Астанада өтіп жатқан Жер мәселесі жөніндегі комиссияның екінші отырысында Еуропа ғылым академиясының академигі, Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім өркениетті елдердің көшінен қалыс қалмас үшін бейбіт митингке тыйым салуды тоқтату керек деді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Қазіргі жағдайды тыныштандыру үшін басшылар болсын, президент болсын, халықтың алдында кешірім сұрау керектігін айтқан Жанұзақ Әкім «Біздің заңдар кеңес заманындағы заңдар сияқты. Өркениетті елдердің көшінен қалыс қалмас үшін митингке тыйым салатын заңдарды алып тастау керек деп ойлаймын. Еуропа елдерінде мұндай шаралар апта сайын өтіп жатады. Бейбіт шеруді халықтың пікірін еркін білдіру амалы ретінде қабылдаған жөн», - деді.
Бұған Бас прокурордың орынбасары А. Кравченко мырза ешкімді заңсыз қудалау болмағанын, алдын ала ескерту жұмыстары жүргенін, заңсыз шеруге ашық шақырған бірнеше азаматтың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Ол отырыс үстінде А.Кравченко заңсыз митингке шақырғаны үшін шамамен 40 белсенді тұтқынға алынғанын мәлім еткен болатын.
Алайда, комиссиядағы құқықтық топ жетекшісі М. Тайжан А. Кравченкомен келіспейтінін алға тартты.
«Мен олардың рұқсат етілмеген митингке шақырғанын түсінемін. Дегенмен, олар оны әлі де жасаған жоқ. Ұстау түн ішінде жүргізілді. Сіз полиция күш қолданған жоқ дейсіз, қолданды, видеосы бар. Ата-аналарының үйіне тінту жүргізді. Осыны түсінесіз бе? Қазір біздің барлығымыз да барынша абай болуға, ұстамды болуға тиіспіз. Мемлекетке ұйымдасқан институт ретінде эмоционалды адамдарға қарағанда зор жауапкершілік жүктеледі», - деді ол ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченкоға қарата.
М.Тайжан Бас прокуратураны тұтқынға алынғандарға қатысты сот шешімін қайта қарауға және оларды мерзімінен бұрын босатуға ықпал етуге шақырды.