13 Сәуір, 2021 NEWS
Фото: rbc.ru сайты
"АҚШ-тың "оңбаған санкциясының" қырсығынан "Роскосмос" бірталай потенциальды контрактілерден айырылып отыр". Осылай деп Роскосмос басшысы Дмитрий Рогозин мәлімдеді.
– Мен көптеген тапсырыс берушілерді білемін, олар біздің ракеталармен ұшқысы келеді, алайда одан бас тартуға мәжбүр, өйткені космос аппаратындағы комплектілерде "made in USA" деген жазу бар", соған бола олар санкцияға ұшырамас үшін ұшудан бас тартады, – дейді Рогозин.
Кезінде "санкция дегеніміз – бізге тек пайда ғана әкелмесе, еш зияны жоқ" дегендердің бірі осы Рогозин болатын. Оның "Ендеше батутпен ұшыңыздар" деген сөзі тіпті мәтелге айналған еді. Ал қарсы санкция ретінде егер "Энергомаш" ғылыми-өндірістік кәсіпорны АҚШ-қа РД-180/РД-181 қозғалтқыштарын жеткізуден бас тартса, онда "Энергомаш" жылына 10-13 млрд пайдадан қағылатын қаупі бар, бұл – кәсіпорынның жылдық табысының 1/3 бөлігі, сондықтан ол мүмкін емес. Ал контракт 2022 жылы бәрібір аяқталуға тиіс, өйткені АҚШ РД-180/РД-181-ден әлдеқайда тиімді өз қозғалтқыштарын жасап шығарғанын жариялады.
Сондай-ақ Ресей "Керчь бұғазы" атты апаттық-құтқару көпфункциональдық кемесін пайдалануға беру мерзімін тағы ұзартты, себебі санкция салдарынан еуропалық компаниялар тиісті комплектілік бөлшектерін жеткізе алмай отыр. Ресейліктер қанша білдіртпеуге тырысса да санкциялар жұмыс істеп жатыр. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың "Ресей халықаралық сыртқы саудада доллардан бас тартып, ұлттық валютаға көшу жолында әрекет етіп жатыр" деуі – орыстардың өз сөзімен айтқанда "назло бабушке отморожу уши" дегені болғалы тұр.
Қуаныш Еділхантегі
Шолушы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір