• USD 415.12

  • EUR 443.06

  • RUB 7.41

  • CNY 62.21

25 Мамыр, 21:45:51
Алматы
+19°

Үш айға жуық уақыттан бері қамауда отырған қоғам белсендісі, Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай абақтыдан хат жазды. Хатты белсендінің жұбайы, журналист Инга Иманбай facebook парақшасында жариялады. Құқыққорғаушылар саяси көзқарасы үшін қамауда отыр дейдін Жанболат Мамай хатының мәтіні төменде ұсынылып отыр. (Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған).

Демалыс күндері Алматы мен Брюссельде саяси тұтқындардың бостандығын талап етіп, азаматтардың митингіге шыққанын естідім. Қазақстанда бәрі бәз-баяғыдай: cобр қоршауы, әкімшілік қамаулар мен айыппұлдар. Дем партияның белсенділерін тағы да қамады. Менің жұбайым Инга Иманбайды соңғы бір аптада осымен екінші рет ұстап, айыппұл салды. "Жаңа Қазақстан" емес, бұрынғы тас жүрек, репрессивті Назарбаев жүйесі екені көрініп тұр. Сол бұрыңғы қудалау, қамау, айыппұл салу. Мені түрмеге қамағаны аздай, енді отбасы мүшелеріме қол салыпты. Билікте отырған жемқорларға айтарым: өздеріңді ер азаматпын деп қалай айтасыңдар осыдан кейін? Тіпті қанды қол мафияның өзі отбасыға тиіспеу деген кодекспен өмір сүреді. Ал бұл билік қанды қорқаудан еш айырмасы жоқ екенін көрсетіп отыр емес пе осылайша?
 
Ал Брюссельде қазақ белсенділерінің митингке шығып, бізге қолдау білдіргені үлкен жаңалық болды мен үшін. Осы істің бас-қасында жүрген ақиқатшыл журналист, саяси эмигрант Азамат Мамановқа және оның үзеңгілес серіктеріне алғысым шексіз. Елдегі жағдайға жүрегі ауыратын Еуропадағы барша ағайынға рахмет айтамын. Айтпақшы, мені қамауға ұстау мерзімін 3-ші айға созды. Қамауда ұстап, моральдық тұрғыда сындыру үшін. Бірақ бұл биліктің қолынан келмейді. Назарбаев режимі мұны жасай алған жоқ. Енді оның билігінің шибөрілері мұны жасай аламын деп армандамасын.
 
Қаңтар билікке еш сабақ болмағаны қазірден аңғарылады. Қарумен, күшпен халықты басып отыра алмайсыңдар! Саяси реформаның орнына саяси технологияларды пайдаланып, 19 млн халықты алдау да қолдарыңнан келмейді. Бұл бос әурешілік. Нақты саяси реформаларсыз, халықты әлеуметтік қолдаусыз бұл режимнің болашағы болмайды. Реформаны жылдарға созып, біртіндеп жасаймын деуде өтірік әңгіме. Реформалар жылдам, нақты, тоқтаусыз жүзеге асса ғана бір өзгеріс болады.
 
Ал қазіргі қамауларға, қудалауларға қарағанда, барлығы тек сөз жүзінде қалып отырғаны анық байқалады. Бір менің ғана ісімді алыңыз. Ешқандай қылмыс жоқ, дәлел жоқ. Тіпті амнистияға ілініп тұрған бап. Бірақ мені қамап отыр. Еш негізссіз. Жай ғана биліктің озбырлығымен. Заңсыз. Саяси себептермен. Әділетті соты бар, обьективті тергеу органдары жұмыс іститін елде бүл мүмкін болар ма еді? Жоқ әрине. Билік түрмеде ұзақ ұстасақ "кінәсін" мойындап, босатуды жалынып сұрайды деп ойласа керек. Бірақ бұл болмайды. Өз таңдауымды баяғыда жасадым. Түрмеге қамалу мүмкін екенін де түсіндім. Соған қарамастан елде қалдым. Ешқайда қашпадым. Осыны ашық айта аламын.
 
PS. Бостандықтағы барша ағайынға сәлем айтамын. Күрестеріңізді тоқтатпаңыздар. Әділдіктің ақ туы біздің қолымызда!”
Жанболат Мамай
13.05.2022 ж

Жанболат Мамай ақпан айынан бері қамауда отыр. Ол алдымен қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған қаралы митингті ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке, артынша екі қылмыстық іс бойынша екі айға қамауға алынған. Оған  "қарабет" дегені үшін құқыққорғау органы қызметкерін қорлады, несие амнистиясына байланысты "жалған ақпарат" таратты деген айып тағылып отыр. Аталған айыптарға сәйкес, сот кінәлі деп тапса, белсенді 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жанболат Мамайдың жақтастары мен адам құқығы саласындағы беделді халықаралық Human Rights Watch және Amnesty International ұйымдары белсендіні қудалаудың саяси астары бар екенін айтады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жанболат Мамай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір