Жағымпаздық пен жарамсақтықтың небір мысалдарын айтып жарыс өткізсе, бұрынғы КСРО мен бүгінгі Қазақстан бәйгені шаппай алатынына күмәнданбаймыз. Күн көсем Ленин мен «халықтың әкесі» Сталинді мақтап дастан жаздық, том-том роман туғыздық. Ондай «көсем» мен «халықтың әкесі» кешегі КСРО-мен бірге тарихта қалып қойған жоқ, бүгінге де жетті. Онда да сырттан біреу таңбады, өзіміз жасадық. Дегенмен қазақстандық жарамсақтар мен жалған жарнамашылар бұл мәселеде сол кеңестік «әріптестеріне» де шаң қаптырып кететін сияқты.
Енді тарихқа тереңдемей, нақтылыққа көшсек. Өткен сенбіде Елбасының тапсырмасымен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы жұмыс отырысы өтті. Онда комиссия құрамына енген 74 адамның төрт-бесеуінен басқасы жердің қадір-қасиетін ерекше тебіреніп отырып сипаттап бергенін есепке алмасақ, жерді сатуға, шетелдіктерге ширек ғасырға жалға беруге қарсы еместігін, мұның экономиканы екі қырдың ар жағына апарып тастайтын «көреген» шешім екенін жарыса жеткізді. «Ұлттың сөзін сөйлеп жүрміз» деп күпсінетін қайраткерлер де, қазақ ой-санасының көшбасшысы саналатын академиктер де, елді аузына қаратқан небір шешендердің де негізгі ойлары осыған саяды. «Жермен тікелей жұмыс істейтін», «трактордан түспейтін», «таң атқаннан кеш батқанға дейін соқа сүйреп жүретін» азаматтар ретінде кеңес құрамына енген фермерлер, диқандар мен бағбандар одағы, шопандар мен балық өсірушілер қауымдастығы сынды ұйым өкілдері де өзгелерден қалыспады. Неге қалыссын, жер – солардың тікелей жұмыс объектісі емес пе? «Жердің жайын сұрасаң бізден сұра!» деп тұрып көсілді дерсің. Билік бастамасын қолдаймын деп билікке жаққанымен, өзгеге күлкі болған азаматтар аз болмады ол жолы. Солардың бірі – экс-шенеунік, экс-депутат, бүгінде қолына шопанның таяғын ұстаған шаруа, «Байсерке-агро» агроөнеркәсіптік холдингінің басшысы Темірхан Досмұхамбетов мырза.
«Күлкі болатындай ол не депті?» дейсіз бе? Жерді жекешелендіру мен шетелдіктерге сатудың пайдасы шаш етектен екенін құр айтып қана қоймай, өзінің де осы фермерлік қызметтегі жетістіктерімен де бөлісіпті.
«Мен өзімнің 5000 га жерімнен 50000 га жердің өнімін алып отырмын. Өйткені, менде ғылыми-өндірістік орталық бар, кәсіби мамандар бар. Мен Оңтүстік Кореядан инвесторлар тарттым, олар жылыжай үшін 10 миллион доллар берді. Соның арқасында мен бір ектардан 60-70 келі қияр мен қызанақ алып отырмын. Сиыр сауу бойынша көрсеткіштер де әр сиырдан 70 литрді құрайды. Мұндайды сіздер қайдан көріп едіңіздер. Мұның бәрі инновация!», - деп мақтанған еді Темірхан Досмұхамбетов.
Темекеңнің қияры мен қызанағы туралы айтқандарын қайдам, ал, сиырларының сүттілігі күмән туғызатын сияқты. Оған бірқатар аграрлық сала мамандары да күмәнмен қарайтын сияқты. Мысалы, СҚО мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Александр Макеев мұны естіп ап: «Бұл кісі егер бір-екі сиырдан осындай өнім аламын деп отырған болса, масқара екен», - деп мысқылдаған көрінеді.
Осы облыстағы Фермерлер одағы филиалының төрағасы Нияз Ибраев та Т. Досмұхамбетовтің бұл «рекордына» жағасын ұстаған секілді.
«Сиыр тәулігіне 20 литр, мейлі 25 литр сүт бере алады. 30 литр беретін-ақ болсын. Бірақ, 70 литр сүт, бір сиырдан жеті шелек сүт алу.... Сұмдық!», - депті.
Н. Ибраев «супер сауыншының» бұл айтқанына сенгісі келсе де, Зеңгі Баба түлегінің желіні бұған мүмкіндік бермейтінін айтыпты.
«Сиырдан жеті шелек сүт алу үшін оның үш-төрт желіні болу керек, әйтпесе бұл мүмкін емес!», - депті Н. Ибраев. Шынымен де, Темекең бұл көрсеткішті айтқан кезде сиырдың сүті желінге емес, қарнына жиналады деп ойлады ма екен деген сұрақ туады.
Мамандар егер бір сиыр күн сайын осынша сүт берсе жылына 26280 литр сүт сауылатынын айтады. Бірақ, мұндай көрсеткішке жеткен рекордсмендер әлемде саусақпен санап аларлық қана екен. Әлемдік рекордты әзірге 2004 жылы 365 күнде 30805 литр сүт берген Жулиян деген сиыр бастап тұрған көрінеді. Ресейде бұл көрсеткіш 1973 жылдан бері (19 мың литр) жаңармапты. Бірақ, бұл рекордтардың барлығы нақты бір сиырдың берген сүтіне қарап құралған. Ал, Темірхан Досмұхамбетов мырза бұл рекордын жалпы өнімін әр сиыр санына бөліп шығарса да сиырларына оңайға соқпайтын сияқты.
Рекорд орнатқыш фермердің бұл айтқандарына күмәндана қарауға себеп болатын тағы бір жәйт – оның іскерлік жолы. Темекең шаруалар династиясының өкілі дегенді бұрын естімедік. Ауылшаруашылығы саласында бағын сынап жүргеніне де көп бола қойған жоқ. Тіпті, кейбір азаматтар ол кісінің фермер екенін кешегі Жер комиссиясы туралы теледидар жаңалықтарынан естіп жатыр. Жоқ әлде Т. Досмұхамбетов мырзаның сиыры сүтті болуына оның бір кездердегі Астана қаласының әкімі, спорт және туризм министрі, Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы, президенттің іс басқарушысы немесе парламент депутаты қызметтеріндегі тәжірибесі ықпал етті ме екен?
Әйтпесе, ол кісінің шаруашылығына жауапты директор Алтай Кенжебаев баспасөз өкілдеріне экс-министр айтқан рекордтарға ешқандай да күмән келтіруге болмайтынын айтыпты. Оның «Мұның барлығы нақты сандар. Мұның бәрі компьютерде тіркеледі, көрсетіледі, яғни оны қолдан жасау мүмкін емес», - деген батыл мәлімдемесінен соң сүттің көп болмағы сиырға емес, оны сауатын кісіге байланысты екен ғой демеске шараңыз да қалмайды.
Жомарт Абдоллаұлы