29 Қыркүйек, 2020 Экономика
Фото: Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметі
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау жобалары мультипликативті тиімділігін көрсетіп, ауыл өміріне тың серпін беруде. Сондай жобалардың бірі – 25 қыркүйекте Павлодар облысының Жаңақала ауылында пайдалануға берілген 600 бас сиырға арналған жаңа сүт фермасы.
«ҚазАгро» холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландырған жоба «Жаңа-Қала» шаруа қожалығына сүт өндірісін тәулігіне 7 тоннадан 10-14 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жаңа-Қала» шаруа қожалығы» ЖШС директоры Ардақ Қажат жаңа ферма сүтті сиырларға арналған 500 орынға және суалған, транзиттік, бұзаулайтын сиырларға арналған 100 орынға есептелгенін айтады.
Сүт фермасы жаңа технологиямен жабдықталады. Мысалы, импортталған жабдықтың арқасында екі сауыншы бір уақытта 24 сиыр сауа алады. Автоматты селекция жүйесі де бар.
«Сиырларға арнайы датчиктер орнатылады, олар операторға сиырдың жай-күйі, сүттілігі және денсаулығына қатысты ақпараты жібереді. Мұның бәрі қожалық жұмысшыларының жүктемесін азайтады», – деп атап өтті Ардақ Қажат.
«Жаңа-Қалада» 70-ке жуық жұмысшы бар. Жаңа ферманың пайдалануға берілуі тағы 15 жергілікті маманды жұмыспен қамтамасыз етеді. Аттас ауылды дамытып, өмір сүруге қолайлы ету үшін фермерлер 50 орындық жаңа балабақша салып берген. Нысан 25 қыркүйекте, ферманың ашылу салтанатында тұрғындар игілігіне берілді.
Ферма қазан айының соңында, Германиядан симментал тұқымды 510 бар сиыр жеткізілген соң жұмыс істей бастайды. Шаруашылық тәулігіне 14 тонналық толық өндірістік қуатына алдағы көктемде шығады.
«Жобаға 842 миллион теңге бөлдік. Жалпы құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайды. Көріп отырғанымыздай, сүт фермасының құрылуы көптеген жұмыс орындарын ашып, аймақты сүтпен қамтамасыз етуде» – дейді АНК Павлодар филиалы директорының орынбасары Ізбасар Жүсіпеков.
Корпорация қожалықты құру, жабдықтау және ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз ету шығындарының 85%-ын қаржыландырды. Жергілікті «МолКОМ-Павлодар» сүт зауыты Бавариядан ірі қара сатып алуға тағы 500 миллион теңге қайтарымды қаржы бөлді. Тұрақты шикізат көзі сүт зауытының өндірісін кеңейтуге де тиімді.
«Жобаның мультипликативті тиімділігін көріп отырмыз – фермерлер жаңа балабақша ашты. Жобаны қаржыландыру арқылы біз ауылды дамытып, жұмыс орындарын, өндірістік және әлеуметтік нысандар құрудамыз», – дейді Ізбасар Жүсіпеков.
Жалпы, 2020 жылдың басынан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» Павлодар облысында 600-ге жуық ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне 9,2 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір