Есіміміз тізімдер мен тойлардан,
Көрінбеді, ұмытылдық тірідей...
Менсінбеді тойға тойған Ағалар!..
Елсіредім ел ішінде Ағалар?..
Қыр соңымнан ерген өсек зәрі аққан,
Жалалары қасақана таратқан,
Қайда барсам менен бұрын үлгеріп,
Қарсы алдымда күтіп тұрды ыржақтап.
Ал, жүректе жанып жатты жыр маздап...
Ешбір қылмыс жасамай-ақ,ғажабы,
Астаң-кестең сілкімей –ақ, қоғамды,
Жырламай-ақ ажалды,
Төрт қабырға ортасында сенделтіп,
Қайран нардай хас талабым қамалды:
Біреулердің тыншуы үшін үрейі,
Ауырмауы үшін және жүрегі,
Атпал мысым басып тұрар қашанда,
Қалмауы үшін шауқарғалар тасамда,
...Тарттым мен де тартпай болмас «жазамды!»
2016
***
Лас көше...Сасық ауа...кіл тобыр,
Өң-түсінен айырылған аспан да,
Шаңға бөккен тереземдісүртемін,
Ар жағында сол баяғы тас қала.
Сол баяғы...асфальтсыз жол, шу,маса,
Ескі даңғыл,қисық бұрыш,арам жай,
Үй дегені ұқсамайды үйге аса,
Күн дегені қылғып жұтып алардай,
Жыр дегені иен қалған аралдай,
Қазақ іздеп жер түбінен оралғам,
Пана болып жарымаған орман бар.
Алматының –
Аты бүгін –
Ат емес,
Алты Алашты армандатқан заты елес,
Аттап бассаң жат жанарлар,
Жат жерлес,
Обып жатқан жанталасып жан-жақтан,
Кілең кірме,
Кілең ұры,
Жат өңеш.
Жасырынып аранына ашылған,
Жемқорлыққа батқан сайын малшынған,
Есіктердің ар жағында «қашқын» бар,
Бер жағында қанталаған жанары,
Халық атты кек кернеген ашу бар.
Өзгеруден көз ашпаған әлемде,
Өзгермеген бар қалада,
Бар елде,
Сырты-ғажап,
Іші-азап Алматы,
Мен –
және де!
2009
***
Алаң Дүние...
Күллі жұрт
Алаң
Бүгін!
Иең Менмін!
Анаң да,
Балаң Менмін!
Оралғанмын–
Сен үшін
Қара орманым!
Мен сөнбеймін,
Сен үшін
Жанам бүгін.
Алаш аты Ұраным,
Құраным да,
Не жетеді шынында Тұраныма,
Қазақ атын қорлаған
Қылмыстардан
Жауап алмай тынбаймын сұрағыма.
Алаң дүние,
Күллі Алаш алаң бүгін,
Иең менмін,
Анаң да,
Балаң менмін.
Азабымдай тізілген алқа-моншақ,
Ажарымды ашар деп тағам бүгін.
2008
***
Көркей, гүлден!
Өркендей түс отаным,
Ат төбелі топтың қамы, бағы үшін!
Оқымаңдар,
Өлең деген атпал мұң,
Бір үзім нан зар қылғанын айтқанын.
Алтын Орда
Мына бізді туған ел,
Айбынды елдің мұрагері –
Мына Мен,
Ойындар көп,
Қарқ қылған күлкіге,
Ойыншық боп жат қолында,
Жылама ел?!
Шет ел асқан болашағын армандап,
Жастар қайта оралатын күн келер,
Құлақтарға тығындалған айғайлап,
Жел ішінен қажып шыққан кіл ерлер.
Бабалардың аманатын еске алып,
Өз нәсібін сұраса да кінәлі,
Оңашада сырласатын кеш тауып,
Біреу мұңын жырласа да кінәлі.
Тарих мені жеткілікті жылатқан,
Енді қайта тартқызба Алла азапты?
Қазақ деген халықпын мен Жұмаққа,
Айналдыра білген небір тозақты.
Қазақ деген халықпын мен,
Табыттың,
Астынан да көре білген жарық күн,
Түрмеде де құлап жатып қан құсып,
Жұлып алып лақтырған қамытын.
Кәріне де,
Бәріне де төзгенбіз!
Қуғындалып,
Жарты әлемді кезгенбіз,
Соның бәрін көріп-кешіп өткен соң,
Қайта егер басталса отар-зобалаң,
Кім болсаң да
Тыға аламыз көрге біз.
Алаш үшін ұйықтамаған тағында,
Абылайдың қаны бар бұл қанымда,
Бәріміздің
Хақымыз бар!
Ақымыз!
Бәріміздің
Орнымыз бар мұнда!
2011
***
Жүрек бар менде, жүрегің мендей болса адал,
Өзімдей сені мінәжатыма қоса алам.
Әділет менің қорғаным болмағаныңмен,
Мен жалғыз өткен асулар менен белдерде,
Өмірімменен қорғаның болар жол салғам.
Көтерттің бәрін:
Күнәсін,
Өсек,
Жаласын,
Түсінттің бәрін:
Ақымағын да, Данасын,
Сүйінші сұрап,
Қуаныштардың сыңғыры,
Қарсы алып жатты,
Алдымнан мені дара шың.
Ақындарын арқаланбайды қай халық?
Аққуларын атады қалай қандатып ?
Мың жүректі бір жүрекке сыйдырып,
Мен күліп тұрмын еңіреп,
Бақыттан басым айналып!
Бойымды түгел қайғы алып.
***
Ұйықтар едің,
Ол –дағы,
Ұшты-күйлі жоғалды,
Күлер едің,
Күлуге,
Ұқсамады ол-дағы.
...Әл-қуатың шынымен,
Осыменен бітті ме?
Жанартаудай шағыңда,
Неге қаусап құладың?
Қолқаңа жас тығылып,
Неге еңкілдеп жыладың?
Өліп тұрдың сен бүгін,
Жеріп тұрдың бәрінен...
Қасарысып бақсаң да,
Тағдырыңнан амалсыз,
Бірінші рет жеңілдің.
Жүзінші рет шегіндің.
Алдыңда әлі мың атыс,
Шыдадың ба, шыдай түс.
***
Тау басынан бір сұлба,
Қарайғандай болады,
Ымырт шақтың тұсында,
Көрінді де жоғалды.
Қыр астынан зар илеп,
Шыңғырады бір дауыс,
«Мен тірімін,бармын»- деп,
Шулатып сай жыңғылды.
Әлсіз жүрек шерменде,
Әлдекімді күтеді,
Аспаннан да, жерден де,
Іздеп, өксіп бітеді.
Арманымдай ақырғы,
Жан біткенге жар салып,
Аласұрып шақырды,
Жағы талмай қақсанып.
Махаббаттың шарты ма?
Өту, аңсап таба алмай?
Қарайлатпай артыңа,
Жанұшыртқан жалған-ай!
2002
***
Жолым болып көрген жоқ, тегін,тегіс,
Шықтың екен майданға жеңілмеңіз,
Терім менен шерімнің өтеуіне,
Қол жеткенше бәрібір шегінбейміз!
Шегінбе із! Берілме сай-жыраға...
Еріме мұз! Ерісін қайғы ғана...
Жеңілме құз! Жеңілсін жауың ғана...
Егілме қыз! Егілер шағың алда...
2004
***
Біреу келеді...
Бүгін...
Сеземін,
Асығып енеді есіктен,
Қарс айырылған өзегім,
Өксимін мен қуаныштан еркелеп,
Өткіземіз тылсым шақты от құшып,
Таныс тер сіңіп,
Дүниені өрт тербеп.
Біреу келеді!..
Көзіме мөлдіреп жас енеді,
Әлдеқайдан соғатындай жел лебі.
Туған жердің әнін,дәнін арқалап,
Келе жатыр құтқаруға ол жанымды,
Жалғыздықты жоқ қылады ол талқандап.
Ат тұяғы дүбірлеткен даланы,
Түсіме ылғи тау енеді.
Келеді бір жан...Таудай әлем келеді,
Кеудемді кенет шарлай Әуен кернеді,
Жаратқан Ием,
кім болсаң да,кел енді,
Біреу келеді...келеді...
Кел?!
1999
***
...Рахмет!
...Тауқымет!
Мендей боп азаптың,
Ауырын тартып өт.
Мен сені өле іштім,
Басыппын жер үстін.
Кием бар Ұмайдай,
Жерде едім...
Құдайдай!
Безуге тырмысып,
бақсам да,
Безбедің,
Жолыңда қан –сөлсіз,
демігіп, сенделдім.
2004
***
Құдай мені
Қорғай алсаң, қорғарсың,
Орынымнан тұрғызарсың,
Оңдарсың,
Қанталапай тағдыр кештім,қайтейін,
Сенемін ғой,
Атың Құдай болғасын.
Түніңді де жарқыратып,
Күн еткен,
Мұңыңды да шашып, теуіп
Күл еткен,
Тас-талқан ғып қасіретті басынған,
Мен емес пе ем,
Ұшып шыққан түнектен?
Көкке ынтық,
Хас күші бар қанында,
Жаралы Құс ұша алады тағы да...
Аспан мен тау,
Жаным аңсап сендерді,
Ұшып шықтым,
Қону үшін тағыма,
Құлау үшін тағы да,
Сорым менен Бағыма...
2009
***
Рас, оны сүйгеніме өкінем,
Даусың қандай зарлы еді Жетіген?
Менің оған кездесуге асыққан,
Бір сөзім бар...сен жеткізші, өтінем?
Жар салар ем, қалсам-дағы күлкі боп,
Біздің ұлттың ондай ашық ғұрпы жоқ.
Мені осылай өзі отқа салған жан,
Оттан енді құтқаруға құлқы жоқ.
Жүрегіміз жолыққан соң, ән тілеп,
Ай өзіңмен кеткен едім жақын боп.
Мен ерікті болсам да оны сүюге,
Оныменен жолығуға хақым жоқ.
Жетіген-ау, түнді жарып салшы әуен,
Жауын болып бұлтты жарып баршы,өлең,
Мені оған жолықтырған өмір де,
Енді онымен кездесуге қарсы екен.
Толмаған ай...
Солмаған ай...толықшы?
Мен ойынға жаралмағам соны ұқшы.
Мені оған апаратын жол шалғай,
Жете алмаймын,
Жетіген-ау,
Жетіген,
Айта алмайтын әнім бар ед,
Құпия,
Сол әнімді түнді жарып шырқырап,
Мен болып сен жолықшы?
Толмаған ай...
Толғаның жөн...толықшы?!
Шын сүюге жаралған ем, соны ұқшы?
2005
***
Осының бәрінен жалықтым,
Жүрегім соғып тұр не үшін?
Алдына апарып табыттың,
Қайтадан қайтардың не үшін?
Біз үшін мына өмір бүгінде,
Ажалдың жүзінен жылы емес,
Соңында сол болса тынар жер,
Өлімнен басқа жыр жыр емес.
Құныққан,
Дәніккен,
Былыққан,
Рухсыз ғасырдан шаршадым,
Тым ерте тоңдырған суықтан,
Қалды екен әлі де қанша әлім?
Көз жасын саудалап тобырдың,
Ашыққан армандай тойла адам!
Өңеші бітелмес жемірдің,
Түгімен жұтсаң да тойма адам!
Мергенім,
Мүлт кетпей, дәлдеші?
Тек шойын кеудемнен өтер ме?
Тәңірдің болсақ жай әуресі,
Осының бәрі де бекер ме?
2002
***
Кешпейтін кегің бар менде,
Халімді менің хал деме!
Жоғымда менің жылама,
Барымда менің елеме!
Зілмауыр ойдан босатпай,
Қайғымның өзі зілдей-ді,
Сонда да сенен бас тартпай,
Жаңбырсыз кеште күлгем-ді.
Мысымды басып тұратын,
Зарпыңның сонша басқаны-ай,
Астында қалсам сынақтың,
Төгілмей шыдар жас қалай?
Ұша алмай қалдым, жер тіреп,
Қара жер сенен қаша алмай,
Құс едім аппақ қанатты,
Адам ғып неге жаратты?
Құс болып кетпек болып ем,
Ана жер тартып баратты.
Шаттықтан басым айналып,
Үрейден босап,жайланып,
Қош айтып түнек,тұманға,
Жарыққа шығар күн бар ма-ай?
Қайғысыз, қамсыз бұлаңдап,
Жүретін сол бір күн қайда-ай?
***
Туған Ел бізді ұмытты,
Туған жер бізді ұмытты,
Әкемнің нені көргенін,
Білемін неден өлгенін.
Жар салдым мен де жаһанға,
Әлемге,елге,отанға,
Айбарым жасқап жасынды,
Безінді зауал, заһар да!
Сарғайып таңдар атқанда.
Қызарып күндер батқанда,
Әділет үшін өлгендер,
Түрегеліңдер көрлерден.
Атойлап шығам деп сенгем,
Бораған жауға белсенген,
Есемді алам мен сенен,
Өшімді алам шер сенен.
Өзегім өрт пе, нала ма?
Нала ма, әлде, жара ма?
Сене алсам өлім барына,
Сенейін қалай жалғанға?
2011
***
Бұра тартқыш жақынға,
Тек сенікі мақұл ма?
Қарамай ру,жеріме,
Менікін де мақұлда.
Ұлтсыз қоғам,қоғам ба?
Бірлігімді тонама,
Сойылыңды жат жұртқа,
Бірге арнайық онан да.
Тәңірсінер далаға,
Тау сенікі ғана ма?
Салқындатпас араны,
Сезім керек санаға.
Отан атты панамыз,
Той тойлатпа алауыз,
Өгей туған жоқ шығар,
Қазақ атты анамыз?
Мың түссе де табытқа,
Бір түспейтін қалыпқа,
Қайтсем перзент бола алам,
Есеймейтін халқыма?!
2002
***
Жүректерді жылата алар сен ғана,
Жылатып ап жұбата алар сен ғана,
Жұбатып ап жылатар да сен ғана.
Безіндіріп мына жалған дүниеден,
Өлім болып тыңдататын сен ғана,
Өлтіріп ап қайта әкеліп дүниеге,
Өмір болып үн қататын сен ғана!
Соның бәрін көтеретін Жер ғана,
Соның бәрін ұқтыратын Шер ғана,
Тыңдап тұрып зарлы үніңді сонарда,
Жылап тұрып, күле алатын Мен ғана!
...Қобыз!
2002
***
Жақсыға жар шағым,
Құшақтап зар сағым,
Жазықсыз таланып,
Мен аға,шаршадым.
Сезіммін егілген,
Төзіммін желінген,
Жеңілдім сенімнен,
Бөліндім елімнен.
Кірмемін налыған,
Түрмемін жабылған,
Аяқпын қаңғыған,
Басынан шабылған.
Ауырмын өмірден,
Кесілген белінен,
Тәуірмін өліден,
Әрімін өлімнен.
Азаппын өзіме,
Ғажаппын сезімде,
Алтынмын көмілген,
Мазақпын жезіне.
Даламын аңырған,
Алаңмын сан ұрған,
Қорғансыз, ормансыз,
Баламын қаңғырған.
Күн бұлтты,
Ай ықта,
Айналмай ғайыпқа,
Талпынсам айып па?
Айтшы Аға, осы өмір,
Маған, рас, лайық па?
2002,2008,2010.
***
Мерейімнің үстемдігін сұраған,
Мені құптап жүретұғын бір адам,
Қарыз болмай қала аламын мен қалай?
Бағың өсіп,қайғың кеміп,жүр аман.
Қаныпезер кез алғанда алқымға,
Қаңсырасам саялатып салқынға,
Мен дегенде құрақ ұшып жүретін,
Басымды ием әділетті қалпыңа!
Жиырылып, иткөзденіп,жан-жағым,
Батқан шақта жазығы жоқ арға мұң,
Мейірімін қорғаныш қып сыртымнан,
Жүрген жанның кеңдігіне таңғалам.
Жыртық-жамау көңілімді құраған,
Сенің арқаң аман қалсам құлаудан,
Мендейлердің жебеп жүрсін алғысы,
Мың наданнан құны артық Бір Адам!
2003
***
Сені көру қандай қиын,қандай бақ,
Өмір де емес, өлім де емес бар сағым,
Қасіретімді түсінбейтін жанды ойлап,
Зая болдым қаншама күн,қанша түн.
Сені көру: неткен әуре,неткен сор,
Төпелетіп тас төбемнен төкпе қар.
Бәрі кенет біткен күні сен мені,
Тапсырып кет күйген күнге шөлдегі?
2002
***
Жан алауын жақтым қайта көнерген,
Тән қамалын бұздым қайта кезерген,
Орынымды берер едім қитықсыз,
Лайық бола алмайсың-ау, өлермен?
Кешірмейтін соқтыққанды сорып қан,
Мен өзімнен бала кезден қорыққам,
Жігіттердің шала жанған отына,
Түспей жатып сөнетінім сондықтан.
Құшағына орай кетсе алып мұң,
Қарсы біткен болмысыма жауықтың.
Алдамшы ойға еліктірмек көздерге,
Жақындамай жатып бірден жалықтым...
2005
***
Отқа шомып,батып кетті әне күн,
Қолым бұлғап қала бердім мен тағы,
Кеш түсе сап,жалғады ескі әдетін,
Қыр соңымнан қалмай ерген әлдекім.
Әлдекімнен сұрағым кеп жүреді,
Қай соққанның жандайшабы екенін,
Жасырылған қолында тас күрегі,
Біреу үнсіз ту сыртымда тұр еді...
2003
***
Бір жанашыр қалмаған ба,шынымен,
Қалай ғана байқамағам мұны мен,
Ұғыспауы мүмкін емес ешкімнің,
Өмір зарын мендей кешкен мұңлымен...
Сәл жылулық жетер еді сәл ғана,
Керегі не!
Керегі жоқ дәл баға!
Жуандар жүр көтере алмай қоң майын,
Қаршадай қыз қабылдаса нән нала.
Бір аз ғана...тұра тұрсам күн көріп,
Разымын жырлап алсам үлгеріп,
Қорықсаңдар өздеріңнен жөн еді,
Қорықпаңдар кетіп қалам түнге еріп...
2003
***
Сор іздесең самсап тұрған сор да бар,
Сордан қашсаң самсап тұрған ойға бар,
Оң жағымда сұлап жатқан жолдар бар,
Сол жағымда Сібірге айдар орман бар.
Қола ғұрлы көрмесе де, амал не,
Қадірі жоқ алтын едік қолда бар.
***
Тәттіден де, ащыдан да айныдым,
Бар жиғаным құнарланған қайғымын,
Сендік байлық аман қалмас бір жұттан,
Менің Рухым- Менің ұлы байлығым.
Сол байлықтың кенін қаздым көз ілмей,
Хас батырға біткен қайыс төзімдей,
Төңіректі тік тұрғыздым патшадай,
Һәм сезініп күшімді бас уәзірдей.
Жана алмасаң, ойнамағын жасынмен,
Міне жүрек!
Құшағыңа ал, Асыл ел?
Арманым жоқ,
Алаш кешкен азапты,
Тарих менің жуып тұрса жасыммен!
2002
***
Сен жараттың!
Сен өсірдің Тәңірім!
Құдірет-күшің
Бас игізген барлығын.
Құтқаратын жетті емес пе,
Уақытым?
Көр түнектен,
Босап шығар тағдырым?
Неге қандас еттің екен кер елге,
Неден мұнша қарғысты едің қазағым?
Елім бар деп сендім екен мен неге?
Неге оңынан түспеді Хақ назарың?
Нені ектім?
Неге жеттім?
Не ұқтым?
Қанша ұмтылып,
Қанша ұтылып,
Не ұттым?
Қаңғып қалған,
Қалжыраған жаныммен,
Сені іздеп жүргенімді енді ұқтым.
Тағдырым бар сарғайып күн, таңы атқан,
Мен құлыңмын,
Көз жасынан қан аққан,
«Лә-Илла!»-лап,
Ұйықтап кетсем, бір күні,
Мұсылман деп,
Қабыл алшы Жаратқан?
2003,2010
***
Ақсұңқар АҚЫНБАБА