Еліміздегі педофилдердің мәліметтер базасы іске қосыла салысымен жанжал туындады. Педофилдер қатарынан табылған Алматы тұрғыны өзін зорлаушылар тізімінен алып тастауды талап етті. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Кенжебек Исламов күн ұзаққа есеңгіреген күйде. Телефоны тыным таппай шырылдап, ер адамның туыстары мен достары оны сұрақтың астына алып жатыр. Олар Кенжебекті педофилдер тізімінен тауып, аң-таң.
“Бұл дегенің нағыз масқара ғой. Менің отбасым, туыстарым, таныстарым бар. Олар не дейді? Балаларымның көзіне қараудан қалдым. Бұл ақпарат қайдан шыққанын түсіне алар емеспін. Менің фотом мен барлық ақпарат енді елдің назарында тұр”, – деп ашуланды Исламов.
Кенжебек өзінің расымен істі болғанын жасырмады. 25 жыл бұрын ер адам сотталғанын, алайда педофилдер қатарында болмағанын алға тартты. Үш жыл отырғаннан кейін оны мерзімінен бұрын босатқан. Ол зорлаушылар қатарынан қалай табылғанын түсінбей дал.
Бас прокуратура ер адамның шағымдарын ести салысымен, тергеуді бастаған. Мекеме ер адамның “топтасып зорлау” бабы бойынша жауапқа тартылғанын алға тартты. Ал зардап шегуші ол кезде кәмелетке толмаған екен. Сол себепті, Исламов қылмыс жасағанына 25 жыл өтсе де педофилдер картасына тап болған.
“Исламов кәмелетке толмаған жасөспірімге зорлық көрсету ісі бойынша жауапқа тартылғандықтан, есепке алынып, бұл интернетте жария етілді. Егер Исламов бұл факті бойынша өзге дәлелді ақпараттар көрсете алса, мәліметтер базасына түзетулер енгізілетін болады”, – дейді Бас прокуратураның құқықтық статистика бойынша комитет басшысы Күлжиян Жақиянова.
Картаға 1991 жылдан бастап кәмелетке толмағандарды зорлау бабы бойынша жауапқа тартылғандар енгізілген. Яғни, барлығы 120 адам тіркелген.
Құқық қорғаушылар мұндай мәліметтерді жария етпес бұрын әр қылмыскердің бүгінгі таңда қаншалықты түзу жолға түскендігі туралы ақпарат жинаған абзал деп санайды.
“Бұл адамдар отбасын құрып, балалы, немерелі болып отырған шығар? Ал бүгінде базаға жарияланып масқара болуда. Меніңше, бұл күрделі мәселе және жан-жақты саралауды қажет етеді. Бұл қылмысқа қайта бармаған тұлғаларды базаға енгізудің қажеті жоқ деп ойлаймын”, – дейді заңгер Рена Каримова.
Ал Кенжебек Исламов болса, өзін базадан алып тастауын және Бас прокуратураның кешірім сұрауын талап етуде. Тіпті сотқа жүгінуге де әзір отыр.
Еске салсақ, ағымдағы жылдың басынан бастап, еліміздің педофилдер базасы құрылды. Ондағы мәліметтерді Комитеттің http://infopublic.pravstat.kz порталындағы «Геоақпараттық жүйелер» бөлімінен интернет арқылы көре алады.