Депутаттар шетелден тағы қарыз алуға қарсы емес сияқты. Сенатор Қуаныш Айтаханов жерді сатып, қаржы жинағанша, шетелден ақша алып, ақсап тұрған ауыл-шаруашылығына берейік деп отыр. Бұл туралы Qamshy.kz 31-арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Бюджеттің жыртығын жамай бермей, өнеркәсіпке қарағанда 23 есе аз инвестиция алатын шаруалар қамына кірісу керек дейді депутат.
ҚУАНЫШ АЙТАХАНОВ, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
- Жерді шетелге жалға бергенше, оны сатып қаржы құйғаннан гөрі шетелден кредит алып өзіміздің кәсіпкерлеріміздің жағдайын көтеруге жердің әлеуетін көтеруге қалай қарайсыз?
Бақыт Сұлтанов бұған ауылшаруашылығы министрлігі жауапты деп сауалды әріптестеріне ысыра салды. Ал өткен жолы мәжіліс мақұлдаған Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынатын 1 млрд доллар қарызды бүгін сенаторлар да "алу керек деп" құптады. Депутаттардан оң дауыс жинап шыққан Сұлтанов журналистерге Қазақстанның қарызы аз, әлі берешек лимитін бұзған жоқпыз деп "сүйінші" сұрағандай болды. Яғни, жалпы ішкі өнімнің 20 процентін құрайтын Қазақстан қарызы 50 пайыздық лимитке дейін бара алады. Ал жыл сайын еліміз қарыз бен несие пайызына 900 млрд теңгеден төлеп отырады екен. Бірақ сенаторлар берешек сомасын есептегенде ұлттық компаниялар қарызын қоса санасақ, қайтарым шарықтап кетеді деп алаңдап отыр.