ЖЕРДІ ШЕТЕЛГЕ АРЕНДАҒА БЕРМЕЙ-АҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА БОЛМАЙ МА?

/uploads/thumbnail/20170709015907224_small.jpeg

Бүгін Үкімет жанынан құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысы өтті. Өткен сенбіден бері комиссия ішіндегі жұмыс топтары да өзара бас қосы, бірқатар мәселелерді сөз еткен болатын. Комиссияның үш отырысы өткенше, ай да аяқталды. Алайда, жерді сөз еткен 70 шақты адам әлі де нақтылыққа көше алмай отырған сияқты. Көптің наразылығын тудырған жер заңнамасындағы олқылықтарды нақты көрсетіп, оларды өзгертудің жолын іздеу орнына комиссия мүшелерінің дені әлі күнге жердің қадір-қасиеті, қазақ халқының дүниетанымында алатын орны туралы пәлсапалық ойларын тықпалаудан әрі аспауда. Жердің ең қасиетті құндылық екенін қазақ Мырзатайсыз да, Кенжеғалисыз да біледі. Білгеннен соң, сол қастерлі құндылық саудаға салынады дегенде өре түрегелді. Жаппай наразылық танытты. Атыраудан Алтайға дейінгі Алаш баласы түгел атқа қонуға әзір екенін жоғары жақтағылар сезген соң осы комиссия құрылып, даулы заңға уақытша болса да тоқтау салынды. Бұл – даусыз ақиқат. Оны қайта-қайта көтеріп, «Митингінің арқасында комиссия құрылды» деген намысқа тиеді» немесе «Жердің тағдыры – елдің тағдыры! Оны байыппен шешу керек» деген сияқты сөйлеп отырып, жерді жеке меншікке беру, шетелге арендаға ұсынуды қолдап отырған кей азаматтар әлі күнге халықты не толғандырып отырғанын, елдің не үшін наразы екенін түсінбеген немесе түсінгісі келмейтін сияқты.

Йә, ешкім жерді шетелге сатқалы отырған жоқ. «Шетелге сатқалы отырсыңдар» деген де жан жоқ. «Жерді арендаға ғана береміз» дейді кейбіреу жерден жеті қоян тапқандай. Мұның барлығын ел біледі. Кімге, қалай, не мақсатпен берілгелі жатқанын. Алайда, бірді айтып, бірге кететін кей ақсақал жасындағы ағаларымыз жұртты жынды қылу үшін ғана комиссия құрамына енген секілді.

Жерге қатысты нақты екі мәселе бар. Ол – шетелге жалға беру, ел азаматтарына жеке меншікке сату. Міне, көпшілік заңның осы екі нормасына наразы болып отыр. Ал, комиссиядағылар, әр отырыс сайын осы екі түйткілдің орнын ауыстырып, халықты келеке етуге көшкендей. Міне, бүгін үшінші отырыс өтті, олар әлі «Жер шетелге сатылмайды!» деп айқайлауда. Алдыңғы отырыстағы келісім бойынша, бүгін комиссия жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесін қарауы керек болатын. Бірақ, тақырыптан ауытқығандарда есеп жоқ. «Қазақ жер игере алмайды, сол үшін жауапты кісілерге жеке меншікке беру керек» деп өткен отырыста айтылуы тиіс ойларын осында тықпалайды келіп.

Сонымен, ел жердің шетелге жалға берілуіне (мейлі ол шетелдік азаммат болсын, шетелдік компания болсын), ел азаматтарына жеке меншікке сатылуына қарсы. Биліктің оппоненттеріне осы мәселеге орай ұсынып отырған басты аргументі – инвестиция. Яғни, жерді тауарға айналдыру арқылы елге қыруар ақша келеді екен. Әлемдік Уикипедия энциклопедиясы орыс тілінде бұл ұғымға мынадай анықтама беріпті:

«Инвести́ции — денежные средства, ценные бумаги, иное имущество, в том числе имущественные права, иные права, имеющие денежную оценку, вкладываемые в объекты предпринимательской и (или) иной деятельности в целях получения прибыли и (или) достижения иного полезного эффекта». Яғни, пайда табу мақсатымен кәсіпкерлік және басқа да қызмет түрлеріне ақша құю, құнды қағаздар мен басқа да мүліктерді салу дегеніміз – инвестиция. Бұл сөздің осындай анықтама беретінін орта мектептің оқушысына дейін біледі. Инвестиция тартудың да неше түрлі жолы бар. Қазақстан егемендік алған алғашқы жылдары-ақ АҚШ-тан, Еуропа елдерінен, Оңтүстік Кореядан инвесторлар шақырылып, қаншама зауыт-фабрикалар, мұнай, газ, басқа да табиғи кен орындарының жұмысы тоқтатылмай, аман қалды. Білеміз. Тәжірибе бар. Енді сол инвестицияларды бұрын назардан тыс қалып келген ауыл шаруашылығына бағыттау керек екен. Дұрыс-ақ. Бүгінде аграрлық сала өлмейтін салаға айналып отыр. Адамзат баласы барда – ауылшаруашылығы да өміршең. Өйткені, адам тамақ ішуі керек, қоректенуі қажет. Ал, енді сол Қазақстанда ауылшаруашылығын дамыту үшін міндетті түрде жерді шетелге жалға беру керек пе? Билік сөйту керек дейді. Қаржылық саладан хабары бар кәсіпкерлер мен былайғы жұрт олай істеуге болмайды деп отыр. Биліктің бастамасы осы күнге дейін «түсіндірілді», әлі де насихатталуда. Ал, қарсы тарап не дейді? Жерді шетелге жалға бермей де инвестиция тартуға болатындығын немен дәлелдеп отыр?

Айталық, шетелдік бір компания (мысалы, қытайлық) Қазақстаннан аса үлкен көлемде ауылшаруашылық өнімдерін (айталық, картоп) сатып алып, өздерінің ішкі нарығында саудаламақ. Сол үшін бізге инвестиция құюға әзір. Ол инвестицияны қандай жолмен пайдаланатыны, қалай жұмсайтынын қос тарап өзара келісіп жүзеге асырады. Енді осы жерде жерді 25 жылға сол қытайлық компанияға бермесең картоп өспей қалатынына, яки ол картоп шекарадан әрі өтпей қалатынына қандай себеп көріп отырсыз? Картоп алғысы келген қытай кәсіпкері Нарынқолдың кез-келген шаруасына ақшасын берсін. Ол шаруа қытайдан алған ақшасына тыңайтқыш алсын, техникасын жаңартсын, сөйтіп, өзі 49 жылға жалға алып отырған жеріне тұқым сеуіп өнім алсын. Жинаған өнімін келісім бойынша Қытайға жөнелтсін. Қалғаны болса, Алматыға әкеліп сатсын. Болды. Бұл – экономика заңы. Инвестор, инвестиция құятын кәсіпорын, өнім. Үшеуі де бар. Мемлекет қамқорлық танытамын десе, өзі де қаржылай қолдау жасасын. Енді осыны ана комиссияда М. Жолдасбеков, К. Сағадиев түсіндіре алмайтын болса, неше түрлі ауылшаруашылық саласындағы кәсіпорындардың басшылары бар, бизнесмендер бар, солар неге айтпайды? Қарапайым дүниеге бола халықты неге жынды қылады бұлар?

Ал, енді Қазақстан азаматтарына жер сатуға аз-маз тоқталайық. 2003 жылғы Жер кодексі бойынша, ел азаматтары 49 жылға ауылшаруашылық жерлерін жалға ала алады. 49 жыл – аз мерзім емес. Әкесі алған жерге ұлы ер жетіп, егін егетін уақыт. Қажет етсе, бұл мерзімді ұзартуға да болады. Аренда уақыты аяқталуға екі-үш жыл қалғанда мемлекетке өтініш берсе, жерін ешкім тартып алмайды, ұзартып береді. Әрі-беріден соң қыруар қаржы жұмсап жер алғаннан гөрі аренда тиімді. Ал, тыңайту жұмыстарын, жерді баптауды тек меншік иесі ғана жүзеге асырады деу – елді ашық алдау. 49 жыл бойы дені сау шаруа жеріне тыңайтқыш сеппей отырады дегенге кім сенеді?

Осындай жәйттерді ескере отырып, жерді жекеге беру, арендаға беру деген мына бастамалардың артында ешқандай да экономикалық қағидалар емес, еліміздің тұтастығы мен тыныштығына қауіп төндіретін саяси мүдделер, сұрқия жоспарлар жатқан жоқ па деген ойға қаласыз...

Дархан Мұқантегі

Связанные Статьи