Бүгін, 30 қыркүйек күні Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамунов заңсыз ақша алғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол туысы – Қостанай облысының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановтан 1,2 млн доллар заңсыз ақша алды деп айыпталды. Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шенеунікті 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл туралы "Наша газета" басылымы хабарлады.

Айыптау қорытындысы бойынша, Мамунов бұл ақшаны 2016 жылы аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін сотталған Ахметжановқа байланысты үкімді жеңілдету туралы келісімге уәде бергені үшін алған. Алайда Мамунов Қостанай облысының бұрынғы әкімінің әйелі мен ағасы берген ақшаға Нұр-Сұлтан қаласынан 2 бөлмелі пәтер мен екі Lexus көлігін сатып алған.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы Әділхан Шайхисламов Мамуновқа қатысты үкімді оқыды.

"Руслан Мамунов кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіз колонияда 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалсын. Сондай-ақ қылмыстық жолмен келген ақшаға сатып алынған мүлікті, яғни Lexus-NX-200, Lexus-LX-570 маркалы көліктер мен Қалдаяқов көшесіндегі 2 бөлмелі пәтер тәркіленеді" делінген үкімде.

Судьяның айтуынша, Руслан Мамунов бастапқыда қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша айыпталған. Сот үкімі әлі заңды күшіне енбегендіктен, жария етілген күннен бастап 15 күн ішінде шағым жасалуы мүмкін.

Руслан Мамунов 2019 жылдың қараша айында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. 2020 жылдың ақпан айының соңында әлеуметтік желіде шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ол бастапқыда бұл ақпаратты растамаған.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір