• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 20:23:52
Алматы
+12°

Испанияда ірі ресторан жүйесін құрып, табысты болған Дон Монтеро деген кәсіпкер өмірінің соңында қоғамға және мұқтаж адамдарға көмек беріп кетуді ойлайды. Ол панасыз адамдар сияқты киініп, өзі құрған дәмханалардың біріне барады.

Дегенмен дәмханадағы қызметкерлердің әрекетін Монтеро мүлде күтпеген еді.

Менеджер "бомж" сияқты киінген Монтероға дәмханадан жылдам шығып кетуін бұйырды. Ал ол қарны аш екенін, көп уақыттан бері тамақ жемегенін айтып, өтінді. Менеджер оған "алдымен жуынып кел, киіміңді ауыстыр, сосын келіп басқалардың тамақ жегеніне қарасаң болады. Бұл элиталық ресторан, сен сияқты адамдарға кіруге рұқсат берілмейді" дейді.

Монтеро шошып қалды. Ол бұл дәмханаларды барлық қоғамдық статустағы адамдар үшін ашамын деп ойлаған арманын есіне алды. Сөйтті де, басқа қызметкерлер келіп, менің жағыма шығар деп ойлады. Бірақ керісінше болды. Дәмхананың аспазы келіп "Егер қарның ашса, дәмхананың артқы жағына бар, сонда мен кешегіден қалған тамақтарды қоқысқа тастаймын. Сол жерден қарныңды тойдыр. Ол сен өміріңде жейтін ең жақсы тамақ болуы мүмкін" дейді. Дәмхананың күзетшісі оны итеріп шығарып жіберді. Монтероға бұлай болады деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді.

Сосын ол тағы бір дәмханасына барды.  Ондағы менеджер де дәмхананың элитаға арналған дәмхана екенін айтып, кіргізбеді. Монтеро өзінің бұл бизнесінің қай жерінде қате кеткенін ойлап басын қатырды. Менеджмент жағы, сервис, қызмет көрсету жағын өз ойымен саралады. Неге қызметкерлер осыншама дөрекі, құрметсіз болып кеткенін көп ойлады.

Сосын ол ең алғаш ашылған орталық дәмханадағы сенімді серігі Томасқа барып көрмек болды. Томас алғашқы дәмхана ашылғаннан бергі негізгі көмекшісі еді. Ол орталық дәмханаға кіріп, Томасты көрді де, қасына барып, "Менің қарным ашып тұр, азырақ тамақ бересіз бе?" деді. Томас үйсіз адамдар сияқты киінген Монтероны танымады. "Бұл дәмхана саған арналмаған, қалталы адамдарға арналған. Басқа жақтан тамағыңды тойдыр" деді. Монтеро "Мен де бұрын бай болдым. Бизнесім банкрот болып, қазір осындай күйге түстім. Осы дәмхананы құрған адам қайырымды деп естідім. Қарным тоятындай бір тамақ беріңізші, өтінемін" деді.

Үйсіз, тамақ тауып жей алмай жүрген біреудің өзіне ақыл айтып, сөйлеп тұрғанын көріп, мазақтап күлген Томас "Бұл дәмханаға тек табысты адамдар ғана кіріп тамақтанады және кейін бұл менікі болады. Сен маған ақыл үйретпей-ақ қой" деп оны дәмханадан қуып шығады. Монтеро мұны да күтпеген еді. Ол тағы да бірнеше дәмханасына кірді. Бәрінде бірдей жағдай қайталанып отырды. Ең соңында тағы бір элиталық аудандағы аққулар жүзіп жүретін көлдің қасында орналасқан дәмханасына барды.

Бұл жолы да бұрынғыдай болады деп іштей дайындықпен кірді. Бірақ олай болмай шықты. Есіктен кірген соң, менеджер оны көрді де, "Сізге не керек, мырза" деді өте жақсы көңіл аударып. Монтеро қарны ашқанын, тамақ жегісі келетінін, бірақ ақшасы жоқ екенін айтты. Менеджер "Күте тұрыңыз. Орын босасын. Босағанда сізді шақырамын" деді. Монтеро оның айтқаны бойынша сыртта күтті. Бір жарым сағат күткен соң, ол сыпайы түрде дәмханадан шығарып жіберген екен ғой деп кетпек болды. Алайда сол кезде менеджер оны шақырды. Ішке кірсе, дәмхананың бір бұрышындағы үстел дайын болған, үстелдің үсті толған тамақ.

Монтеро тамақ ішкенде менеджер оның қасына келіп отырды да, өз оқиғасын айтты. "Менің атым Мохео. Осы дәмханада жұмыс істегеніме екі жыл болды. Мен бұрын табысты кәсіпкер болдым. Бәрі жақсы болып келе жатқанда көлік апатына ұшырап, әйелім қайтыс болды және апаттан кейін күтпеген төлемдер төледім. Бүкіл жиған, тергенімді саттым. Бәрі жоқ болды. Содан ішімдікке салынып кеттім. Далада панасыз қалдым. Бір күні осы дәмханаға келдім. Дәмхананың иесі маған тегін тамақ беріп қарнымды тойдырды және жұмысқа алды. Содан бері өмірім қайта жақсы жолға түсті. Сен де кезіндегі мен сияқты екеніңді түсініп отырмын. Ертеңнен бастап осы дәмханаға жұмысқа кел" деді. Монтеро бұл жігітті есіне алды: екі жылдың алдында шынымен солай істеген еді.

Сонымен ертесі Монтеро шынымен келді. Бірақ дәмханаға жұмысқа келмеген еді. Монтеро бүкіл дәмханаларға реформа жасау үшін келді. Бүкіл қызметкерлер мен менеджерлерді жинап, адамдарды статусына қарап бағалайтындарды жұмыстан шығарды, ал жақсы қызмет көрсеткендерді жауапты орынға қойды. Бұрынғы сенімді көмекшісі Томасқа да қош айтып, жолға салды. Орнына Мохеоны қойды.

Иә, бұл шын өмірде Испанияда болған оқиға.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Испания дәмхана

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір