• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 07:56:36
Алматы
+35°

Атырау облысының Жылыой ауданында әлеуметтік желілерде оппозициялық белсенді және журналист Жанболат Мамайдың жазбасына "лайк" қойған мектеп мұғалімдері тексеруден өткен. Бұл туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансары Таңатарованың мектеп директорларына жазған хатынан белгілі болды, деп хабарлады azh.kz сайты.

Сайт мәліметінше, хатта аудан басшысы алдағы уақытта белсендінің жазбасына "лайк" қоюға жол бермеу үшін мұғалімдердің әлеуметтік желілердегі парақшасына мониторинг жүргізуді тапсырған. Сонымен қатар, әр айдың соңында педагогтарға мониторинг бойынша есептерді әдістеме кабинетіне тапсыру міндеттелген.

Алайда кейбір мұғалімдер ауданнан келген хатқа наразылығын білдірді.

– Бұл біздің абыройымызды төмендетеді. Сондай-ақ педагогтардың құқықтарын шектейді, – дейді мұғалім Жанаргүл Шарғабаева.

Жанболат Мамайдың өзі  мұғалімдерге арналған осындай ескерту хаттар аудандарда таралып жатқанын және бұл алдағы мәжіліс сайлауына байланысты екенін хабарлады.

Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің айтуынша, бұл хат мұғалімдердің абыройын түсіру үшін емес, ұсыныс ретінде жіберілген.

"Аталған жағдай бойынша аудан әкімі төрағалығымен оның орынбасарлары мен бөлім бастықтарының қатысуымен жиналыс өткізілді. Айта кету керек, мұғалімдер арасындағы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу туралы хат пайдаланушылардың құқықтарын шектеу немесе қызметкерлердің абыройын түсіру үшін емес. Ұсыныс ретінде жіберілді. Алайда мемлекеттік органдар арасындағы ақпараттық хаттармен алмасу процесіндегі кемшіліктер үшін шара қолданылды. Ресми хаттарда жеке тұлғалардың аты-жөні көрсетілгені үшін аудандық білім бөлімінің бастығына қатаң сөгіс жарияланды. Ал аудан әкімінің орынбасары бақылау дұрыс жүргізілмегені үшін сөгіс алды" делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Фото: azh.kz

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір