МИТИНГ ӨТПЕДІ. БІРАҚ, ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫ БАСЫЛДЫ МА? (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709014045345_small.jpg

Біраз жұртқа уайым болған 21 мамыр да артта қалды. Жалпыреспубликалық наразылық шаралары жоспарланғандай болмай шықты. Митингтен бірнеше күн бұрын ондаған белсенділер тұтқындалып алды әкімшілік қамаққа алынды, кейбірінің үстінен қылмыстық іс те қозғалды. Кешегі митинг жиналған адам саны, ұйымдастыру тұрғысынан қандай да бір кемшіліктерге ие болса, оның басты себебі де сол ұйымдастыруды өз мойындарына алған азаматтардың қамалуында болса керек.

Біздің айтпағымыз ол емес. Митинг – еріккеннің ермегі емес. Ешкім іші пысаннан, айналысатын басқа іс таппағаннан алаңға шықпайды. Алаңға жер тағдырына, ана тіліміздің ахуалына, елдегі басқа да қордаланған мәселелерге алаңдаушылық білдірген азаматтар шықпақ болды. Оларды жөн-жосықсыз айыптау, арандатушы, елдің жауы етіп көрсетудің қалай болғанда да қисыны келмейді. Елбасының жер реформасына мораторий жариялауы, үкімет жанынан осы мәселемен айналысатын арнайы комиссия құрып, оның құрамына бұрын билік айналасына маңайлатпайтын, ресми БАҚ-тан көрсетуге бейресми тыйым салынған біраз азаматтардың енуі – біраз адамның намысына тисе де айтайық, осы елдің Атырау бастап, Ақтөбе, Орал қоштап, мына жағы Семей, мына жағы Қызылорда болып алаңға шыққанының жемісі емес пе? Бүгінгі басшылардың ақылға көнбейтін, тек қорыққанын сыйлайтын бетпақтығы біраз жұртқа бұрыннан мәлім еді, енді тіпті әшкере болды.

Күні кешегі митинг қарсаңында да ел іші біраз әбігерге түсті. Алдымен журналистикада анау айтқандай жолы болмаған соң өзіне «блогер» деген мамандықты теліп алған азын-аулақ «ақылшылардың» аузымен елді біраз «азғыруға» тырысушылық орын алды. «Ойбай, митинг деген жаман. Билік сендерді атып тастайды, арандап қалмаңдар!» деген сол «жанашырлар» мен «ақылшылар» қызды-қыздымен билікті жақтаймыз деп масқаралап алды. Халыққа «Алаңға шықсаңдар қырылып қаласыңдар» дегені қоқан-лоққы ма, жоқ әлде полицияны айыптау ма? Ол әдіс іске аспаған соң, мораторий аясында комиссия құрылып, диалог алаңы ашылды. Бірақ, комиссия құрамындағы аз-маз азаматқа тылдан демеу беретін, ел ішінде белсенді жұмыс істеп жүрген азаматтарға шабуыл басталды. Біршамасы қамалды, айыппұл арқалағандары да бар. Әйтеуір, елді көшеге алып шығады-ау дейтіндердің денін «залалсыздандыру» операциясы 21 мамырдан бірнеше күн бұрын басталып кетті. Соған қарамастан халық алаңдаушылығын білдіріп, алаңға бармақ болды.

Алайда, алаң көңіл ағайын алаңға жете алмады. Астанада да, Алматыда да, басқа ірілі-ұсақты қалаларда стихиялы түрде, ешбір ұйымдастырушысыз алаңға барамыз деген ағайынды полиция кәрі, жас демей тым-тырақай қуып, автобустарға тиеп әкетіп жатты. Алысқа бармай-ақ, Алматыны алайық. Таңғы сағат 10 болмай қаладағы Астана, Республика алаңдарының айналасы тегіс полиция тізбегімен (оцепление) оқшауланды. Онда митинг жасаймын дейтіндер тұрыпты, сол маңайда тұратын тұрғындардың өзі маңайлай алмай қиындық көрді. Полиция қызметкерлері, жедел жасақ жауынгерлері жас-кәріні, әйел, еркек демей дедектетіп сүйрелеп әкетіп жатты. Қоғамдық тасымалмен айналысатын кәсіпорындардың автобустары маршруттан шешіліп, алаң айналасына әкелінді. Ұсталғандарды сиғанын полиция көліктерімен, сыймағанын сол автобустарға тиеп алаңнан аулаққа әкетті. Тіпті, қос алаң орналасқан Бостандық, Алмалы аудандарының полиция басқармаларына ел сыймады ма, Медеу, Түріксіб аудандарына жеткізілгендер болды. мәселен, танымал журналист Гүлжан Ерғалиевамен бірге бір топ азаматты айдаладағы Алатау ауданының Шаңырақ аулындағы ІІБ-ге апарып тастады.

Алып қаладағы сегіз ауданның полициясын түгел әбігерге салған халықтың, шеруге шықпақ болған азаматтардың нақты саны қанша сонда? Мұны дәл басып айту қиын. Себебі елдің көбін Республика алаңына жеткізбей Абай даңғылының Фурманов, Желтоқсан, Абылайхан көшелерімен қиылысқан тұсынан ұстап әкетті. «Астана» алаңына бет алғандар да, үйреншікті «Сарыарқа» кинотеатрының артына жиналамыз дегендер де соның кебін кешті. Бірнеше жерге, кемі 50-60 арысы, 200-250 адам жиналған осындай бірнеше топ күшпен таратылды. Ішкі істер органдары Алматыда ұсталғандар туралы ақпарат таратпады. Полиция басшылығындағы сенімді дереккөз сол күні түстен кейін барлығы 800-ден астам азаматтың ұсталып, полиция басқармаларына жеткізілгенін растады.  

ІІМ-нің әкімшілік полиция комитетінің басшысы Игорь Лепеха осы оқиғаға орай мәлімдеме жасап, онсыз да полицияның заңсыз әрекетіне жабырқаулы халықты одан сайын ызаландыратын сөздер айтты.

«Адамдардың ұсталу оқиғасы өткеніне аз уақыт өтті, сол себепті мен қазір анық санын айта алмаймын, біз қазір жағдайды сараптап жатырмыз. Бір ғана нәрсе айта аламын, елімізде рұқсат етілмеген митингтер орын алған жоқ, полицейлермен қақтығыстар болған жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне жол берілген жоқ. Толық ақпарат кейінірек беріледі», - дейді ол.

Наразы халықтың ешқандай тәртіп бұзбағанын, ешкімнің басы жарылып, көзі шықпағанын, ешбір терезе қирап, ешқандай мүліктің қирамағанын мойындаған Лепеха қанша лепіргенімен қол астындағы жендеттері Алматыда нақты қанша адамды полиция учаскесіне апарғанын атай алмапты.

«Жиналуға әрекет жасалынды, бірақ оның да алды алынды. Мұнда адамдардың саны шамалы ғана болды. Нақты айта алмаймын, шамамен 20-30 адам. Олардың басым бөлігі қарапайым адамдар, митингтің болатынын, оған рұқсат етілмегенін көпшілігі білмеген. Жәй ғана көргісі-тыңдағысы келген» деген сөз мазақ па, әлде шынымен полиция басшысы жағдайдан хабарсыз ба? Бірнеше автобуспен қаланың әр түкпіріндегі «РОВД-ларға» жеткізілген адамдардың саны қалайша 20-30 болады? Әлде И. Лепеха әкімшілік сот шешімімен әкімшілік жауапқа тартылған, айыппұл салынғандарды ғана айтып отыр ма? Олай болған күннің өзінде де түске дейін ұсталып, полиция бөлімшесінен күн бата әзер шыққан, жүздеген адам, олардың қараңғы қапаста өткізген уақыты ойыншық па?

Сонымен, қанша жерден жолын кеспек болса да халық өзінің жер тағдырына әлі де алаңдаулы екенін білдірді. Алаңға жеткізбесе де айтары барын аңғартты. Поицияның да, басқаның да «Елде рұқсат етілген митинг болған жоқ» деп жоғары жаққа есебі халықтың наразылығы басылды, жердің сатылуына, шетелдіктерге жалға берілуіне енді қарсы шықпайды дегенді білдірмейді. Серіппені (пружина) қаншы қысса, оның қарсылық күші де сонша артатынындай, халықтың жанайқайын полиция мен жергілікті әкім-қаралар қанша тұмшаласа да, соңғылардың жеңісі емес. Қайта, алдағы қарсылықтар мен наразылықтардың одан әрі күшейіп, жаңа сипат алуына жағдай жасау деп бағаланады. Елбасының жергілікті жерлердегі өкілдері саналатын әкім-қаралар, құқықтық тәртіпке жауапты органдар осыны ескеруі керек. Бүгініміз тыныш болсын деп, ертеңіміздің ұмытып кетпейік!

Дархан Мұқантегі

Связанные Статьи