• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 14:44:58
Алматы
+12°

Райымбек пен Айзат осыдан екі жыл бұрын Латвияға қоныс аударған. Екеуі де Шымкент қаласының тумасы. Алғаш достарының үйлену тойында танысып, көп ұзамай отбасын құруға шешім қабылдаған. Ал шаңырақ көтергендеріне бір жылдай болғанда олар кенет тосынсыйға тап болды: оқу орнына IT мамандығы бойынша тәмамдаған Райымбекке халықаралық компанияның бірінен шақыру хат келеді. Осылайша жас жұбайлар қол ұстасқан күйі 2019 жылы Рига қаласынан бір-ақ шығады. Бүгінде олар қалай өмір сүріп жатыр? Бастапқы кезде  бөтен елде өздерін қалай сезінді. Неден қиналды? Екі жылдан бері өмірлерінде не жаңалық? Осы және басқа да жайттар туралы Айзат Серікбаева Қамшы порталына берген сұхбатында айтып берді.

– Жолдасыма Латвиядан ұсыныс түскенде, қатты қуандым, несін жасырайын. Шетелде өмір сүруді кішкентайымнан армандайтынмын. Алайда өзге мемлекетке бірден сіңісу бізге оңай болған жоқ. Рига бізді суық қабылдағандай күй кештім, келген күні-ақ ағыл-тегіл жылап алған кездерім де болды, – дейді ол.

Айзаттың айтуынша, бастапқыда көшеде жүргенде адамдар өздеріне үңіліп қарайтындай көрінген.

– Алғашқыда бір нәрсе дұрыс емес пе деп ыңғайсызданушы едік. Сөйлегенде де жақтырмайтындай көрінетін. Кейін үйреніп кеттік. Сөйтсек, олар біз ойлағандай жақтырмай емес, бар болғаны  бізге қай тілде сөйлесек екен деп қарайды екен. Қазір тұрмысымыз жақсы. Жалақы Қазақстаннан қарағанда әлдеқайда жоғары, бірақ өмір сүру ақысы да соған сай. Біздің елге қарағанда, мұнда барлығы қымбат, – дейді шетелдегі қазақ қызы.

Айзат Серікбайдың жеке мұрағатынан алынды

Айзат Ригада жұмысқа орналасудың қиын екенін алға тартты. Бір ғана шарты – орыстілділер көп болса да, аталған елде қызметке тұру үшін латыш тілін білу міндетті екен. 

– Латвия ауылшаруашылығы, агроөнеркәсібі өркендеген елдердің бірі. Мұнда азық-түлік (көкөніс, жеміс, ет) өте құнарлы. Одан өзге ауасы таза, орманды жер, саябақтары өте көп. Демалыс күндері Балтық теңізінің жағасында серуендеп қайтуға дағдыланып алдық.

Кемшін тұстары да бар, мысалы латыш халқы қазақтар секілді жылы шырайлы емес. Қоғамдық орындарда әркім өз-өзімен. Әсіресе, автобуста жүктісің бе, қартсың ба оған қарамайды. Орын беру деген түсінік атымен жоқ, – дейді Айзат  

Ригаға көшкен жас отбасының үш айдан соң, Айри есімді тұңғыш қыздары дүниеге келген. Азаматтыққа қарамастан, туу тегін деп естігенімен, дәрігерге қаралу сынды шығындарға 1 млн. теңгедей қаржы кеткен. Алайда қазір ана мен бала тегін мемлекеттік медициналық қызметке қол жеткізген. Тіпті әлі күнге дейін отбасылық дәрігерге тегін қаралады.

Отандасым жергілікті халық бойынан бірнеше өзгешелік байқаған.

Айзат Серікбайдың жеке мұрағатынан алынды

– Әрине, кез келген халықтың өзіне тән менталитеті, мәдениеті бар. Тіл жағына келсек, латыштар туған тілін аса қатты құрметтейді. Тіпті тіл білмейтін бізге өз тілдерінде жауап қайтарғаны таң қалдырды. Ағылшын тілділерді де аз кездестірмейсің. Ал, орысша сөйлейтіндер немесе түсінетіндер – қарт кісілер және орыс ұлтының өкілдері арасында кездеседі. Бізге олардың өмір сүру салты қызық. Біздің елдегі секілді жұрттың сөзі, қонақ үшін үйлерін сәндемейді, шашылып той жасамайды. Олар өз рақаты үшін өмір сүреді. Таза ауада серуендегенді жақсы көреді. 20 градус аяз болса да, қыдырып жүргендерін көресің.Айзат Серікбайдың жеке мұрағатынан алынды

Қазақстандықтар туған елін сағынғанын айтады, алайда біршама уақыт шетелде болғысы келеді.

– Туған өлкемізді, туыс, дос-жаранды сағынамыз. Қазақстанға 2 жыл ішінде бір рет қана бардық. Биыл пандемияға байланысты баруға мүмкіндік болмады. Латвияда вирустың таралуы бойынша ахуал мәз емес. Карантинде толығымен үйде отырмыз. Тек азық-түлік пен дәріханаға барып келеміз. Алдағы уақытта карантиндік шектеулер алынса, Қазақстанға қыдырып қайту жоспарда бар. Алайда елге түбегейлі оралу жағын әлі ойлаған жоқпыз. Мүмкін 1-2 жылда, мүмкін 5-10 жылда. Тіпті басқа мемлекеттерге  де барып көреуіміз мүмкін, – дейді жас жұбайлар.

Айзада Бидан

Айзада Бидан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір