КСРО-ның экономикалық тұрғыдан құлдырау себебіне арналған былтырғы жылғы «Күйреу» атты мақаламызда («Егемен Қазақстан»., «Күйреу», 25.11.15 ж.) соғыс шығындары, жаппай қарулану, соның ішінде аса қымбатқа түскен ядролық қаруларды және оларды орбитаға шығарып, орта (1000-5000 шақырым), құрылық аралық қашықтықтарға жеткізетін зымырандарды шығару ақырында бюджетті ойсыратып, ІЖӨ өсімін тежеу ғана емес, төмен құлдырата бастағанын деректермен көрсеткен едік. Сонымен қатар Ауғанстандағы соғыстың шығындары өлшеусіз зор болғанын және көптеген мамандар дәл осыны КСРО-ны экономикалық тұрғыдан дағдарысқа тіреп, ақыры жер бетінен жойылуына алып келгенін дәлелдеуге тырысқаны туралы да жазғанбыз. Алайда КСРО-ның Брежнев басқарған 1960 жылдың екінші жартысынан 1990-шы жылдардың басына дейін жүргізген соғыстары жалғыз бұл емес еді. Елді өлшеусіз шығындарға батыра отырып, Кеңес басшылары дүниежүзілік қауымдастық алдында КСРО-ны демократиялық билігі жоқ, ойларына не келсе соны істейтін коммунистердің азғантай тобы (политбюро) басып алған соғысқұмар, агрессор мемлекет ретінде таныта түсті. Оның осындай қалпын барлық әлем апат келе жатыр деген мағынада ұғылатын «орыстар келе жатыр» (русские идут) деген құбыжық сөздерге айналдырған еді. Енді сол соғыстарға тоқталып өтейік.
Бейбіт замандағы соғыстар
Брежнев заманындағы алғашқы соғыс 1968 жылы болды. Сол жылдың басында Чехословакия коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып Александр Дубчек сайланған. Ол салғаннан либералдық реформаларды қолға алып, казармалық социализм келмеске кетірген сөз бостандығы, адамның құқы мен еркіндігі, халықтардың бір-бірімен еркін араласуы сияқты мәселелерді шешуді бірден қолға алды. Оның «адамгершілікке бет бұрған социализм» орнатамыз деген ұранын халық қан көтеріп әкетті. Бірақ бұл шешімдер өзі де казармалық социализмде өмір сүріп, елдегі билікті күшпен жүргізіп тұрған, сөз бостандығы, халықтың құқы мен еркі дегенді ауызбен ғана айтатын КСРО-ға ұнамады. Еркін сайлау болса Чехословакиядағы билік басына социализмді қолдамайтын, демократиялық бағыттағы адамдар келетінінен және олар елде ашық жүйе орнататынынан, сөйтіп бұл ел өзіне тәуелді болудан қалатынынан үріккен КСРО басшылары Дубчектың реформаларына бірден қарсы шықты. Алайда халық қолдап тұрған басшыны орнынан тайдыру оңай емес еді, сондықтан қара күшті қолдануға тура келді.
Социализммен бүркенген ұлыорыстық шовинистік саясат Кеңес қаруының жеткен жеріне түгел жайылған. Соның бірі ретінде Словакиядағы грек-католик шіркеуін күшпен жабуды айтуға болады. 1950 жылы КСРО-ның талабымен ол жабылып, православие шіркеуіне айналдырылған. А.Дубчек 1968 жылдың 13 маусымында соны қайтадан аштырып, католиктердің алғысына бөленді. Бұл либералдық демократияның алғашқы, нақты қадамдарының бірі еді. Жаңа басшылық бастаған либералдық өзгерістерге ұлттық озық ойлы адамдары да үн қосып, компартияның осы күнге дейінгі істерін сынап, БАҚ беттерінде пікір алуандығын талап еткен үндеулер қаптап кетті. Жазушы Людвик Вацуликтің манифесі де соның бірі. Оған жүздеген белгілі қоғам қайраткерлері, атақты адамдар қол қойды. Саяси жүйені демократияландыруға шақырған бұл құжаттың идеясы КСРО басшыларының шамына әсіресе қатты тиді...
Ақыры, Саяси бюроның шешімімен шап-шағын Чехословакияға КСРО әскерлері төрт жақтан 300 мың қолмен 1968 жылдың 20-21 тамызында басып кірді. (Тағы бір қанды қырған бола жаздаған 1991 жылғы Мәскеудегі ТЖМК күндеріне дәл келгені көрініп тұр). Соның ішінде «Варшава келісімшарты» бойынша Польшада, ГДР-де, Венгрияда тұрған әскерлермен қатар мұздай қаруланған басқыншы дивизиялар КСРО-ның өз аумағынан жеткізілді. А.Дубчек бастаған Чехословакия компартиясы ОК Саяси бюросының 11 мүшесінің жетеуі бұл акцияны «басып алу» деп айыптайтын үндеу қабылдады. Алайда, ел әскерлері Бас қолбасшы Людвик Свободаның бұйрығымен басқыншыларға қарсы оқ атқан жоқ. Шекараны бұзып кірген 24 дивизия Чехословакияның барлық стратегиялық ғимараттарын басып алды. Елдің басшылары тегіс тұтқындалып, ұшақпен Мәскеуге жеткізілді.
Басқыншылық туралы хабар алған халық митингілерге шығып, оккупанттарға қарсы жиындар өткізіп, баррикадалар тұрғызып, танкілерге жарылғыш заттар лақтырды. Соның нәтижесінде кеңестік 11 әскери қаза болып, 87 жараланды. Чехословак жағынан 108 адам өлтіріліп, 500-ден артығы түрлі жарақаттар алды. Мәскеуде А.Дубчекті биліктен бас тартуға күшпен көндіріп, орнына Густав Гусакты отырғызып, Чехословак лаңы аяқталды...
Бүкіл әлемнің азат жұртшылығы бұл істі айыптап, қарсылық акцияларын, митингілерін жасап, петициялар мен манифестер қабылдады. Социалистік Қытайдың өзі КСРО-ны «социалистік империализм» жолына түсті деп айыптады. КСРО аумағында Ресей, Украина, Балтық бойы республикалары, Әзербайжан, Грузия және т.б. қатар кейбір қазақстандықтар да бұл істі айыптаған. КСРО-ға, соның ішінде орыстарға деген жеккөрушіліктің шектен шыққаны сондай – келесі, 1969 жылы хоккейден Стокгольмде болған әлем чемпионатында чехословактар КСРО-мен екі рет кездескенде де оны қақыратып жеңген еді. Барлық стадион чехословактарды ғана қолдап, гүрілдеп тұрды. Бұл - әлем қауымдастығының айызын қандырған халық кегінің бір көрінісі секілді оқиға болды...
Идеология құрбандары
Тоқырау заманындағы екінші соғыс Вьетнам қырғыны болды. 1965 жылдан басталған бұл соғыс сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы А.Косыгиннің есебі бойынша күніне 1,5 млн. сомға түсіп тұрған. Ол кездегі сомның бағамы доллардан да салмақтырақ екенін ескерсек бұл үлкен шығын. Әрине, бұл соғысты ақтайтындар көп. Сондағы айтатын себептері: қару-жарағы барынша жетілдірілген АҚШ-тың Вьетнамды жаулап алуына жол берілгенін айтады. Іс жүзінде АҚШ Францияның отары болудан азаттық алған елде демократиялық өзгерістер болғанын қалады, ал КСРО-ның көмегін алған коммунистер онда казармалық социализм жүйесін орнатқысы келді. Сөйтіп, әлемдік екі жүйе бейбіт халықтарды қанды қырғынға салды. Коммунистік жолды ұстанамыз деген Солтүстік Вьетнамға КСРО-дан 18 бригададан тұратын екі зенитті-зымыран корпусы енгізілді. Соғыс жылдарында жеке құрам үш рет ауыстырылып, ұзын саны 30 мыңнан артық Кеңес әскері майданға кірді. 1965 жылдан 1973 жылға дейін кең ауқымда жүргізілген осы соғыста Солтүстік Вьетнам 1 млн., Оңтүстік Вьетнам 250 мың адамынан айрылды. Соғыстың негізгі режиссерлері қатарында болған АҚШ 58 мың, КСРО 16, Қытай 1 мыңнан артық адамын жоғалтты.
Сол жылдары колониалды тәуелділіктен енді ғана құтылған елдің басына келген адам, көп білмесе де маркстік идеологияны жақтап сөйлесе болды, нақ осындай әдіспен оған КСРО тарапынан ағыл-тегіл көмек берілді. Соның ішінде әскери техникалар мен қару-жарақтар мүлде тегін, ал қаржылық көмектер тиімсіз өсіммен ұзақ жылдарға берілді. Ешқашан қайтарылмайтын сол қарыздардың есебіне кеңестік әскери-базалар салынып, АҚШ-пен арадағы кикілжіңдер күрделене түсті. Осы жолмен барлық Африка елдерінің жартысынан артығына кеңестік әскери техникалар мен қару-жарақтар жеткізілді. Соның ішінде 1986 жыл мен 1991 жылдар арасында «үшінші әлем» елдеріне 6 мың танк, 10 мың әртүрлі броньды машиналар, 9500 зеңбірек пен жаппай ататын реактивті жүйелер, 2500 әскери ұшақ, 1600 тікұшақ, 50-ден аса ірі және 185 орта дәрежедегі кемелер жеткізілген.
Осынша қару-жарақ пен әскери техника жеткізілген соң оны қолдана алатын адамдарды да дайындау керек қой. Сондықтан мыңдаған кеңестік нұсқаушылар мен аудармашылар Африканың азаттық алған елдеріне қаптап кетті. 1960 жылдардың басында ашылып, Конгоның алғашқы премьер-министрі Патрис Лумумбаның атын алған Мәскеудің Халықтар достығы университеті нақ осы, Азия мен Африканың елдеріне мамандар дайындау үшін ашылған еді. Онда ғылыми бағыттары үйлеспейтін инженер, мұғалім, заңгер, дәрігер, экономист, ауылшаруашылығы мамандарының қатар дайындалуының сыры сонда. Ал П.Лумумба өлтірілгенде оған КСРО-ның 40 шақты қалалары мен кенттерінде көше атаулары берілді. Соның ішінде Қазақстанның Алматы, Шымкент, Өскемен, Тараз қалалары да бар. Не деген шексіз «құрмет» десеңізші? Дарақылықтың бір көрінісі осы.
Жалпы алғанда Брежнев жылдарында Африканың Алжир, Ангола, Ливия, Мысыр, Мали, Гвинея, Гвинея-Биссау, Бенин, Нигерия, Сейшель аралдары, Сомали, Эфиопия, Мозамбик және т.б. елдерінде кеңестік мамандар жылдап жатып жұмыс істеген. Осының үстіне олардың мыңдаған адамдары кеңестік мектептер мен ЖОО-ларынан өткізілді. Кеңестік идеология шетелдіктерге құрмет көрсетуді мемлекеттік ресми саясаттың деңгейіне дейін көтерді. Оларға тек жақсыларымызды көрсетіп, жаманды жасыру да барлық деңгейдегі қызметкерлердің міндеті болды. Мұндайларды көріп жүретін халық олардың ісін анекдоттарға айналдырып, мысқылмен күліп жүретін. Сондайдың бірін ғана еске сала кетейік. Аудандық партия комитетінің хатшысы шетелдік делегацияға колхоз базарын көрсетіп, жетістіктерді оңды-солды мақтап жүреді. Бір кезде шетелдіктер сиыр сатып тұрған бір адамның жанына келіп, оны қаншаға сататынын сұрайды. Хатшы қонақтардың көзін ала беріп мұжыққа «арзандат, арзандат» дейді ысылдап. Ұға қойған мұжық «үш сом» деп тақ ете қалады. Шетелдіктер таңырқап, риза болады. Бірақ мына бағаны естіген өтіп бара жатқан біреу маған сатшы деп жабыса кетеді. Хатшы оған жұдырығын көрсетіп, көзін алайтады. Анау да жағдайды түсіне қойып, жоқ мен сиыр алмаймын, одан да тағы бір сом қосып тауық алайын деп бұрылып кетіпті.
Халық мұндай анекдоттың неше атасын айтып, өкіметтің жасанды қылықтарын айызы қана әжуалайтын. Сондықтан шынайы өмір бір басқа да, кеңестік идеологияның жауынгерлері тарататын өмір салты екінші түрлі болатын. Әрине, мұндайға кеңестік кезеңді көрмеген жастар күлмеуі де мүмкін, олардың анекдоты қазір басқа...
Желге кеткен миллиардтар
Енді Африка елдеріндегі кейбір соғыстарға тоқтала кетейік. Орташа есеппен алғанда Тоқырау кезеңінде Африка елдерінде 100 мыңнан артық кеңестік нұсқаушылар қызмет етіп, олар әскери ұрыстарға да қатысып отырған. Соның бірі Анголада болған соғыс. Бұл ел ұзақ жылдар Португалияның отары болып, 1970 жылдардың басында ғана өз тәуелсіздігін алған. Елдегі билікті қолға алуға Анголаның марксистік партиясы (МПЛА) мен ұлтшылдар (УНИТА) таласады. 1971 жылы МПЛА-ның көшбасшысы Агостиньо Нетоның мақсатымыз - социализм мұраттары деген уәдесін алғаннан кейін-ақ Кремль оларға қару-жарақты үйіп-төгіп береді. Төрт жылға созылған азаматтық соғыста марксистер партиясы КСРО-дан 50 мыңнан артық автомат, 1500 зеңбірек, 100 танк пен броньды машиналарды тегін алыпты. Бұлардың үстіне мыңдаған командирлер, нұсқаушылар мен үйретушілердің еңбекақысы мен оларды ұстаудың шығындарын қосыңыз. Сонда Қазақстан сияқты республиканың бірнеше ауданының бір жылдық бюджетінің шығындары артығымен шыға келеді...
Бірақ осынша шығынның өзімен КСРО Анголада социалистік ел орната алмады. Ұлттық мүддені қолдаған партияны халық көбірек қолдап, азамат соғысы жалғаса берді.
Кремльдік көсемдер бұл мәселені түпкілікті шешуді көздеп 1975 жылдың жазында кеңестік ұшақтармен КСРО қару-жарағымен мұздай болып қаруланған 42 мыңдық қара нәсілді Куба әскерлерін Анголаға енгізді. Заир мен Оңтүстік Африка республикасының (ОАР) интервенциясынан Анголаны қорғау десе де бұл бір мемлекеттің ішкі ісіне араласып, іс жүзінде басып алу еді. Әскердің барлық командирлері Кеңес офицерлері, ал бас қолбасшы кейін КСРО Қорғаныс министрінің орынбасары болған генерал Юрий Максимов болды. Сондықтан бұл Кубаның емес іс жүзінде КСРО интервенциясы еді. Азамат соғысының нәтижесінде социалистік мұраттағы маркстік МПЛА партиясы өкімет басына келді. Ал Куба әскерлері Анголадан тек КСРО тараған 1991 жылы ғана шығарылды.
16 жылға созылған осы Ангола соғысы да КСРО-ның бюджетіне миллиардтаған доллар шығын әкелді. Айта кететін жәйт, осында соғысқан ұлтшылдар мен ОАР-ға қару-жарақ бермек болған АҚШ президенті Д.Фордтың шешімін Сенат өткізбей тастаған екен. Қанша бай ел болса да артық шығыннан олар бас тартқан.
Мозамбиктегі жағдай да дәл осы сценариймен жүргізілді. Елдің астанасы Мапутоны басып алған С.Машел бастаған марксшілдер алайда билікті ұстап тұра алмады. Сондықтан мұнда да кеңестік қару-жарақ, әскери техникамен мұздай қаруланған Кеңес әскерилерінің басқаруындағы Куба әскерлері енгізіліп, елдің азамат соғысына араласты. Бірақ мұндағы соғыс әлі күнге аяқталмай, жалғасып келеді. Ал Кеңес халқы 70-ші жылдардың ортасынан 91-ші жылға дейін осы соғыстың миллиардтаған доллар шығынын көтерді.
Маркстік бағытты ұстануға уәде берген подполковник Менгисту Хайле Мариам бастаған Эфиопиядағы хунтаны 70-ші жылдардың аяғынан 80-ші жылдардың ортасына дейін қолдап, миллиардтаған доллардың соғыс, әскери-техникалық, азық-түліктік, медициналық, ауыл шаруашылық, оқу-білім, құрылыс және т.б. көмектерін жеткізіп тұрды. Мыңдаған әскери және азаматтық мамандардың шығындарының өзі де миллиардтардың үстіне шығып кеткен. Соның бәрі хунтаның кеңестік казармалық социалистік жолын ұстанамыз деген уәдесі үшін ғана жасалған жәрдемдер. Бірақ бәрібір 80-ші жылдардың ортасында сыбайлас жемқорлықтың барынша өрістеуінің нәтижесінде өз елін қайыршылық халге жеткізген М.Х.Мариам билігі құлап, Эфиопия КСРО-ның жолымен жүруден бас тартты.
Осы күндері араб әлемін Кеңес одағы қолдамаса Израиль түгел басып алған болар еді деген тұрғыда әңгіме таратылады. Керісінше Израильді алдымен Кеңес одағы, одан кейін АҚШ қолдаған соң ғана араб елдері оны жер бетінен жоқ қыла алмады. Израиль «алты күндік соғыстан» кейін КСРО-ның Мысырда түпкілікті орнағанын айтады. Шын мәнінде КСРО Мысырда Абдел Насыр билік құрған жылдары ғана болған еді. Истребительді авиациялық дивизия да осында қоныстанып, Мысыр аспанын күзеткен. 1960-70 жылдар аралығында өмірге келген Асуан плотинасы да сол кезде салынды. Экономиканың барлық саласындағы кеңестік көмек үлкен болғанымен оның тиімділігі жоғары болмады. Мысырдың өз экономикасы бұл жылдарда дамудың орнына кеңестік бұғауға белшеден бата берді. Ал А.Насыр өлген 1970-ші жылдардан бастап оның орнына тұрған Әнуар Садат елді кедейшілікке ұшыратқан КСРО-ның социалистік жолынан бойын бірден аулақ салып, АҚШ-тың даму жолына бет алып кетті. Ұзамай 50-ші жылдардың ортасынан бері Мысырда тұрған КСРО әскери күштері мен «мамандары» еш нәтижеге қол жеткізбей шығарылды.
Араб әлеміндегі КСРО-ның сенімді серіктерінің бірі Сирия болды. Елді 1963 жылдан бері кеңестік құрылысқа бағдар алған Арабтың социалистік өрлеу партиясы (БААС) басқарып келеді. Сирияның билігінде отыз жыл отырған президент Хафиз Асадтың тұсында бұл ел Кеңес одағының 16-шы республикасындай болды. Кейбір деректерге қарағанда КСРО мұнда 19 млрд. доллардың экономикалық көмектері және қару-жарағы мен әскери техникаларын тегін берген. Тек 1992 жылғы дерекке қарағанда кеңестік төрт мыңнан артық әскери контингент тұрақты түрде қоныстанған. Қазір олар Ресей туының астында әлі де тұрып жатқанын білеміз.
Ирак пен Никарагуаға да осындай әдістермен көмектер жеткізілді. Ауғанстандағы жағдай туралы бұрынғы мақаламызда айтқандықтан оны қазір қайталамадық.
Бір қызығы «Отан бұйрығымен» осындай қанды қырғындарға қатысқан кеңестік әскерилер мен мамандарға ешкім де ешқандай жеңілдіктер беріп, қолдаған емес. Кремльдегі қасқалардың бұйрығымен өз отанына зияннан басқа пайдасы жоқ тропикалық елдердің ыстығына күйіп, ауруларына ұшырап, зардап шеккен, кейбіреулері тіпті мүгедек болып қалған жандар ешқандай жақсылық көрмей өмірден өтті. Олардың арасында бірлі-жарым қазақтар да кездесіп қалады. Былтыр Қызылордада өмір сүріп жатқан сондай адамдардың бірі туралы әріптесіміз Ержан Байтілес «Егеменге» жазды. («ЕҚ», «Вьетнам соғысына қатысқан қазақ», 23.06.2014 жыл). Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданынан Камбоджаға мақта егуге көмекке барған бір топ жерлестеріміздің Пол Пот жендеттерінің қолынан қаза тапқандығы туралы өзіміз жаздық. («ЕҚ», «Осындай да оқиға болған...», 26.09.07 жыл»). Артынан нақ осы оқиға туралы тарихшы Қ.Тоқсанбаев та жазды. Ондай оқиғалар, бейбіт замандағы соғысқа қатысқандар әлі де болуы мүмкін. Әскерден кетерінде кейбіреулеріне «бұл әскери құпияға жатады, ешкімге айтушы болма» деген қолхат алып, қорқытып тастағандар да болады. Сондықтан ондайлардың көбі аман келгенін басына сауға тұтып, үн-түнсіз жүре де берген...
Ресейде демократиялық мұраттарды берік ұстанған Борис Ельцин Президент болған 1995 жылдың 12 қаңтарында жұртшылықтың қалауымен Алжир, Ангола, Ауғанстан, Бангладеш, Вьетнам, Лаос, Ливан, Камбоджа, Сирия, Мозамбик, Эфиопия және Йемен елдерінде болып, сондағы азамат соғыстарына қатысқан әскерилер мен нұсқаушылардың бәріне «соғыс ардагері» деген құрметті атақ беріліп, олар тиісті жеңілдіктерге қол жеткізді.
Тобықтай түйін...
Өз халқын азық-түлікпен, тұтыну тауарларымен, дәрі-дәрмекпен, сапалы киімдермен, мінсіз қызметтермен толық қамтамасыз ете алмай жатқан КСРО-ға осынша соғыстың, осынша шығынның керегі бар ма еді? Дүниенің бәрі дефицит болып, сауда саласында таныс-білістерің болмаса күнделікті шәйді қоюырақ ішудің өзі мұң болып жатқанда біреуге бәленбай миллиард доллардың көмегін жасау немізді алған еді?
Егер тәуелсіздігін алған кейбір елдердегі демократиялық қозғалыстарды қолдағысы келсе АҚШ-тың байлығы емін-еркін жетіп, тіпті артылып тұрған шылқыған бай-тын. Ал біздің онымен жарысып әлемнің жартысына өзіміздің социалистік құрылысымызды таратамыз деуіміздің өзі «аттымен жарысамын деп жаяудың таңы айырылыпты» дегенге сай келеді емес пе? Экономика жоқ, жалғыз-ақ қарумен жайқағанымызға несіне мәз болдық екен. Қару-жарақты, оның ішінде жаппай қырып-жойғыш зымырандарды ешкім жемейді ғой.
Дінге қатты бас ұрған, ауыздарын Алласыз ашпайтын дәстүрлері өте тереңге кеткен мұсылман елдеріне барып: «біз құдайды жоққа шығаратын атеистерміз, жолымыз социализм, бізге еріңдер» дегенді билік басындағы астындағы тағы үшін қорқатын аз ғана адамдар қолдауы мүмкін, ал қалың халық мың жылда шын ниетімен қолдар ма? Ешқашан қолдамайды, сондықтан КСРО-ның ықпалы азайған сәтте-ақ олардың бәрі социализм жолынан жалт берді.
Айта кететін жайт, КСРО-ның құрғанының өзі классикалық үлгідегі социализм емес, номенклатуралық-бюрократиялық казармалық социализм деген ерекше жүйе екен. Ол тек күшпен енгізіліп, тоқпақпен ғана басқарылып тұрды. Кеңес одағы либерализмге есік ашқанда одан Шығыс Еуропадағы туыс, бауыр, бір мұраттағы, бір мақсаттағы елдерміз деген Польша, Чехословакия, Венгрия, Болгария т.б. басқаларының өзі тұра қашты.
КСРО-ның осындай келеңсіз үлгісінен басқалар бас тартып, өз елін дамытып, өз халқының әл-ауқатын арттыруды ғана ойласа ғой деп ойлайсың кейде. Әсіресе, көрші елдердің соны ескергені жөн-ау. КСРО-ның қылығынан аузы күймейтіндерге таң қаласың... Түрлі елдерде болып жататын азаматтық соғыстарды тоқтату, ішкі кикілжіңдерді реттеу, араағайындық қызмет көрсету халықаралық ұйымдардың жұмысы емес пе? Осыны түсінбей қара күшпен араласқысы келетіндердің қаупі зор. Қазір есікте ХХІ ғасыр тұр емес пе, қанды қасаптардың жойылатын кезі болды ғой. Экономикалық көмек көрсетулер де БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде болып, оның қызметтерінің алдында есепті болуы керек екендігі бесенеден белгілі. Әйтпесе, әліне қарамай біреуге «көмек бергіштер» де көбейіп бара жатыр...

Жақсыбай САМРАТ