Жер комиссиясы келесі жолы Көкшетауда бас қосуы мүмкін

/uploads/thumbnail/20170709015948303_small.jpg

Жер реформасы бойынша қоғамдық комиссияның төрағасы, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев келесі кездесуді Ақмола облысында өткізуді ұсынды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Оның айтуынша, өңірлерде комиссия отырысында айтылған ұсыныс-кеңестерді халыққа жеткізіп, жергілікті жердегі адамдардың ой-пікірлерін жинап алу қажет. «Сосын оның барлығын бір жүйеге келтіру керек. Сол себепті келесі отырысымызды өңірлерге шығуды бастасақ. Көшпелі кеңес дейді ғой. Бәрімізге, 75 адамға (бір жерге – авт.) бару міндет емес. Өзіміз топ-топқа бөлініп, әрбір өңірге баруға болады. Мәселен, бір топты мен бастап барамын. Екінші топты Мұхтар Абрарұлы (Құл-Мұхаммед), үшінші топты Асқар Исабекұлы (Мырзахметов) бастап алып барады. Егер бәріміз 75 адам болып бір жерде жүрсек, (жұмыстың – авт.) берекесі кетеді. Сол себепті кесте жасап, жолға шығып, барлық өңірлерде...мүмкін маусым айында үш-төрт облысты аралап үлгереміз бе. Соңынан бір ақылдасып алып, соңынан шілде айында тағы шығып, ал тамызда келіп, қорытынды жұмысқа кірісеміз. Сонда нағыз шешім болады», - деді Б.Сағынтаев.

Комиссия төрағасы келесі кездесуді Ақмола облысында өткізуді ұсынды. Артынан комиссия топ-топқа бөлініп, арнайы іс-сапар кестесі бойынша өңірлерді аралайтын болады. «Халық та күтіп отыр. Бәрінің қолында Интернет бар емес. Ауылды жерлер Инернетті көріп отырған жоқ енді. Біліп отырмыз ғой. Кешкі жаңалықтан бергенін ғана көреді. Ал егер тікелей сөйлесетін болсақ, басқаша ақпарат беретін едік, басқаша ұсыныс-пікір алып келетін едік. Осыған келіссек, онда біздің жұмысымыз Ақмола облысына шығып, Көкшетау қаласындағы кездесуден бастаймыз», - деп атап көрсетті комиссия төрағасы Б.Сағынтаев.

Осы орайда комиссия мүшесі, экономист Жанұзақ Әкім өңірлерде өтетін комиссия кеңестерін қоғамдық тыңдаулар үлгісінде өткізуді ұсынды. "Бізге теле камералардың алдында жылтырап жүріп, жұмысты қопарып жатырмыз деп көлгірсудің қажеті жоқ. Ауылда мәдениет үйі болса, сол жерге халықты жинап, барлық мәселелерді кеңінен талқылайық"- деді ол.   

 

Связанные Статьи