COVID-19 бойынша елдегі эпидемиологиялық ахуалды хабарлайтын ресми www.coronavirus2020.kz сайтында коронавирустан қайтыс болғандар туралы ақпарат жаңармай тұр.

Бүгін денсаулық сақтау министрлігі әдеттегідей коронавирус бойынша тәуліктік статистиканы жариялады. Министрлік мәліметінше, Қазақстанда өткен тәулікте 682 адамнан коронавирус анықталып, 7 адам қайтыс болған. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 122 335-ке, өлгендер саны 1959-ға жеткен.

 

Сoronavirus2020.kz сайтында тәулік ішіндегі анықталған жағдайлар жалпы статистикаға қосылып, вирус жұқтырғандар саны 122 335-ке жеткені көрсетілген. Бірақ қайтыс болғандар туралы ақпаратта басқа цифрлар тұр. Министрлік сайтында 13 наурыз бен 18 қараша аралығында коронавирустан 1959 адам қайтыс болғаны жазылса, сoronavirus2020.kz сайтында 1899 адам өлген делінген.

 

Скриншот

Бұл әдейі істеліп отыр ма, әлде қарапайым қате ме, әзірге белгісіз.

Бірақ қоғамда билік коронавирустан қайтыс болғандар санын әдейі азайтып көрсетіп отырғаны туралы пікір бар.

Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылғы мамыр-тамыз айларында қайтыс болғандар саны өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 31 мың адамға көп.

Шілде айында Қазақстанда пневмония өршіп, өлім-жітім көбейген. Сол тұста дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, шетел және Қазақстан ғалымдары коронавирус пен пневмонияның іс жүзінде коронавирус екенін мәлім еткен.

Артынша президент Тоқаев статистиканы ретке келтіруді тапсырған.

Денсаулық сақтау министрлігі 18 шілдеден бастап статистикалық деректерді есепке алу мен қалыптастырудың жаңа тәсілдері айқындалғанын хабарлады. Алайда пневмония статистикасын коронавирус деректеріне қоспай келеді. Сонымен қатар пневмония статистикасын тек 1 тамыздан бері ғана ұсынды.

Өткен тәулікте коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмонияның 268 жағдайы тіркелген. 1 тамыз бен 18 қараша аралығында 40 488 адамнан коронавирус белгілері бар пневмония анықталған. 421 адам қайтыс болған.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір