Жетпіс жасқа келемін бе, келмеймін бе,
Білмеймін,
Білетінім, әйтеуір мен тап әзірге өлмеймін.
Нұрсұлтан жүр «Етемін – деп, – қазақ жерін қазақсыз!»
Ежелгі жау ел болмасын қалайынша көрмеймін?!
Ата жауым –
Әбжыландай,
«Сол» екен ғой,
Көз жетті!
Болашағын қазағымның қазақтарға жерлетті!
Бар әлемнің құзғындарын жерімізге қондырып,
Шоқығанға – қазынамыз, ұстағанға – жер кетті.
Әуел бастан жалаңаштап, қазақтың кең даласын,
Торғайдайын тоздырды ғой,
Қазағымның баласын!
Атамекен жеріміздің кіндігіне жармасып,
Салып жатыр Ақмолада, мола үстіне – моласын...
Жігерлерін жігіттердің жетесінен қайырып,
Тура жолдан бұраң жолға салғанында тайдырып –
Он миллион қазақтардың «қонтайшысы» бір «қалмақ»,
Малша өргізді бір шыбықпен, бар қазақты жайдырып.
Айдаһардың аранына арандатып ұлтымды,
Тұздай құртып жіберудің тапты амалын ұтымды.
Атар таңды асықтырып, неменеге құлшындық?
Шығар деген күнім менің, шықпай жатып, тұтылды.
Құлынымды бауыздауға аждаһа еліне айдап,
Қыздарым да қытайға күң болмақ, соры қайнап.
Жерің тайып табаныңнан,
Көк туың жығылғанда –
Қазағым-ау!
Қай елге қаңғырмақсың «Елім-айлап»?!
Қуаныш МҰҚТАЙ
28.05.16 жыл