• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 00:45:47
+35°

07 Желтоқсан, 2015 Саясат

МҮФТИЯТ ПӘТУАСЫНА ӘСІРЕ ДІНШІЛДЕР ҚҰЛАҚ АСПАУДА

Өткен жылы Қазақстан мұсылмандар діни Басқармасы Жаратуышыны «Аллаһ» деп емес, «Алла» деп айтып, жазу керек деп арнайы пәтуа шығарған...

Өткен жылы Қазақстан мұсылмандар діни Басқармасы Жаратуышыны «Аллаһ» деп емес, «Алла» деп айтып, жазу керек деп арнайы пәтуа шығарған болатын. Мүфтияттың жанындағы Ғұламалар Кеңесінің шешімі бойынша "Алла" сөзін "һ" әрпінсіз жазған дұрыс. Өз кезегінде мүфтияттың аталған пәтуасы зиялы қауым өкілдері тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Алайда, кейбір намазхан бауырларымыз діни басқарманың игі бастамасын қолдамақ түгілі оған қарсы болып отыр.

Қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысында «Дін – бірлікке бағыттайды» атты облыстық семинар өткен болатын. Аталған семинарда ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажаұлы имамдардың мүфтият шығарған пәтуаларға салғырт қарап жүргенін сынады. Оның ойынша, мүфтият шығарған кез келген пәтуаны ең бірінші халыққа жеткізетін мешіт имамдары. Сондықтан да, олар өз міндетін мінсіз атқарып, халыққа түсіндіру керек.

Сіздер Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Аллаһ» деген сөзге байланысты арнайы пәтуа шыққанын білесіздер ғой. Осы ретте діни басқарманың пәтуасын имамдар насихаттамаса халық оны қайдан біледі? Шын мәнісінде, мүфтият қандай бір пәтуа шығарса ең бірінші болып халыққа оны Сіздер жеткізу керексіздер ғой. Ендеше күні бүгінге дейін неге Аллаһ сөзін айтып жүрсіздер? Аллаһ деп деп емес Алла деп айту керек деген пәтуа шықты ғой. Сондықтан, бүгіннен бастап ауылдық, аудандық имамдарға хабарлап, түсіндіріңдер. Үлкен ағаларымыз «Абай, Шәкәрім Аллаһ емес Алла деп айтқан» деп дұрыс айтады. Шынында да ата-бабаларымыз Аллаһ деп айтпаған, – деді Ержан қажы Малғажаұлы.

Бас мүфтидің сөзінен аңғарғанымыздай кейбір мешіт имамдары діни басқармасының шығарған пәтуаларына жүрдім-бардым қарап жүр. Өйткені, олар аталған пәтуаға байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек түгілі өздері әлі күнге Алланы Аллаһ деп аһ ұрып жүр. Мүфтияттың шығарған пәтуасына имамдардың өздері бағынбаса, олар қараша халыққа қай бетімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді? Біздің ойымызша, мүфтияттың шешіміне бағынбай әрі насихат жұмыстарын жүргізбеген имамдарда жаза берілуі керек. Мәселен, бір-екі рет ескерту жасалып, осы ескертулерге де құлақ аспаса, оларды имамдықтан аластату қажет. Себебі, мүфтият өздері шығарған пәтуаны өздері орындата алмаса халық алдындағы беделі түсіп кетеді.

Беделден бұрын, қазіргі таңда кейбір әсіредіншіл азаматтар мүфтияттың шешіміне бағынбай әлеуметтік желіде бүлік шығарып жүр. Олардың айтуынша, діни басқарманың пәтуасы ел ішіндегі алауыздыққа түрткі болуда. Сондықтан да, әсіре діншілдер «Абай, Шәкәрімдер Аллаһ деп айтпаған» деген сауатты ұстаным емес деген пікірде. Жайшылықта «Патшаға бағыну керек. Патша Алланың жердегі көлеңкесі» деп уағыз айтатын ол әсіредіншілдер неге мүфтидың пәтуасына бағынбай отыр? Біле білген адамға Ержан қажы Малғажаұлы еліміздегі мұсылмандардың басшысы емес пе? Алайда, «Басшыға бағыну уәжіп» дейтін намазхандардың бір бөлігі мүфтияттың саясатына ашық қарсы болып отыр.

Мұсылмандарға қатысты бір нәрсе бола қалса, ең бірінші болып «ҚМДБ қайда қарап отыр?» деп сынай жөнелеміз. Алайда, еліміздегі ең күрделі мәселеге байланысты Ержан қажы Малғажаұлы арнайы пәтуа шығарып еді, әсіре діншілдер оның шешіміне құлақ аспай отыр. Өкінішке орай, мүфтияттың қолында шешімге бағынбаған азаматтарға жаза қолданатындай ешқандай мүмкіндік жоқ. Әйтсе де, соған қарамастан бізге діни басқарманы сынай салған оңай. Шын мәнісінде, мүфтияттың ел ішінде түсіндіру, насихат жұмысын жасауына әсіре діншілдердің әрекеті кедергі келтіріп отыр. Оның айқын бір дәлелі «Жаратушыны «Аллаһ» деп емес «Алла» деп айту керек» деген пәтуасына құлақ аспау деп есептейміз.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір