Осы аптадағы кадрлық тағайындаулар

/uploads/thumbnail/20170709002235570_small.jpg

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Украина, Грекия және Жапониядағы Елшілері ауысты. Мұнан бөлек, жаңа білім вице-министрі қызметіне кіріссе, жергілікті жерлерде де кадрлық ауыс-түйіс орын алды, - деп жазады ҚазАқпарат.

Сонымен, Самат Исламұлы Ордабаев Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Ол 1958 жылы 13 қаңтарда Алматы облысы Кербұлақ ауданында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1980-1990 жылдары - В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шығыс бөлімінде аспирант, кіші, аға ғылыми қызметкер. 1990-1992 жылдары - ҚазНИИНТИ бөлім меңгерушісі. 1992-1994 жылдары - Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының ғалым-хатшысы. 1994-1996 жылдары - ҚР Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінің басқарма бастығының орынбасары. 1996 жылы - ҚР-ның ТМД қатысушы елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитеттің бөлім бастығы. 1998-2000 жылдары - ҚР СІМ үшінші, екінші, бірінші хатшысы, бөлім бастығы, басқарма бастығы. 2000-2003 жылдары - ҚР-ның Беларусьтағы елшілігінің кеңесшісі. 2003-2004 жылдары - ҚР СІМ ТМД істері комитеті төрағасының орынбасары. 2004-2005 жылдары - ҚР СІМ ТМД департаментінің директоры. 2005-2006 жылдары - ҚР-ның Ресей Федерациясындағы елшілігінің кеңесшісі. 2006-2007 жылдары - ТМД атқару комитеті төрағасының орынбасары - атқарушы хатшысы. 2007-2013 жылдары - ҚР-ның Ресей Федерациясындағы елшілігінің кеңесші-елшісі. 2013 жылдан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болған еді. II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дәрежесі бар. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен ҰҚК Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының алғысымен марапатталған.

Ал Алексей Юрьевич Волков Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне кірісті.

1958 жылы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген А.Волков С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Малайзия Дипломатия және халықаралық қатынастар институтының курстарын бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты. 1996-1999 жылдары - ҚР-ның Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі, кеңесші-уәкілі, Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы ҚР Тұрақты Өкілінің орынбасары (Швейцария Конфедерациясы). 1999-2003 жылдары - ҚР Президентінің Көмекшісі Хатшылығының басшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Кеңсесінің Мемлекеттік инспекторы. 2003 жылдың мамыр айынан 2005 жылдың қыркүйек айына дейін - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2005-2012 жылдары - ҚР-ның Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2012 жылдан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. Төтенше және Өкілетті Елші дипломаттық дәрежесі бар. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен және Польша Республикасы Автокефалдық Православиелік шіркеуінің «Қасиетті Мария Магдалена» орденімен марапатталған.

Ерлан Баударбек-Қожатаев Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Е.Қожатаев 1967 жылы 8 маусымда Тараз қаласында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған, журналист. 1992-2008 жылдары ҚР СІМ-нің аумақтық басқармалары мен департаменттерінде әртүрлі лауазымдарда болды. 2008 жылдан бастап ҚР-ның Сингапур Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. Қазақстан Республикасының Австралиядағы, Жаңа Зеландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарған. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ҚР құрмет грамотасымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

Осы аптада Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев министрлік ұжымына жаңа вице-министр Суханбердиева Эльмира Амангелдіқызын таныстырды.

Э.Суханбердиева 1971 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін, 2006 жылы Халықаралық еңбек академиясын «заңгер бакалавры» мамандығы бойынша, 2009 жылы Халықаралық бизнес академиясын (МВА) «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылдан 2016 жылғы сәуір айы аралығында Астана қаласы білім басқармасының басшысы қызметінде болған. Астана және Алматы қалалары әкімдерінің, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының алғыс хаттарымен, «Ы.Алтынсарин» атындағы белгімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Бекпанов Бақытбек Тұрсынбекұлы Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Бақытбек Тұрсынбекұлы 1980 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. 2001 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетін мемлекеттік және муниципалдық басқару, 2003 жылы Қазақ академиялық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы Қармақшы аудандық қаржы бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 2002-2005 жылдары - Қармақшы аудандық қаржы бөлімінде бөлімше бастығы, 2005-2008 жылдары - Қармақшы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі бастығының орынбасары, 2008-2010 жылдары - Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнің бастығы болған. 2010-2013 жылдары Қармақшы аудандық кәсіпкерлік бөлiмiнің бастығы қызметтерін атқарған. 2013 жылдан осы кезге дейін Қармақшы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.

Арман Шаққалиев Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің (Мәскеу қ.) директоры лауазымына тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтын басқарды.

А.Шаққалиев 1977 жылы Қарағанды облысында дүниеге келді. М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін (стандарттау, сертификаттау және метрология), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін (заңгер), Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін (экономист) бітірді. Сапа менеджменті жүйелерінің сәйкестігін растау жөннідегі сарапшы-аудитор. Халықаралық инженерлік академияның корреспондент мүшесі болып сайланды. Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК бас директорының лауазымында 2008 жылдан бастап қызмет атқарды. Техникалық реттеу жүйесіндегі еңбек жолын «Қазақстан метрология институты консалтинг» ЕМК директоры болып 2004 жылы бастады. Интеграциялық бірлестікті құру аясында 2010 жылдан бастап еңбек еткен жылдары ішінде ол Кеден одағының нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыруға  белсенді қатысты.

Өскемен қаласы әкімі қызметіне бұған дейін ШҚО әкімі аппаратының басшысы болған Ерлан Аймұқашев келді.

Е.Аймұқашев 1970 жылдың 18 наурызында дүниеге келген. Павлодар педагогикалық институтын және Павлодар университетін тәмамдаған. 2000 жылдан бастап мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет атқарып келеді. Павлодар облысы әкімдігінде жұмыс жасады, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көмекшісі болды. 2012 жылдан 2014 жылға дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым бойынша алқа мүшесі (Министр) хатшылығының басшысы болды. Өскемен қаласы әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы қызметін атқарды.

ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың бұйрығымен еліміздің төрт облысында көлік прокурорлары тағайындалды.

Атап айтқанда, Шымкент көлік прокуроры болып Байғонысов Ғалым Омарбекұлы тағайындалды.

Ғ.Байғонысов 1977 жылы туған, прокуратура органында үлкен жұмыс тәжірибесі бар. Ол еңбек жолын 2000 жылы Ақмола көлік прокурорының көмекшісі қызметінен бастады. ҚР Бас прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінде, Қостанай көлік прокуратурасында, Маңғыстау көлік прокуратурасында қызметтер атқарды. Әділет кеңесшісі сыныптық шені бар. 

Ал Маңғыстау көлік прокуроры болып Әшенов Мұхитбек Батырбекұлы тағайындалды. Ол 1980 жылы туған, прокуратура органдарында үлкен тәжірибесі бар. Прокуратура саласындағы еңбек жолын 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастады. Кейіннен Оңтүстік Қазақстан облысы Еңбекші ауданы, Әл Фараби ауданы, Қазығұрт ауданы прокурорының орынбасары, Арыс көлік прокурорының, Жамбыл көлік прокурорының оррынбасары қызметтерін атқарған. Әділет кеңесшісі сыныптық шені бар. 

Жамбыл көлік прокуроры болып Майлыбаев Ерхан Асаубайұлы тағайындалды. Е. Майлыбаев 1977 жылы туған, прокуратура органдарында үлкен тәжірибе жинақтаған. Ол еңбек жолын 1998 жылы Тараз қаласы прокурорының көмекшісі қызметінен бастады. Жамбыл облыстық прокуратурасында, Астана қаласы прокурорының прокурорлық басқармасында қызмет етті. Әр жылдары «Астана-Азия» ЖШС заң бөлімінің басшысы қызметін атқарды, Павлодар қалалық сотының судьясы, Атырау облысы Жылыой ауданы сотының төрағасы болды. 2009 жылы ҚР Бас прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша заңдылықты қадағалау департаментінде бөлім бастығы, Ақтау қаласының прокуроры, Шымкент көлік прокуроры қызметтерін атқарды. Әділет кеңесшісі сыныптық шені бар.

Ақтөбе көлік прокуроры болып Ордабаев Абылайбек Асылбекұлы тағайындалды. Ол 1978 жылы туған, прокуратура органында үлкен тәжірибесі бар. Прокуратура саласындағы еңбек жолы 2003 жылы Орал және Ақтөбе көлік прокурорлары көмекшісінің міндетін атқарушы, Ақтөбе көлік прокурорының аға көмекшісі, Қандыағаш көлік прокурорының аға көмекшісі қызметтерін атқарды. ҚР Бас прокуратурасында жедел-іздестіру қызметі заңдылығын қадағалау департаментінде аға прокурор, бөлім бастығы қызметтерінде болды. Әділет кеңесшісі сыныптық шені бар.

«Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметіне Жанат Жарасов келді. Ол Ф.Дзержинский атындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін бітірген. 2000-2009 жылдардың аралығында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде түрлі басшылық қызметтер атқарды. 2009 жылдың желтоқсанынан 2011 жылдың 23 қарашасына дейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болды. Генерал-майор әскери шені бар. ҚР Парламент Мәжілісінің V және VI шақырылымдарының депутаты болып сайланған.

Батыс Қазақстан облыстық сот әкімшісінің басшысы болып Рахымқұл Айтмағамбетов тағайындалды. Р.Айтмағамбетов 1983 жылы БҚО-ның Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. 2004 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін экономист, 2006 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Сот саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді. 2014 жылдан бері БҚО соты кеңсесі басшысының орынбасары (БҚО соттары әкімшісі басшысының орынбасары) болды.

«Цеснабанк» АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары лауазымында қызмет атқарған Тәжіяқов Ержан Бисенғалиұлы «Цеснабанк» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды.

Е.Тәжіяқов әр жылдары «HSBC Банк Қазақстан» АҚ ЕБ, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ, Қазақстан Республикасының Халық Банкі, «Казкоммерцбанк» АҚ, сондай-ақ ұлттық компанияларда басшылық қызметтер атқарды. 2013 жылдан бастап «Цеснабанк» АҚ-та Басқарма Төрағасының орынбасары, Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары, Банктің бас тәуекелдік-менеджері болып қызмет атқарып келді.

«Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Басқармасының шешімімен Хайрушев Асқар Евгеньевич «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы лауазымында міндетін атқаруға кірісті. Асқар Хайрушевтің телекоммуникация саласында, компания саясатын басқару және анықтау, тиімді маркетингтік, коммерциялық қызметтер, сондай-ақ бизнес-процесстерді құруда көпжылдық еңбек тәжірибесі бар. 1987 жылы Алматы энергетикалық институтын радиоинженер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек өтілін 1987 жылы Алматыдағы арнайы Конструкторлық бюроның бөлім инженері қызметімен бастады. «TNS-Plus» АҚ, «Алматытелеком» ҚТО, «Регул-Телеком+» ЖШС, «Мобайл Телеком - Сервис», «ZTE Қазақстан», «Gilat Satellite Networks Ltds» секілді компанияларда басқарушы лауазымдарда қызмет етті.

 

Связанные Статьи