Біз де аймақтағы ауруханаларды қажетті техникамен және дәрі-дәрмекпен, ал дәрігерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету үшін барымызды салдық. Қазіргі біздің ортақ міндетіміз – шектеу шараларын сақтап, вирустың таралуына жол бермеу, – деп сөзін түйіндеді облыс әкімі. ⠀

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір