Қатты жауған жаңбыр салдарынан арнасынан асқан Есентай өзені жағалауды шайып, ондағы жер үйлердің бірінің моншасын күл-талқан еткен, - деп хабарлайды Qamshy.kz informburo.kz – ке сілтеме жасап.
Оқиға 1 мамыр күні түс кезінде болған. Астын су шайған моншаның өзен арнасына құлаған сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде жариялануда.
«Қатты жауған жауын салдарынан Медеу ауданында Есентай өзенінің шығыс жақ жағалауы шайылып кетті. Салдарынан жеке тұрғын үй секторына қарасты шаруашылық ғимараты құлады. Оқиға орнына төтенше жағдайлар басқармасының мамандары барды. Зардап шеккендер жоқ», - дейді Алматы қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұханова.
Естеріңізге салсақ, 29 сәуір күні түнде Алматының Алатау және Жетісу аудандарында қатты жауған нөсер салдарынан бірнеше үй су астында қалған болатын. 30 сәуір күні Алматыдағы Алғабас елді мекенінде де бірнеше үйді су басты. Қарғалы өзенінің арнасынан асуы нәтижесінде су деңгейі 30 см-ге көтеріліп, 59 жеке тұрғын үйдің ауласына су кірген болатын.
Сонымен қатар, құтқарушылар алдағы күндері осындай жағдайдың тағы да қайталанатынын жоққа шығармайды. Қала басшылығы Алғабас елді мекеніндегі зардап шеккен тұрғындарға 100 АЕК (212000) теңге көлемінде қаражат төлейтінін хабарлаған.