• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 00:10:27
Алматы
+12°

Фото: Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметі

«Аграрлық несие корпорациясы» «ҚазАгро» ҰБХ еншілік компаниясы еліміз бойынша 272,2 млрд теңгеден астам сомаға 298 инвестициялық жобаны қаржыландырды. Бұл ретте АНК ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа бағдарлай отырып, өндірісті дамытатын жобаларды қаржыландыру көлемін арттырып отыр. Жеңілдетілген несие фермерлерге Қазақстанның азық-түлік қорын қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылда жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға, үлкен инвестициялық жобалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Қазір Қазақстанда балық өндірісі басты назарға алынып отыр. Тамыз айында премьер-министр Асқар Мамин қазақстандықтарды ақуызға бай азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін оны барлық өңірлерде дамытуды тапсырды. Әзірге Қазақстанда балықты тұтыну көлемі аса үлкен емес. (ДДҰ-ның бекіткен балықты орташа тұтыну мөлшері 16 кг болса, біздегі көрсеткіш 3-4 кг құрайды). Жаңадан ашылған және жұмыс істеп тұрған балық шаруашылықтарын қолдау енді басымдыққа ие.

Осы тұрғыдан АНК қоржынында аталған бағыт бойынша 10 жоба бар. Шетелдердегі балыққа деген сұранысты ескерсек, олардың барлығы айтарлықтай экспорттық әлеуетке ие.

Осындай жобалардың бірі – Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылындағы "Кузьмич" ЖШС. Ол бекіре және албырт балықтарын қоса алғанда, бағалы балық тұқымдарын өсірумен айналысады. Компания АНК-дан кәсібін кеңейту мақсатында 50 млн теңге көлемінде несие алған. АНК-ның шаруашылықты қаржыландыруының арқасында кішігірім цехтан ауылдағы әлеуметтік дамумен де, балық өсірумен де айналысатын үлкен өндіріс орнының деңгейіне дейін жетіп отыр.

Компания 2018 жылы жеңілдетілген несие бойынша қолдауға ие болды. 2021 жылға қарай жылына 100 тонна балық өндіруді жоспарлап отыр.

"Біз өнімдерді Ресей, Қытай, Әзербайжан мен Грузияға да экспорттаймыз. Ол жерге көксерке, шортан, алабұға, табан балықтарын жібереміз. Қазақстандық өнімдер сұранысқа ие. Сонымен қатар олар біздің дайын өнімдерді – филе мен тартылған етті, жаңа мұздатылған балықты да сатып алады", – дейді компания директорының орынбасары Бақыт Мүбаракова.

Аграрлық несие корпорациясына қатысты тағы бір жоба – "Елім-ай Көкпекті" шаруа қожалығындағы 5 мың ірі қара малды бордақылау алаңы. Бұл алаң – ең алдымен, аймақтар үшін және ШҚО-ның шағын фермерлік шаруашылықтарын қолдау үшін маңызды.

Аталған жоба 2018 жылы шаруа қожалығы АНК-дан жеңілдетілген несие алған кезде басталған. Мал бордақылау алаңының 1 млрд теңгеге жуық құнының 600 млн-ға жуығы несиеге алынған.

"Бұл аймақтар үшін және шағын фермалардың дамуы үшін маңызды, себебі олар бізге өз малдарын бере алады. Біздің міндетіміз – оны бордақылау және ішкі немесе сыртқы нарықта сату", – дейді "Елім-ай Көкпекті" компаниясының басшысы Болат Бекбердинов.

Компания 300-ден астам шағын фермерлік шаруашылықпен малдың ет өнімділігін арттыру үшін бұқаларды жалға беру бойынша бірлесе жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Көкпекті ауылында мал бордақылау алаңын құру арқылы жергілікті жұмысшылар үшін 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оған қоса, компания әлеуметтік дамумен көптен бері айналысып келеді. Мысалы, қызметкерлердің балалары үшін тегін балабақша жұмыс істейді.

"Кузьмич" және "Елім-ай Көкпекті" жобаларын іске асыру ауылдағы әлеуметтік даму үшін маңызды. Өйткені, олар тікелей және жанама түрде жаңа жұмыс орындарын ашады. Мысалы, балық шаруашылығының кеңеюі 30 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берсе, ал бордақылау алаңы тағы 150-ге жуық жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Бұл – шағын шаруашылықтарда жұмыспен қамтудағы елеулі үлес.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір